Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өскелең ұрпақтың білім-ғылымға деген құштарлығын арттыру, балалар әдебиеті мен мерзімді басылымдарын дамыту, сондай-ақ жас оқырмандар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – стратегиялық маңызы бар басымдықтардың бірі болып табылады. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Балалар кітапханасы» бағдарламасы мен рухани-ағартушылық жобалар өспірімдердің эстетикалық, моральдық және интеллектуалдық дамуына зор серпін беруде.
Осы орайда, Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраға бай, шежірелі өңірі – Созақ аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен балаларға арналған республикалық «Ақылдым» журналының 15 жылдық мерейтойына арналған салтанатты, мазмұнды іс-шара өтті. Жас оқырмандар мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан бұл мерекелік кеш кітапхана мен басылым арасындағы алтын көпірді тағы бір мәрте айшықтап берді. Балалардың сүйікті журналының 15 жылдық мерейтойына арналған мерекелік бағдарлама бірнеше мазмұнды бөлімге бөлініп, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізілді.
Кітапхана фойесінде журналдың кешегісі мен бүгінгісін, жүріп өткен белестерін танытатын кең көлемді арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде басылымның алғашқы санынан бастап бүгінгі күнге дейінгі жарық көрген сандары, алған марапаттары, жас оқырмандардың шығармашылық жұмыстары қойылды. Мұнда басылымның құрылу тарихы, жетістіктері мен оқырмандарға ұсынған рухани-ағартушылық құндылықтары кеңінен насихатталды. Кітапхананың шығармашыл оқырмандары көрмені тамашалап, журнал туралы өздерінің мөлдір де әсерлі пікірлерін білдірді және басылымнан алған танымдық мәліметтерімен бөлісті.
Кітапхананың мәжіліс залында өткен салтанатты дөңгелек үстелде «Қызмет» газетінің директоры, республикалық «Ақылдым» журналының негізін қалаушы, белгілі журналист Бейсенкүл Жақсыбекқызының өмір жолы мен журналистика саласындағы қажырлы еңбегі таныстырылды. Бейсенкүл Жақсыбекқызының балалар баспасөзін дамытуға, жас ұрпақтың танымдық өресін кеңейтуге қосқан сүбелі үлесі ерекше атап өтілді. Мұнымен қатар, жиналған қауымға журналдың 15 жылдық тарихынан сыр шертетін арнайы дайындалған мазмұнды бейнеролик көрсетілді.
Жиынды Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы ашып берді. Алтын Күнтуқызы мерейтой иелеріне, журнал ұжымына жылы лебізін білдіріп, балалар баспасөзін өркендетудегі адал еңбектері үшін аудан әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етті.
Іс-шараның ең маңызды әрі тағылымды сәттерінің бірі – жас оқырмандарды қолдау бағытындағы нақты қадамдар болды. Аудандық білім бөлімі мен «Қазпошта» торабының бірлескен қолдауымен «Ақылдым» журналына жазылған 100 оқырманға жазылым сертификаттары салтанатты түрде табысталды. Бұл бастама оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, балалар мерзімді басылымына деген сүйіспеншілігін нығайта түсті.
Шарада сөз алған балалар кітапханасының директоры Нұржамал Әбілжанқызы құттықтау сөз сөйлеп, журнал ұжымына шығармашылық табыстар мен жаңа биіктер тіледі. Өз кезегінде журнал қызметкерлері Мақпал Құрбанқызы Ибраева мен Әлия Тастанбекқызы Әуесбекова сөз алып, басылымның қалыптасу кезеңдері, редакцияның алдағы жоспарлары мен балаларға арналған жаңа айдарлар туралы кеңінен ой бөлісті.
Салтанатты кеш кітапхананың акт залында өнерлі балалардың мерекелік концертімен жалғасын тапты. Балалар кітапханасының белсенді де шығармашыл оқырмандары «Ақылдым» журналына арнап ән шырқап, мың бұрала би билеп, отты өлеңдерін оқыды. Жас оқырмандардың бұл ыстық ықыласы мен шаттыққа толы өнерлері мерекелік кештің көркін ашып, журналдың 15 жылдық мерейтойын ұмытылмас рухани мерекеге айналдырды.
Созақ аудандық балалар кітапханасында өткен бұл шара – балалар баспасөзін ұлықтаудың, оқырмандар мен басылым арасындағы рухани сабақтастықты нығайтудың айқын үлгісі болды. 15 жыл бойы балалардың сырласы, ақылшысы мен білім бұлағына айналған республикалық «Ақылдым» журналына шығармашылық шабыт, оқырмандар сүйіспеншілігін тілейміз. Балалар әдебиеті мен баспасөзі өркендей берсін деген ниеттеміз.

