Адам ғұмыры – артында қалған ізбен, еліне жасаған игілігімен және ар-ожданының тазалығымен өлшенеді. Біреулер атақпен, біреулер байлықпен есте қалса, енді біреулер жүрекке жаққан мейірімімен, адал еңбегімен және ақ халатты абзал жандық мәртебесімен халық жадында мәңгілік сақталады. Осындай тағылымды ғұмыр иесі, ел ықыласына бөленген білікті дәрігер Әбдіғаппар Отыншиевтің жарқын бейнесіне арналған «Адал бол» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Созақ аудандық орталық кітапханасында жоғары деңгейде өтті.
Бұл күні аудандық кітапхана төрі ерекше рухани атмосфераға бөленді. Кітапхана табалдырығынан аттаған сәттен-ақ келген қонақтарды кітапхана директоры Майусова Нұржамал Әбілжанқызы жылы жүзбен, ерекше ілтипатпен қарсы алды. Ізгі ниет пен шынайы құрметке толы бұл қарсы алу кештің жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтетінінің айқын белгісіндей әсер қалдыра білді.
Шара барысында келген қауымға арнайы ұйымдастырылған мазмұнды кітап көрмесі таныстырылды. Орталық кітапхананың «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің білікті де ізденімпаз кітапханашысы Балнұр Жұмабаева көрмені әсерлі де көркем тілмен таныстырып, әрбір қойылған кітап пен тарихи дерекке терең мән беріп, қонақтарды рухани әлемге жетелей білді. Оның көрмені шебер жеткізуі көпшіліктің қызығушылығын оятып, кеш мазмұнын одан әрі байыта түсті. Бұл кеш – жай ғана кітап таныстырылымы емес, бұл – тұтас бір дәуірдің, адамгершілік пен адалдықтың, мейірім мен парасаттың мерекесі болды. Шара басталысымен экраннан көрсетілген арнайы бейнеролик көпшілікті бір сәт өткен күндерге жетелеп, ақ халатты абзал жанның жарқын бейнесін көз алдына әкелді. Саналы ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған Әбдіғаппар Отыншыұлының бейнесі – тек дәрігер ғана емес, шынайы адамгершіліктің символы ретінде де есте қалатыны барша халықтың жылы шырайы мен көрсеткен құрметінен айқын байқалды.
Кештің шымылдығын Созақ ауданы әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Абдисаматұлы ашып, жиналған қауымды рухани мұраның жарық көруімен құттықтады. Ол өз сөзінде Әбдіғаппар ағамыздың елге сіңірген еңбегін, қарапайым болмысын, адалдыққа негізделген өмір жолын ерекше ілтипатпен атап өтті. Расында да, халықтың алғысын алған ең үлкен марапат санаған мұндай тұлғалар – ұлттың шынайы байлығы. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, бүгінгі «Адал бол» кітабы – сол өлмес рухтың, өшпес өнегенің нақты көрінісі болмақ.
Кітаптың ішкі құрылымы мен ерекшеліктері турасында сөз қозғасақ, үш бөлімнен тұратын кітап, бұл еңбек – әке туралы перзенттік сағыныш, бауырлық құрмет, әріптестік сыйластық пен замандастық ілтипаттың тоғысқан тұнық туындысы. Мұрағаттық деректер мен естеліктер бөлімінде дәрігердің өмір жолындағы қиын да жауапты сәттері, науқастарды емдеудегі дәрігерлік шеберлігі мен адамгершілік принциптері жан-жақты қамтылған.
Тұсаукесер рәсімі мен естеліктер легінде, кітаптың тұсауын кесу құрметі ел ағасы Қуандық Әшімов пен дәрігер-хирург, Созақ ауданының Құрметті азаматы Бүркіт Арынбековке ұсынылғаны – көптің көңілінен шыққан тағылымды таңдау болды. Бұл сәт – тек кітаптың ғана емес, ұрпаққа аманат етілген рухани құндылықтың да есігі ашылған ерекше мезет еді.
Кеш барысында сөз алған ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен әріптестер Әбдіғаппар Отыншыұлының адамгершілік келбеті, кәсіби шеберлігі, елге деген адалдығы жайында тебірене естеліктер айтты. Әрбір сөзде сағыныш, әрбір пікірде құрмет, әрбір естелікте терең тағылым жатты.
Шараның сәнін келтірген әсем әндер мен жүрекжарды лебіздер кештің рухани әсерін еселей түсті. Кітап авторлары – қызы Жанар Отыншиева мен інісі Әбілпәтта Оспанов өз алғыстарын білдіріп, бұл еңбектің жарыққа шығуы – әке алдындағы, аға алдындағы перзенттік және бауырлық парыз екенін барша қауымға жеткізген болатын.
Кітап аудандық кітапхана қорына табысталып, оқырман игілігіне ұсынылды. Бұл – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас Созақ өңірінің рухани қазынасына қосылған құнды мұра.
Жалпы, «Адал бол» – атау ғана емес, бұл – өмірлік ұстаным. Бұл кітап – адалдықтың айнасы, адамдықтың өлшемі, ұрпаққа бағытталған үндеу іспетті. Осындай тағылымды кештер арқылы біз өткенді ұлықтап қана қоймай, болашаққа бағдар жасаймыз. Елге адал қызмет еткен абзал жандардың ғибратты ғұмыры – әрбір жас буын үшін өмір мектебі болмақ. Кеш соңында кітапхана директоры Майусова Нұржамал Әбілжанқызы келген қонақтарды зор құрметпен шығарып салды. Бұл тағылымды басқосу қатысушылардың жадында ұзақ сақталып, тұлға еңбегін бағалаудың маңызын айқындай түскен мәнді кеш ретінде есте қалды.

