Сайрам ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол — мейірім мен қамқорлыққа бастар жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік қолдауға бағытталған бірқатар игі шаралар ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі мақсаты — әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылына қажетті оқу құралдары мен мектеп формасына қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Осы бағытта аудан тұрғындары үшін Ақсукент ауылдық округінде «Мәртөбе» алаңында және Қарабұлақ ауылдық округінде екі жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкелерде мектеп формасы, киім-кешек, аяқкиім, кеңсе тауарлары мен оқу құралдары нарықтағы бағадан төмен әрі тиімді бағамен ұсынылды.
Жәрмеңкелер «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Сайрам аудандық филиалы, аудан әкімдігіне қарасты білім және кәсіпкерлік бөлімдерінің ұйымдастыруымен және мектептердің ұйытқы болуымен өткізілді. Бұл бастама, әсіресе, көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға жаңа оқу жылына қажетті заттарды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді.
Іс-шаралар барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, тұрғындар мен балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Акция аясында аудандық білім бөлімінде өткен қайырымдылық акциясына аудандық білім беру ұйымдарының директорлары мен әлеуметтік педагогтері қатысты.
Ауданның сот төрағасы, құзырлы орган басшылары, аудан әкімі М.Оразалиев, аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері, аудандық білім бөлімі, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау салаларының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттарының демеушілігімен 107 оқушыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Атап айтқанда, 55 балаға бір топ демеушілердің, 52 балаға аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен мектеп формасы, оқу құралдары және кеңсе тауарлары табысталды. Әр балаға көрсетілген демеушілік көмектің көлемі 50851 теңгені құрады. Сонымен қатар балаларға қажетті заттарды алуға мүмкіндік беретін «OTAU SHOP» сауда орталығына қаржылай сертификаттар табысталды.
Іс-шара барысында мекеме басшылары балаға жасалған әрбір қолдаудың оның болашағына қосылған маңызды үлес екенін атап өтіп, оқушыларға жаңа оқу жылында білімге құштар болып, биік белестерден көрінуіне тілектестіктерін білдірді.
Аудандық білім бөлімінің бас маманы Фарида Алматқызы Оспанова акцияның маңыздылығына тоқталып, игі іске атсалысқан барша демеушілерге аудандық білім бөлімі атынан алғысын білдірді. Өз кезегінде мектеп директорлары да балаларға қолдау көрсетіп, қуаныш сыйлаған демеушілерге шынайы ризашылықтарын жеткізді.
«Мектепке жол» акциясы — балаға деген қамқорлықты, ата-анаға көрсетілген қолдауды және қоғамдағы өзара жанашырлықты арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Қайырымдылық акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Айта кетелік, жаңа оқу жылында бастауыш сыныптарда білім алатын 23503 оқушы, сондай-ақ, Үкімет қаулысына сәйкес әлеуметтік осал санатқа жататын 3434 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Әрбір жасалған жақсылық — бір баланың жүзіндегі күлкі, бір отбасының қуанышы және жарқын болашаққа деген сенім.



