Созақ ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттылық деңгейін төмендету шараларына арналған маңызды мәжіліс өтті. Салтанатты әрі жауапты жиынды Созақ ауданы әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров ашып, жүргізіп отырды.
Аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен жолдардағы тәртіпті нығайтуды көздеген бұл ауқымды басқосуға құзырлы мемлекеттік органдар мен салалық мекемелердің бірінші басшылары мен жауапты мамандары арнайы қатысты. Бұл ведомствоаралық құрам жол қауіпсіздігі мәселесін тек полиция тарапынан бақылаумен шектемей, жол инфрақұрылымын жақсарту, заңдылықтың сақталуын прокурорлық қадағалау және жергілікті атқарушы органдардың қаржылай-техникалық мүмкіндіктерін жұмылдыру тұрғысынан кешенді түрде қарауға мүмкіндік берді.
Мәжілісте соңғы кезеңде Созақ ауданы аумағында орын алған жол-көлік оқиғаларының статистикасы мен серпіні жан-жақты сараланды. Әсіресе адам өліміне әкелген қайғылы жол апаттарының басты себептері терең талданып, заң бұзушылықтарға жол берген факторлар айқындалды.
Мәселен, жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығып кету және шаршаңқы қалыпта көлік басқару салдарынан орын алатын ауыр апаттардың алдын алу, аудан аумағынан өтетін автожолдарда түнгі уақытта қараусыз жүрген төрт түлік малдың көлік жолына шығып кетуінен болатын ЖКО-ларды азайту, жол белгілерінің, сызықтардың, жарықшамдардың және жасанды жол кедергілерінің талапқа сай болуын бақылау және «Оңтүстік жолдары» МКК және өзге де мердігер мекемелер тарапынан жолдарды маусымдық жөндеу және сапалы күтіп-ұстау жұмыстарының орындалуы.
Жиын аясында сөз алған Созақ ауданы прокурорының орынбасары Асылбек Туршеков жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заңдылықтың қатаң сақталуы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Аудан бойынша жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін «қауіпті аймақтарға» арнайы талдау жүргізіп, онда бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшегіштерді көбейтуді, жергілікті полиция қызметі тарапынан республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда түнгі рейдтік және патрульдік жұмыстарды жиілетуді, жол бойында малын қараусыз жіберген азаматтарға қатысты әкімшілік шараларды қатаңдату және жарық шағылыстыратын қарғыбауларды тағу жұмыстарын жеделдетуді және апаттылық қаупі жоғары аймақтарға қосымша жол белгілері мен ескерту тақталарын орнату сияқты ұсыныстарды ауданы прокурорының орынбасары айтып өтті.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров барлық жауапты бөлімдер мен мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, аудандық маңызы бар жолдардағы ақауларды жою, шұңқырларды жөндеу және жаяу жүргіншілер өткелдерін заманауи талаптарға сай жабдықтау, облыстық маңызы бар автожолдардың бойындағы шөптерді шабу, жол жиектерін тазалау және жол белгілерінің көрінуін қамтамасыз ету мен жол ережесін өрескел бұзатын, мас күйінде көлік жүргізетін және жылдамдықты асыратын жүргізушілерді анықтау, сондай-ақ халық арасында профилактикалық түсіндіру акцияларын көбейту қажеттігі қамтылды. Созақ ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен және аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакировтың төрағалығымен өткен бұл ведомствоаралық мәжіліс – өңірдегі жол қауіпсіздігін жаңа сапалық деңгейге көтеруге, адам өліміне әкелетін қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған өте маңызды да нәтижелі қадам.
Қабылданған бірлескен шешімдердің сапалы орындалуы Созақ өңірінде жол апаттарының азаюына және азаматтардың амандығын қамтамасыз етуге зор үлес қосатыны сөзсіз.

