Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында заманауи сәулеттік үлгіде салынған жаңа қонақ үй нысаны бой көтеріп, салтанатты түрде ел игілігіне пайдалануға берілді. Өңірде инфрақұрылымды дамытуға, жеке инвестиция тартып, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бұл жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық келбетін жаңа деңгейге көтерудің жарқын үлгісі болды.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауыл қариялары, тұрғындар, өңір кәсіпкерлері мен арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты. Жобаны созақтық жергілікті жеке кәсіпкер Ержан Әбілпаттаев жүзеге асырды.
Нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жиналған қауымды жаңа заманауи ғимараттың іске қосылуымен құттықтап, кәсіпкерлікке қолдау көрсету мен жеке инвестиция тартудың аудан экономикасын дамытудағы айрықша маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде мемлекеттік саясат пен жергілікті бастамалардың үйлесіміне ерекше назар аударды: «Соңғы жылдары ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, жеке инвестиция көлемі артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерлікті қолдау экономиканы дамытудың негізгі тетіктерінің бірі екенін үнемі атап келеді. Осы бағытта елімізде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға айрықша мән берілуде.
Бүгінде Созақ ауданында да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жаңа кәсіпкерлік нысандар мен сауда орындары бой көтеріп, халыққа қажетті қызмет түрлері көбейіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында спорттық кешендер мен әлеуметтік нысандар салынып, елді мекендердің инфрақұрылымы жаңарып, ажары арта түсуде.
Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және аудан экономикасының тұрақты дамуына жол ашады. Біздің мақсатымыз – өндірісі өркендеген, кәсіпкерлігі дамыған, инфрақұрылымдық сервисі жаңарған аудан қалыптастыру. Осы жолда кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсету, инвестиция тарту және жаңа жобалардың жүзеге асуына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі»,- деді.
Сондай-ақ шара барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауылдың көркейіп, сервис саласының кеңеюіне үлес қосып жатқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Қария кәсіпкердің бұл қадамына ақжолтай тілегін білдіріп, батасын берді. Арнайы келген құрметті қонақтар мен ауыл тұрғындары да ізгі ниеттерін жеткізіп, жаңа кәсіптің берекелі болуын тіледі.
Ауыл қариялары, тұрғындар, аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков пен шақырылған қонақтар қонақ үйді аралап көрді. Жиналған қауым бөлмелердің жабдықталуын, мәжіліс залы мен мейрамхананың заманауи безендірілуін жоғары бағалап, кәсіпкер Ержан Әбілпаттаевтың ел игілігіне жасаған бұл еңбегіне оң бағасын берді.
Созақ ауданында іске қосылған бұл жаңа нысан өңірдегі инфрақұрылымдық сервистің сапасын арттырып, жергілікті кәсіпкерліктің өркендеуіне жаңа серпін беретіні сөзсіз.

