Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Қазақстан – Еуразия құрлығының тоғысқан торабында орналасқан транзиттік держава. Теміржол вокзалдары мен инфрақұрылымдық нысандар заман талабына толық сай болып, азаматтарымыз бен елімізге келетін меймандарға жоғары сапалы қызмет ұсынуы тиіс» деген еді.
Жуырда, тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласында толықтай қайта салынып, заманауи талаптарға сай жаңғыртылған «Арыс-2» теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Арыс қаласының логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бұл нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – бүгінгі «Арыс-2» вокзалы. Бұл нысан тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сапалы қызмет көрсетуге бағытталған»,- деді.
Сонымен қатар, «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев құттықтау сөз сөйлеп, жаңартылған вокзалдың теміржол саласын дамытудағы маңызына тоқталды. Ол жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтты.
Жаңадан бой көтерген вокзал ғимараты халықаралық стандарттар мен инклюзивті қоғам талаптарына толықтай сәйкестендірілген. Вокзал кешенінде қаралған басты жағдайлар мен жабдықтар жайында тарқатсақ, ана мен бала бөлмесі, заманауи күту залы, жаңартылған ақпараттық мониторлар мен хабарландыру жүйелері, ғимарат ішіндегі заманауи салқындату мен жылыту жүйелері, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жағдайлар (пандустар, тактильді плиткалар, бейімделген санитарлық тораптар) мен перрон аумағында 5 мың шаршы метр асфальт жабыны толығымен жаңартылып, жаңа күту орындары мен заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылды.
«Арыс-2» теміржол вокзалының өткізу қабілеті мен техникалық қуаттылығы өңірдегі артып келе жатқан жолаушылар ағынына толық жауап береді. Тәулігіне 300-ден астам жолаушыға, жылына 65 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге есептелсе, жолаушылар пойыздарының орташа ағымы – тәулігіне 18 пойызды құрайды. Тәуліктік пойыздардың ішінде 2 пойыз халықаралық бағыттар бойынша қатынайды. Бұл көрсеткіштер Арыс қаласының республикалық және халықаралық теміржол торабындағы стратегиялық позициясын нығайта түсері анық.
Салтанатты рәсім барысында Теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Байниязов сөз алып, жиналған қауымға ақ батасын берді. Ол жаңа вокзалдың халық игілігіне ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев және теміржол саласының ардагерлері салтанатты түрде вокзалдың көгілдір лентасын қиды. Жиынға қатысушылар мен қала тұрғындары жаңа нысанның ішкі-сыртқы құрылысымен, жабдықталуымен және жұмыс істеу тәртібімен егжей-тегжейлі танысты.
Вокзал кешенін қайта жаңғырту аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған іргелі қадам болып табылады. «Арыс-2» теміржол вокзалының пайдалануға берілуі – бұл Арыс қаласы мен Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды белес.
Заманауи үлгіде қайта салынған бұл көлік торабы Арыс шаһарының сәулеттік келбетін ашып қана қоймай, мыңдаған жолаушыларға жайлы, қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетудің нағыз орталығына айналатыны сөзсіз.

