Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік мәдени саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ұлттық руханиятты жаңғырту, аға буын өкілдері мен белгілі қаламгерлердің еңбегін дәріптеу және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен кітап оқу мәдениетін дарыту – басты стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Ел тарихын, сөз өнерін және ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа жеткізуде кітапханалар мен мәдениет ошақтарының атқаратын жүгі өте салмақты. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Кітапхана – бұл жай ғана кітап сақталатын орын емес, ол – ұлттың рухани генофонды, білім мен мәдениеттің алтын діңгегі» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор рухани кеш Созақ аудандық орталық кітапханасында айрықша әсермен, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Бұл күн тек балалар мерекесі ғана емес, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық руханияттың тоғысқан, сөз мен саздың үйлесім тапқан ерекше сәтіне айналды. Аталған игі де парасатты шараның құрметті қонағы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік өрнегі бар, елге кеңінен танылған қоғам қайраткері, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көптеген жыр жинақтарының авторы, мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері Әкім Ысқақ болды.
Әкім Ысқақтың шығармашылығы – ұлттың рухани айнасы, ал азаматтық болмысы мен ел дамуына қосқан үлесі – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық озық өнеге. Ақын кітапхана табалдырығын аттай сала, бұл руханият ордасына өзінің ыстық ықыласын білдіріп, мекемеге тәрбиелік мағынасы терең, мазмұны бай көркем картинаны сыйға тартты. Бұл сый – тек заттық дүние емес, рухани байлықтың, өнерге мен мәдениет ошағына деген биік құрметтің айқын белгісі болды.
Кеш аясында Созақ аудандық орталық кітапханасының «Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету» бөлімінің библиографы Е. Дайрабай арнайы дайындалған мазмұнды кітап көрмесін таныстырды. Көрме – ақын шығармашылығы мен ұлттық құндылықтарды ұштастырған, терең ойға жетелейтін, көрерменді рухани әлемге жетелейтін тағылымды дүниелерден құралды.
Ақын Әкім Ысқақ көрмені үлкен ықыласпен тамашалап, библиограф Е.Дайрабайдың ізденісіне, кітап қорын жүйелеудегі кәсібилігіне жоғары бағасын берді. Ақын білікті маманға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Бұл – таза еңбектің еленгені, ақын мен кітапханашы арасындағы рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.
Кештің ең әсерлі әрі толқынысты тұстарының бірі – ақынның жаңа кітабының салтанатты тұсаукесері болды. Бұл сәт – тек жаңа еңбектің таныстырылымы ғана емес, рухани мұраның жаңа бір белесі, оқырманмен қауышқан қуанышты кезең еді. Жиналған қауым бұл сәттің куәсі болып, ерекше әсерге бөленді.
Шара барысында ақын Орынбасар Хасенұлы сахнаға шығып, Әкім Ысқаққа арнап жүрекжарды жыр шумақтарын оқып, кештің көркін одан әрі айшықтай түсті. Оның өлеңі – шынайы ықыластың, сөз өнеріне деген адалдықтың көрінісі болды.
Сонымен қатар, Әкім Ысқақ жаңадан бой көтерген заманауи кітапхананы толық аралап, оның сәулетті келбетімен, бай кітап қорымен, ішкі мәдени ортасымен жақыннан танысты. Ол кітапхананы «үлкен руханият ордасы» деп бағалап, мұнда еңбек етіп жүрген кітапханашылар ұжымына өз ризашылығын білдірді.
Кеш соңында ерекше мәнге ие, жүрекке жылу сыйлаған, қазақтың ұлттық дәстүр құндылығына байланысты тағы бір әсерлі сәт орын алды. Ақын «Әкім Ысқақтай ел ағасы, абыройлы азамат болсын» деген ақ ниетпен кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Бұл – ұрпақ сабақтастығының, болашаққа деген сенімнің, ізгі тілектің айқын көрінісі іспетті. Созақ төрінде өткен бұл кеш – жай ғана өткен шара емес, жүректерге жол тапқан рухани сәуле болды. Сөз құдіреті мен саз әуені үндескен сәттер әрбір қатысушының жан дүниесіне ерекше жылылық сыйлады. Осындай тағылымды кездесулер ұлт руханиятының тамырын тереңдетіп, келер ұрпақтың санасына сәуле себеді.
Кітапхана қабырғасында өткен бұл кеш – білім мен өнердің тоғысқан тұғырлы мекен екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ақын мен оқырман арасындағы байланыс беки түсіп, рухани сабақтастықтың алтын көпірі қаланды. Әсіресе, жас буын мен балалар үшін бұл кездесу өнеге мен шабыттың қайнар көзіне айналды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген әрбір сәт – ел болашағына салынған асыл негіз. Созақ аудандық орталық кітапханасында өткен бұл мазмұнды кеш өңірдің мәдениеті мен әдебиетінің шежіресінде жарқын бет болып қала берері сөзсіз.

