Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында ана мен баланы қорғау, отбасы институтын нығайту, демографиялық өсімді ынталандыру және көпбалалы аналардың қоғамдағы мәртебесін көтеру – мемлекеттік саясаттың ең басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Отбасы – кез келген мемлекеттің ең басты тірегі. Ал ана – отбасының жылуы мен берекесін сақтаушы, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, еңбекқорлық пен адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді дарытушы ерекше тұлға. Көпбалалы аналарға құрмет көрсету, оларды мемлекет тарапынан әлеуметтік және моральдық тұрғыдан қолдау – біздің азаматтық та, мемлекеттік те міндетіміз» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Арыс қаласының әкімдігінде көпбалалы аналарды ұлықтауға, олардың ерен еңбегін бағалауға арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Онда Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев ел демографиясының өсіміне, отбасы институтының нығаюына және өнегелі ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген аяулы аналарды жоғары мемлекеттік наградаларымен құттықтады.
Арыс шаһарында өткен бұл мерекелік басқосу – аналардың еңбегін ұлықтаудың, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің және қоғамда ана есімін ардақтаудың жарқын көрінісі болды.
Салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналарға жоғары мемлекеттік марапаттар – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» куәліктері мен олардың омырауға тағатын белгілері салтанатты түрде табыс етілді. Салтанатты марапаттау нәтижелеріне тоқталсақ, 4 анаға – 7 және одан да көп бала тәрбиелеп өсіргені үшін «Алтын алқа» мемлекеттік марапаты табысталды. Ал, 21 анаға – 6 бала тәрбиелеп, өнегелі ұрпақ өсіргені үшін «Күміс алқа» мемлекеттік марапаты табыс етілді.
Бұл марапаттар – жай ғана металл мен куәлік емес. Бұл – көпбалалы аналардың қоғамдағы ерекше орнына, олардың ұйқысыз өткізген түндері мен перзент тәрбиесіндегі ерен еңбегіне мемлекет және халық тарапынан көрсетілген жоғары құрметтің айқын белгісі. Арыс қаласының басшысы Қайсар Зәкірұлы Маңқараев марапат иелерін шын жүректен құттықтап, ана тәрбиесінің ұлт болашағын қалыптастырудағы, қоғамдық тұрақтылық пен берекені сақтаудағы орасан зор маңызын ерекше атап өтті.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев өз сөзінде: «Құрметті аналар, аяулы аналарымыз! Әрбір ұлттың келешегі, мемлекеттің қуаты – оның сау-саламатты, білімді әрі тәрбиелі ұрпағында. Ал ондай өнегелі ұрпақты тәрбиелеп шығару – ананың ақ сүті мен таусылмайтын төзімінің нәтижесі. Сіздер бала өсіріп, олардың бойына еңбекқорлық, адалдық пен туған жерге деген сүйіспеншілік дарыта отырып, еліміздің демографиялық өсіміне және болашағына баға жетпес үлес қосып келесіздер.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен аналар мен балаларды қолдау бағытында кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Арыс қаласында да бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым басты назарда болады. Мемлекеттік марапаттарыңыз құтты болсын! Деңдеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, дастархандарыңызға береке тілеймін!»,-деді.
Қала басшысы өз сөзінде Арыс топырағынан талай батырлар, білімді ғалымдар, ақын-жазушылар мен еңбек адамдары шыққанын, олардың барлығының негізі де ана өнегесінде жатқанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде марапат иелері – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иеленген Арыс қаласының көпбалалы аналары – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан тұрақты қолдауға, әлеуметтік қамқорлыққа және көрсетілген зор құрметке шексіз ризашылықтарын білдіріп, өзге де жас отбасыларға үлгі болып, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға, отбасы ынтымағын сақтауға шақырды.
Арыс қаласы әкімдігінде өткен бұл салтанатты іс-шара – жай ғана хаттамалық жиын емес, оның терең қоғамдық және тәрбиелік мәні бар. Бұл іс-шараның негізгі маңызы, қоғамда ана есімін, көпбалалы отбасы феноменін құрметтеу мен ұлықтау мәдениетін қалыптастырады. Сондай-ақ, жастар арасында отбасы құндылықтарын, балалы болу, ұрпақ өсіру дәстүрін дәріптеуге ықпал етеді және билік пен халық, мемлекет пен отбасы арасындағы тығыз моральдық-әлеуметтік байланысты нығайтады.
Іс-шара соңында аналарға гүл шоқтары табысталып, ақжарма ізгі тілектер айтылды. Салтанатты рәсім қуанышты сәттерді тарихта қалдыру мақсатында естелік суретке түсумен аяқталды.
Арыс қаласында өткен көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» мемлекеттік марапаттарын табыстау рәсімі – еліміздегі аналарға деген биік құрметтің, демографиялық даму мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісті орындалуының айқын көрінісі.
Аналардың ақ батасы мен аялы алақаны барда Қазақстанның келешегі ешқашан солыңқырамайды. Марапат иелерін тағы да құттықтай отырып, әрбір отбасына шаттық пен береке тілеп, болашағы баянды ұрпақ тәрбиеленуіне тілеулеспіз.

