Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында су ресурстарын тиімді пайдалану, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Су ресурстарын үнемді әрі тиімді басқару – бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігінің негізі. Иесіз қалған, игілігі көрінбей жатқан су нысандарын мемлекет меншігіне қайтарып, оларды жүйелі түрде жаңғыртумыз керек» деп үнемі баса айтып келеді.
Осындай игілікті бастаманы басымдыққа алған, Түркістан облысының ең ірі аграрлық аудандарының бірі – Шардара ауданында су шаруашылығы инфрақұрылымын тиімді басқару және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұрақты сумен қамтамасыз ету бағытында стратегиялық маңызы бар тарихи жұмыс орындалды.
Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының тікелей бастамасымен ұзақ жылдар бойы ауданның коммуналдық меншігіне қабылданбай, қараусыз әрі қаражатсыз келген Достық және Ақшеңгелді ауылдық округтерінің аумағындағы суару арналары заңнама талаптарына сәйкес ауданның коммуналдық меншігіне өткізілді.
Аталған ауқымды жұмыстар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық кодексіне, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына, Су кодексіне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес заңды түрде жүзеге асырылды. Үдерістің негізгі кезеңдері бойынша Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы барлық ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді және тиісті мемлекеттік уәкілетті органдармен келісу шаралары атқарылды.
Сонымен қатар, арналардың техникалық және құқық белгілейтін құжаттары толық көлемде қайта әзірленді. Мемлекеттік қабылдау-беру актілері жасалып, заңды мемлекеттік тіркеу рәсімдері толығымен жүргізілді. Нәтижесінде, 2026 жылғы 6 сәуірде жалпы ұзындығы 69 шақырымды құрайтын 8 суару арнасы Шардара ауданының коммуналдық меншігіне ресми қабылданып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Ауданның коммуналдық меншігіне қайтарылған каналдар екі ірі ауылдық округтің егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ететін негізгі күре тамырлар болып табылады. Бұл аумақтағы 2-Х-1, 4-К-1, 4-К-2, 4-К-3, 4-К-4 маркалы суару арналары коммуналдық меншікке өтті. Олардың жалпы ұзындығы 47 шақырымды құрайды. Достық ауылдық округі бойынша бұл округтегі 1-Х-1, 1-Х-3, 1-Х-4 суару арналары коммуналдық меншікке қабылданды. Каналдардың жалпы ұзындығы – 19 шақырым.
Бұған дейін ұзақ жылдар бойы ешқандай жөндеу көрмеген, заңды иесіз қалған бұл суару арналарының тозуы өңірдегі 14,5 мың гектар суармалы жерге судың тұрақты әрі жеткілікті мөлшерде жеткізілуіне кері әсерін тигізіп келген болатын. Судың егістікке жете алмай, жолда ысырап болуы диқандар мен шаруа қожалықтарының өнімділігін төмендетіп, жергілікті аграрлық сектордың дамуын тежеді.
Қабылданған тарихи шешімнің нәтижесінде ашылған құқықтық әрі техникалық мүмкіндіктер бойынша су шаруашылығы нысандарын мемлекет тарапынан бірыңғай және тиімді басқару жүйесі қалыптасты. Арналарды күтіп-ұстауға, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті әрі республикалық бюджеттерден, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар арқылы тікелей қаржыландыру тартуға құқықтық мүмкіндік туды және су шығынын барынша азайтатын заманауи гидротехникалық технологияларды енгізуге жол ашылды.
Алдағы уақытта коммуналдық меншікке өткен суару арналары кезең-кезеңімен ауқымды жаңғыртудан өткізілетін болады. Гидротехникалық құрылыстар толық қалпына келтіріледі және арналардың арнасын тазалау және бетондау жұмыстары жоспарлануда. Су жеткізу тиімділігі еселеп артып, су шығыны минималды деңгейге түсіріледі.
Бұл кешенді шаралар Шардара ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін, диқандарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге, 14,5 мың гектар егістік жерлердің өнімділігін арттыруға және ауданның аграрлық әлеуетін сапалы жаңа деңгейге көтеруге тікелей ықпал етеді.
Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың бастамасымен іске асқан бұл стратегиялық жоба – ауданда ұзақ жылдар бойы қордаланған инфрақұрылымдық мәселені заң талаптарына сәйкес түбегейлі шешуге бағытталған нақты, сапалы қадамдардың бірі. Мемлекет меншігіне кайтарылған бұл суару арналары Шардара өңірінің аграрлық секторының өркендеуіне, диқандардың тұрмысының жақсаруына және аудан экономикасының тұрақты дамуына ұзақ жылдар бойы қызмет ететін болады.

