Тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен, тұрақты жылумен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдардың қызметіндегі ең басты стратегиялық басымдықтардың бірі. Алдағы қысқа дайындық жұмыстары мен инженерлік желілерді жаңғырту – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.
Осы орайда, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков елді мекендерді аралап, жылыту маусымына дайындық барысын және ауыз су жүйелерінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын арнайы бақылауға алды.
Аудан басшысының жұмыс сапары Таукент және Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу жүйелерін тексеруден басталып, Абай елді мекеніндегі ауыз су инфрақұрылымының жай-күйін зерделеумен жалғасты. Бұл сапардың басты мақсаты – атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру, белгіленген кестеден кешігулерге жол бермеу және тұрғындарды қысқа тиянақты дайындықпен жеткізу.Таукент кенті – ауданның ірі әрі өнеркәсіптік маңызы бар елді мекендерінің бірі. Мұндағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету – орталық қазандықтың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысына тікелей байланысты болғандықтан, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентіндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарына барып, онда жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен мұқият танысты.
Кенттегі жылу шаруашылығына жауапты «Шолаққорған-су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны тарапынан негізгі қондырғыларды жаңарту және заманауи техникалық жарақтандыру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Қазандықтың өндірістік қуатын арттыру және авариялық жағдайлардың алдын алу мақсатында, жылу тасымалдау жүйесінің өзегі саналатын сорғылар (насостар) мен бекіткіш арматуралар жаңасына ауыстырылуда.
Жөндеу жұмыстарының барысын саралаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен мерзіміне ерекше тоқталды. Аудан басшысы жауапты сала мамандарына, мердігер мекеме өкілдеріне және кәсіпорын басшылығына алдағы жылыту маусымына тиянақты әрі жан-жақты дайындық жүргізуді тапсырды.
Орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылған Қыземшек кентінде де дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұндағы негізгі басымдық – жылдар бойы тозығы жеткен жылу құбырларын ауыстыру және гидравликалық шығындарды азайту. Осы орайда биыл Қыземшек кентінде жылу желілерін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жоспарланып, сәтті жүзеге асырылуда. Жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын жылу құбырлары толықтай жаңасына ауыстырылды. Жылудың сыртқа ысырап болуын болдырмау және энергия тиімділігін арттыру мақсатында ұзындығы 3,3 шақырым жылу құбырының жылу оқшаулағыш материалдары жаңартылуда. Сондай-ақ, сорғы (насос) қондырғылары мен бекіткіш арматуралар да су жаңа жүйелерге алмастырылды.
Жылу жүйелерінің жай-күйін зерделегеннен кейін, аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы Абай елді мекеніне арнайы барып, ауыз су жүйелерінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын бақылауға алды. «Сапалы ауыз су – халық саулығының кепілі»,- демекші Абай елді мекеніндегі ауыз су инфрақұрылымын аралау барысында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының орындалу сапасы мен инженерлік су желілері мен сұрыптау тораптарының техникалық жай-күйі және тұрғындарды сапалы, санитарлық талаптарға сай ауыз сумен үздіксіз әрі тұрақты қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде қаралды.
Аудан әкімі ауыз сумен қамту – бұл тек техникалық мәселе емес, бұл халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасын айқындайтын әлеуметтік маңызы бар міндет екенін атап өтті. Абай елді мекеніндегі су жүйесін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жауапты мамандарға құбырлардың тазалығын, су қысымын және бактериологиялық қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау жүктелді.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің Таукент, Қыземшек кенттері мен Абай елді мекеніне жасаған бұл жұмыс сапары ауданның инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін берді. Аудан басшысы атқарылған жұмыстардың маңыздылығын саралай келе, жылу мен су жүйелеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сай, белгіленген мерзімде толық аяқтауды, қолданылатын құрылыс және инфрақұрылымдық материалдардың сапасына қатаң бақылау орнатуды, жылыту маусымы басталар алдында барлық жүйелерге гидравликалық сынақтар жүргізіп, дайындық актілерін рәсімдеуді және тұрғындардан түсетін шағымдар мен өтініштерге жедел әрекет ететін диспетчерлік қызметтердің дайындығын қамтамасыз етуді қадап тапсырды. Аудан аймағындағы инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту, жылыту маусымына дайындық және халықты тіршілікке қажетті маңызды ресурстармен қамтамасыз ету жұмыстары аудан әкімінің тікелей бақылауында болады.

