— Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде сапалы жол инфрақұрылымы мен қауіпсіз транспорттық қатынастың маңызы өте зор. Бүгінгі таңда қалада автомобиль жолдарын дамыту, күрделі қайта құру, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және қоғамдық көлік сапасын жақсарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде,- дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімінің басшысы Асылбек Оралбек.
Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде жалпы ұзындығы 365 шақырымды құрайтын 416 көше бар. Өңірдегі жол сапасын сатылай арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 90 пайызға жетті. 2026 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 91 пайызға жеткізу жоспарланған. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 213 390,0 мың теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 14 көшеге 4 жоба аясында орташа жөндеу жүргізілуде. 1 жоба бойынша жұмыстар 90 пайызға аяқталды және мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. 2 жоба бойынша жол негіздерін дайындау және асфальт төсеу жұмыстары жүруде.
Облыстық бюджеттен бөлінген 184 565,0 мың теңге есебінен 2025 жылдан өтпелі нысандар аяқталуда. Бағдарлама аясында Хантағы ауылындағы 5 көше мен Шахтастрой көшесін орташа жөндеу жұмыстары 95 пайызға орындалды. Жол негізі дайындалып, асфальт төселген соң «Ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК тарапынан зертханалық сынамалар алынып, сапа қатаң тексеріледі. Техникалық қадағалау ұйымы бекітілген графикке тұрақты бақылау жүргізеді. Талаптарға сай келмейтін ақаулар анықталса, мердігерге жою туралы нұсқама беріледі, ал кестеден ауытқу орын алғанда айыппұл санкциялары қолданылады.
Қала ішіндегі және оның айналасындағы инфрақұрылымды жаңғырту бағытында екі ірі реконструкциялау жобасы іске асырылуда. Д.Қонаев даңғылын халықаралық әуежайға баратын айналма жолмен қосу бағытындағы жобаның жалпы құны – 2 680,1 млн теңге, ұзындығы – 2,35 шақырым. 2025 жылы басталып, 2026 жылы қаржыландыруды жалғастыру қарастырылуда. Хантағы өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін реконструкциялау бойынша Хантағы ауылы Үсенбаев көшесі бойындағы көпірдің жобалық-сметалық құны – 278 588,7 мың теңге. Мемлекеттік сараптама оң қорытындысын алып, мемлекеттік сатып алу арқылы мердігер болып «Глобал Инвест Строй» ЖШС анықталды. Қазіргі уақытта тіректер мен ригельдердің монолитті темірбетон конструкцияларын бетондау жұмыстары жүргізілуде.
Қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы бірқатар іс-шаралар атқарылды. «BAXNUR Stroy» ЖШС тарапынан 3 176,8 мың теңгеге 114 жол белгісі жаңартылып орнатылды. 6 800 шаршы метр жол жабынын жөндеу жоспарланып, бүгінге дейін 3 500 шаршы метрі толық жөнделді. 20 000,0 мың теңге бөлініп, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол таңбаларын жаңарту жұмыстары мамыр айында толық аяқталды. Бөлінген 12,0 млн теңге есебінен қаладағы 30 бағдаршам нысанын «Дормаркет» ЖШС қалыпты режимде үздіксіз ұстап отыр.
Кентауда 11 тұрақты қоғамдық көлік бағыты жұмыс істейді. Жолаушылар тасымалын «Тұлпар-2030» ЖШС 34 автобус және шағын автобус арқылы жүзеге асыруда. Көліктердің 85 пайызы пайдалануға берілгеніне 5 жыл толмаған жаңа автобустар болып табылады. Қалаішілік және ауданішілік бағыттарға электрондық төлем жүйесі мен диспетчерлік сүйемелдеу жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде жолаушылардың шамамен 85 пайызы қолма-қол ақшасыз төлем жасау тәсіліне көшті.

