Қазақстанда мекиепке дейінгі білім беру саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдаулары мен Үкімет алдындағы тапсырмаларында балабақшалардың қолжетімділігін арттыру, білім сапасын жақсарту және тәрбиешілерді қолдау мәселелерін үнемі көтеріп келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары Кентау қаласында мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту, балаларды сапалы тәрбиемен қамту және ата-аналарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы кешенді жұмыстар қарқынды жүргізіліп, жүзеге асуда. Қалада мектепке дейінгі ұйымдарға деген сұранысты өтеу мақсатында мемлекеттік қолдаумен қатар жеке инвестицияларды тартып, жаңа білім беру нысандарын салу ісіне айрықша маңыз беріліп отыр.
Осы орайда, қазіргі таңда Кентау шаһарында жеке инвестордың қаржысы есебінен 300 орындық заманауи балабақшаның құрылысы белсенді жүргізілуде. Құрылыс барысының сапалы әрі бекітілген талаптарға сай орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласының әкімі Жандос Қалмырзаұлы Тасов арнайы құрылыс нысанына барып, жұмыстардың барысымен жақыннан танысты.
Нысанды аралау барысында қала басшысы құрылысқа жауапты мердігерлер мен инвестор өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыс жоспарын талқылады. Қазіргі таңда ғимаратта жүргізіліп жатқан негізгі процестер барысы, заман талабына сай бой көтеріп жатқан ғимаратта ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысан барлық қажетті коммуникациялық жүйелермен, атап айтқанда сапалы ауыз сумен, үздіксіз электр энергиясымен, табиғи газбен және кәріз жүйелерімен толықтай қамтамасыз етілген.
Аталған білім беру нысанының құрылыс жұмыстары 2027 жылға өтпелі болып жоспарланған. Сондықтан жұмыс сапасы мен кестесі тапсырыс берушілердің қатаң бақылауында тұр. Жоба іске асқаннан кейінгі күтілетін оң өзгерістер жайында тарқатсақ, балабақша толық пайдалануға берілгеннен кейін 300 бүлдіршін заманауи мектепке дейінгі тәрбиемен және сапалы оқытумен қамтылатын болады. Жаңа балабақша қала тұрғындарының мектепке дейінгі мекемелерге деген сұранысын едәуір азайтып, балабақша кезегін азайтуға үлкен септігін тигізеді. Шаһарда білім беру саласына инвесторлардың қаржы құюы өңірдегі мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің оң дамып келе жатқанын көрсетеді.
Нысанның құрылыс барысын жіті бақылаған қала әкімі Жандос Тасов жауапты мекемелер мен мердігерлерге жұмыстарды бекітілген құрылыс нормаларына сәйкес, сапалы әрі бекітілген мерзімде жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, шаһар басшысы құрылыс алаңындағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы шараларын қатаң сақтау қажеттігін баса айтты. Бұл заманауи балабақша келешекте қала бүлдіршіндерінің жан-жақты дамуына арналған жайлы да қауіпсіз мекенге айналмақ.

