Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде жол инфрақұрылымын жақсарту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда, қаланың көріну мүмкіндігі шектеулі, күрделі бұрылыстары бар көшелеріне арнайы жол сфералық айналары орнатылды.
Ауқымды қауіпсіздік шаралары қала ішіндегі және ауылдық елді мекендегі ең өзекті жол тораптарын қамтыды. Сфералық айналар орнатылған негізгі учаскелер — Гагарин – Жамбыл көшелерінің қиылысы, Төле би – Әлімқұлов көшелерінің қиылысы, Уәлиханов көшесі бойы және Хантағы ауылының Рысқұлбеков көшесі.
Жолдың сфералық айналары көру аймағын айтарлықтай кеңейтуге арналған заманауи инженерлік құрал болып табылады. Олардың дөңес пішінді ерекше құрылымы жүргізушілер үшін бірқатар артықшылықтар береді. Мәселен, дөңес пішінінің арқасында айналар 160 градусқа дейін кең панорамалық көріністі қамтамасыз етеді. Жол қиылыстары мен ғимараттар тасасында калып қоятын «көрінбейтін аймақтардың» көлемін барынша азайтады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жасырын қауіптерді, жақындап келе жатқан көліктерді уақытылы байқауға мүмкіндік береді. Жолдың шұғыл бұрылыстары мен көрінуі қиын күрделі учаскелерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға тікелей ықпал етеді.
Кентау қаласында аталған сфералық айналарды орнату – жол қозғалысы қауіпсіздігін сапалы жаңа деңгейге көтеруге, жүргізушілердің көріну мүмкіндігін жақсартуға және барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы мұндай жаңашыл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

