«Тілге құрмет – елге құрмет» 20 күндік акциясы аясында 5574 әскери бөлімінің жеке құрамымен «Ұлт ұстазы. Тіл – татулық тірегі» тақырыбында танымдық сабақ ұйымдастырылды.
Танымдық сабаққа Түркістан облыстық тілдерді оқыту және дамыту орталығының қызметкері, ақын, тіл жанашыры, Түркістан қаласының құрметті азаматшасы Айгерім Жұмабай арнайы қатысып, жеке құрамға тағылымды дәріс өткізді.
Іс-шара барысында ұлт ұстазы, қазақ халқының көрнекті ағартушысы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық мұрасы, қазақ тілінің дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі кеңінен сөз болды. Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық тіл білімінің негізін қалыптастырудағы еңбегі, әліпби мен оқу-ағарту саласына енгізген жаңашылдығы туралы маңызды мәліметтер берілді.
Сонымен қатар сабақ барысында мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны, ана тілін құрметтеу, тіл мәдениетін қалыптастыру және көпэтносты еліміздегі тілдер арасындағы өзара құрмет пен татулықтың маңызы жөнінде ой қозғалды.
Айгерім Жұмабай әскери қызметшілерді қазақ тілін құрметтеуге, сауатты сөйлеуге және күнделікті қызмет барысында мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға шақырды. Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Танымдық сабақтың негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, Ахмет Байтұрсынұлының рухани мұрасын дәріптеу және тілдің ел бірлігі мен қоғамдық татулықты нығайтудағы маңызын түсіндіру.
Тіл – халықтың рухани қазынасы, ұлттың болмысын айқындайтын құндылық. Сондықтан ана тілді ардақтау – елді, тарихты және ұлттық мұраны құрметтеудің көрінісі.

