Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде алтын құрсақты аналарды ұлықтау, мемлекеттік марапаттарды салтанатты түрде табыстау және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бүгінде елімізде 78 260 ана «Алтын алқа», 156 804 ана «Күміс алқа» мемлекеттік наградасының иегері. Сондай-ақ, бұрын берілген «Батыр ана» атағы мен «Ана даңқы» орденінің иелеріне де жәрдемақы төленеді. Жалпы, 1 шілдедегі мәлімет бойынша, осындай мемлекеттік қолдауды 248 674 адам алып отыр. Бұл – елдегі көпбалалы аналарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың ауқымын аңғартатын маңыздыы көрсеткіш.
Бала – отбасының ғана емес, елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі. Демек, жас ұрпақтың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсіп, сапалы білім алып, алаңсыз өмір сүруіне тұтас қоғам жауапты. Ал, дүниеге көп нәресте әкеліп, оларды тәрбиелеп, қатарға қосып отырған ақ жаулықты аналардың еңбегін ерлікке бағалауға болады. Осы еңбекті мемлекет «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» сияқты жоғары марапаттар арқылы бағалап, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.
Осының бір айғағы, Кентау қаласында ана мен баланы қорғау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ тәрбиелеп отырған аналардың еңбегін елеу бағытындағы салтанатты іс-шара өткізілді. Бүгін Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаланың бірқатар көпбалалы аналарымен арнайы кездесті. Кездесу барысында қала әкімі аналардың қоғамдағы айрықша орнына тоқталып, өнегелі де сапалы ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті. Шаттық пен ізгілікке толы жүздесуде шаһар басшысы ел болашағын қалыптастыруда, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді сақтауда аналардың рөлі орасан зор екенін жеткізді.
Салтанатты жиынның негізгі бөлігінде Жандос Қалмырзаұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ардақты аналарға жоғары мемлекеттік марапаттарды табыс етті. Саналы ұрпақ өсіріп, отбасын ұйытып отырған бірқатар көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары салтанатты түрде тапсырылды. Марапаттау рәсімінің соңында қала әкімі салтанатты шараның марапат иелерін шын жүректен құттықтап, олардың отбасыларына амандық, дендеріне саулық, шаңырақтарына құт-береке мен мол бақыт тіледі. Кентау қаласында ардақты аналарға құрмет көрсету, олардың әлеуметтік жағдайын қолдау және отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.

