Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерді көркейту, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және тұрғындарға қолайлы қалалық инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қала аумағында және ауылдық округтерде құрылысы мен абаттандырылуы жүріп жатқан инфрақұрылымдық нысандарды арнайы аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап шықты.
Бүгінгі таңда шаһар орталығының эстетикалық келбетін жақсарту және автокөлік иелеріне жайлы орта қалыптастыру бағытында маңызды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Кентау қаласындағы Яссауи даңғылы бойында орналасқан автотұрақ орындарын бекітілген заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы 180 метрді құрайды. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде қала тұрғындары мен қонақтарының автокөліктерін қауіпсіз, реттелген әрі қолайлы жағдайда орналастыруына толық мүмкіндік жасалмақ.
Қала ішілік жолдармен қатар, қалаға қарасты ауылдардың жол-көлік желісін дамыту да басты назарда тұр. Қарнақ ауылындағы Түркістан – Ш.Қанайұлы көшелерінің қиылысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында айналмалы қозғалыс бөлігін абаттандыру және көліктердің қозғалыс бағыттарын реттеу жұмыстары белсенді атқарылуда. Бүгінгі таңда бұл нысанда сапалы асфальт-бетон жабынын төсеу процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында жоба аясында арнайы жаяу жүргіншілер жолдары да қарастырылған. Құрылыс барысымен жеке танысқан қала әкімі Жандос Тасов жауапты мердігер мекеме өкілдері мен сала мамандарына жұмыстардың белгіленген стандарттарға сай, сапалы әрі бекітілген мерзімде толық аяқталуын тапсырды.
Жүргізіліп жатқан бұл кешенді жұмыстар көліктердің іркіліссіз қозғалысын ұйымдастыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жол қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындар үшін заманауи да қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Қала мен ауылдарды абаттандыру жұмыстары бекітілген жоспарға сай өз жалғасын табады.

