Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мемлекеттік идеологияның өзегі ретінде белгілеп, оны жүйелі түрде іске асыру бойынша Үкіметке және тиісті органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Президент тапсырмасында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті дәріптеу мәселесі маңызды орын алады. Бұл жастардың өз елінің тарихын, дәстүрін, тілін құрметтеп, оны сақтап қалуға деген жауапкершілігін арттыру үшін аса қажетті. Ұлттық тәрбие жастарды патриотизмге тәрбиелеп, олардың отан алдындағы борышын түсінуге ықпал етеді.
Президенттің ұлттық құндылықтарды нығайту мен насихаттауға қатысты негізгі тапсырмалары мен бағыттары бойынша Кентау қаласында әлеуметтік-мәдени саланы дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қаланың экологиялық ахуалын жақсарту аясында жүйелі жұмыстар қарқынды жалғасуда. Осы орайда Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті.
Салмақты басқосуға қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімі аппаратының басшысы, ауыл әкімдері, сондай-ақ дербес бөлімдер мен мекеме басшылары толық құрамда қатысты. Аппараттық жиынның күн тәртібінде екі өзекті мәселе кеңінен қаралды. Алғашқы мәселе бойынша қалалық «Руханият орталығы» МКМ басшысы Әділбек Қайырбеков баяндама жасап, мекеменің бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Баяндаманы тыңдаған шаһар басшысы Жандос Тасов: «Орталықтың жұмысын жүйелі түрде ұйымдастырып, оның қоғамдағы ролі мен маңызын арттыру қажеттігін баса айтты». Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың бойында отансүйгіштік, патриотизм және бауырмалдық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тағылымды іс-шаралар көлемін еселеп арттыруды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық «Жасыл қала» МКК басшысы Мақсұт Гайруллаев сөз алып, қала аумағындағы күзгі ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді. Қала әкімі шаһардың жасыл қорын көбейту жұмыстарының сапалы әрі жоспарлы жүргізілуіне баса назар аударды. Осы бағытта мекеме басшылығына бірқатар нақты міндеттер жүктелді. Қаладағы ағаштардың жай-күйіне ұдайы тексеру жүргізіп отыру, қураған және жарамсыз болған талдардың орнына жаңа, сапалы көшеттер отырғызу және қала көшелерінің жасыл желегін көбейту және абаттандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен, қарқынды жүргізу қажеттігі айтылды.
Жиын соңында қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы барлық жауапты басшыларға берілген хаттамалық тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді қатаң ескертті. Шаһар басшысы барлық салалар бойынша жұмыстарды ырғақты түрде жалғастырып, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қала инфрақұрылымының жағдайын үздіксіз жақсартуды тапсырды.

