Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осы мақсатта Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күшейтілген режимде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Жыл басынан бері аудан аумағында ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты 350-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.
Солардың бірі – үйіне құрылыс жұмыстарын бастау мақсатында көшенің жиегіне шамамен 6 тонна құм (топырақ) түсірген аудан тұрғыны. Алайда құрылыс материалдарын ортақ пайдаланылатын аумаққа орналастыру қоғамдық орындарды ластау болып есептеледі. Осыған байланысты аталған азаматқа қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды құрылыс материалдары мен тұрмыстық қалдықтарды қоғамдық орындарға орналастырмауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарап, тазалық талаптарын сақтауға шақырады. Таза әрі көрікті аудан – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

