Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы мен заңнамалық реформалар аясында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын орнықтыру және өскелең ұрпақтың қауіпсіз де салауатты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады деген еді.
Осы орайда, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың тұрғындармен жүдесіп өткізген кездесулерінде көтерілген өзекті мәселелер мен азаматтардың өтініштері кезең-кезеңімен, жүйелі түрде өз шешімін табуда. Соның жарқын бір дәлелі – Дермене ауылдық округіне қарасты Қаражантақ елді мекенінде жаңа балалар ойын алаңшасының пайдалануға берілуі болды.
Арыс шаһарына қарасты шалғай ауылда бой көтерген бұл заманауи демалыс орыны – ауыл балалары мен тұрғындарының көптен күткен арманының жүзеге асуы, жергілікті билік пен халық арасындағы тиімді кері байланыстың айқын нәтижесі.
Бұған дейін Қаражантақ ауылының тұрғындары Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың жеке қабылдауында және ауылда өткен көшпелі кездесулерде балалардың бос уақытын тиімді өткізетін, қауіпсіз әрі заманауи демалыс орнының жоқ екенін айтып, ойын алаңшасын салып беруді сұраған болатын.
Ауыл тұрғындарының бұл орынды өтініші хаттамаға енгізіліп, қала басшылығының тікелей бақылауына алынды. Тиісті бюджеттік қаржы қарылып, мердігер мекемелер тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстары жедел әрі сапалы түрде жүргізілді. Бүгінде Қаражантақ ауылында жаңа балалар ойын алаңшасы толығымен пайдалануға беріліп, ауыл бүлдіршіндерінің шексіз қуанышына айналды.
Алаңша балалардың жас ерекшеліктеріне сай әртүрлі сырғанақтармен, әткеншектермен, карусельдермен және спорттық-ойнақы элементтермен жабдықталған. Балалардың жарақаттануының алдын алу мақсатында алаңшаның табанына арнайы жұмсақ резеңке жабынды төселген. Кешкі мезгілде бұл жер тек балалар ғана емес, сонымен бірге ауылдың ата-аналары, аға буын өкілдері де жиналатын берекелі демалыс орнына айналған.
Қаражантақ елді мекеніндегі оң өзгерістер тек балалар ойын алаңшасымен шектеліп қалған жоқ. Ауыл ақсақалы Қалдыбай Еділбековтің айтуынша, соңғы жылдары елді мекенде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылуда екен.
– «Бұрын балаларымыздың ойнайтын арнайы орны жоқ еді. Қазір міне, ауылымызда осындай әдемі ойын алаңшасы бой көтерді. Сонымен бірге мектепке баратын көшелерге заманауи жарық шамдары орнатылды. Қазіргі таңда көптен күткен ауылға кіреберіс жолға асфальт төселіп жатыр. Осындай игі бастамалардың жүзеге асып жатқанына ауыл тұрғындары дән риза. Барша ауылдастардың атынан қала басшылығына, әкіміміз Қайсар Зәкірұлына ақжарма алғысымызды білдіреміз!»,- дейді Қалдыбай ақсақал. Қаражантақ елді мекенінде жүзеге асып жатқан оң өзгерістер Арыс қаласына қарасты Дермене ауылдық округін дамытудың кешенді жоспары аясында жүргізілуде. Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері негізінде Арыс қаласына қарасты ауылдық аймақтарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде өз жалғасын табады. Ендеше, Қаражантақ ауылының бүлдіршіндерінің жүзіндегі күлкі мен қуаныш – атқарылған ауқымды жұмыстардың ең биік бағасы болып қала бермек.

