Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендердің, әсіресе ауылдық аумақтардың әлеуметтік-эеономикалық жағдайын жақсартуды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Бұл бағыттағы тапсырмалар негізінен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және жергілікті экономиканы ынталандыруға бағытталған. Негізгі тапсырмалары мен олардың іске асырылу бағытында «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» ауылдық жерлерде қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды көздейді.
Осы орайда, Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, ауылдарды көркейту және халыққа жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды жалғасып жатыр. Қала әкімі Жандос Тасовтың нақты тапсырмасына сәйкес, Хантағы ауылының инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру шаралары басты назарға алынған.
Ауылдық аймақтардағы жол сапасын арттыру мақсатында Хантағы ауылында жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылысы барысында бекітілген талаптарға сай көшеге сапалы асфальт жабындысы төселіп, көлік қозғалысына заманауи да қолайлы жағдай жасалды. Мәселен, жаңадан төселген асфальт ауыл тұрғындарының күнделікті ары-бері қатынауын айтарлықтай жеңілдетті. Түзу де тегіс жол жабыны жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалуына және автокөліктердің кедергісіз, қауіпсіз қатынауына берік негіз болды. Шыңылтыр да шаңсыз жаңа жол көше ажарын кіргізіп, ауылдың эстетикалық келбетін арттыра түсті.
Ауыл инфрақұрылымын жаңғырту шаралары өздігінен емес, халықпен тығыз байланыс орнату арқылы жүзеге асырылуда. Жауапты бөлімдер тарапынан ауыл тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары ескеріле отырып, жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Қала әкімдігі тарапынан Хантағы ауылын одан әрі көркейту, жолдарды орташа жөндеу және халыққа жайлы инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

