Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндіктер жасау, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау көрсету, қайырымдылық пен қоғамдық ынтымақтастықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Балалар – еліміздің жарқын болашағы. Біз әрбір баланың толыққанды білім алып, мектепке ешбір кедергісіз, қуанышпен баруына жағдай жасауға міндеттіміз. Қайырымдылық пен өзара жәрдемдесу – халқымыздың қанында бар асыл қасиет» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Арыс қаласының білім бөлімі 2026 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында барлық білім беру ұйымдарында «Мектепке жол» Республикалық қайырымдылық акциясының бастау алғанын ресми түрде хабарлайды.
Арыс қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл кең көлемді шара – жаңа оқу жылы қарсаңында мұқтаж балаларға қамқорлық қолын созудың, қоғамда жанашырлық пен бауырмалдық мәдениетін орнықтырудың маңызды құралына айналған.
Республикалық акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарға оқу жылының басталуына дайындық кезінде нақты материалдық және әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Акция аясында атқарылатын негізгі міндеттер, аз қамтылған және әлеуметтік қорғалмаған отбасылардағы мектеп жасындағы балаларды толық біліммен қамту, әлеуметтік себептерге (мектеп киімі, аяқ киім, оқу құралдарының жоқтығы) байланысты балалардың сабаққа бармай қалуының алдын алу, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға моральдық әрі материалдық демеушілік көрсету мен мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп, атаулы көмек жүйесін қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде жоғары азаматтық белсенділік таныта алады. Баланың мектепке жолы қуанышты әрі алаңсыз болуы үшін әрбір азаматтың шынайы қамқорлығы мен назары ауадай қажет.
Осыған орай, Арыс қаласының білім бөлімі, қаламыздың барлық азаматтарын, кәсіпкерлер мен бизнес-құрылымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, меценаттар мен жеке кәсіпкерлерді, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын ұжымдарын аталған қайырымдылық акциясына белсене қатысуға, жоғарыда көрсетілген санаттағы отбасылар мен балаларға қолдау білдіруге шақырады. Мектеп сөмкесі, дәптер-қалам, мектеп формасы немесе жылы аяқ киім түрінде бе берілген кішігірім көмек – бала жүрегіне үлкен үміт пен қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.
Қазіргі таңда Арыс қалалық білім бөлімі тарапынан білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, көмекке мұқтаж балалардың тізімдері егжей-тегжейлі дайындалуда. Көмекке мұқтаж отбасылардың нақты мұқтаждықтары, яғни киім өлшемдері, қажетті оқу құралдары саралануда. Мұқтаж жандарға көмектесуді, сондай-ақ демеушілік көмек көрсетуді қалайтын кез келген азамат, кәсіпкер немесе ұйым өкілдері білім бөлімінің арнайы колл орталығына хабарласа алады. «Мектепке жол» Республикалық акциясы – жай ғана заттай немесе қаржылай көмек беру емес. Бұл – қоғамның өскелең ұрпаққа, әсіресе тағдыр тәлкегіне түскен бүлдіршіндерге көрсеткен үлкен сүйеуі мен мейірімі.
Қаламыздағы жомарт жүректі азаматтар мен кәсіпкерлердің, мекеме ұжымдарының белсенділігі арқасында Арыстағы жүздеген бүлдіршіннің мектепке жолы қуанышқа толы болмақ. Бірге жақсылық жасап, балалардың жарқын болашағына үлес қосып, көмек қолын созған әрбір жанашыр азаматқа алдын ала ризашылық білдіреміз.

