Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысын қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттік басқарудың басты стратегиялық басымдықтары болып табылады. Ел дамуының оң қарқыны мен тұрғындардың тұрмыс сапасы тікелей осы бағыттардағы тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуына байланысты.
Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті облыстық аппараттық мәжіліс өтті. Бейнеконференция байланысы арқылы өткен бұл маңызды жиынға Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Облыстық мәжілістің күн тәртібінде 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық барысы, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде халықты вакцинациялау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің орындалуы қаралды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы мен ауыл азаматтарының әл-ауқатын көтеруге арналған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды.
Облыстық мәжіліс аяқталған соң, аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев аталған бағыттар бойынша Шардара ауданында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, жауапты сала басшыларының есептерін тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын барысында алғашқы болып аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Мұсатаева есеп берді. Ол 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық барысы мен мектептердің ағымдағы жай-күйі жөнінде баяндады. Мұсатаеваның мәліметінше, аудандағы білім беру нысандарын жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстар қарқынды жүргізілуде екен. Дәлірегінде, аудандағы үш білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес сапалы түрде атқарылуда. Білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу, мектеп ғимараттарын ақтау-сырлау және эстетикалық көркін ретке келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Оқушылардың қысқы мезгілде жылы әрі жайлы бөлмелерде білім алуын қамтамасыз ету мақсатында қатты отын (көмір) қорын жеткізу, жылу жүйелерін гидравликалық жуып-шаю және қысымдау жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда. Мектептердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, ішкі әжетханалардың жұмыс істеуі мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы аудандық білім бөлімі тарапынан тұрақты бақылауда тұр.
Мәжілісте екінші болып аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Н.Молдаханов сөз алып, денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Оның мәліметінше, ауданда тұрғындардың денсаулығын нығайту және аурулардың алдын алу бағытында балаларына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналармен арнайы ақпараттық-түсіндіру топтары тұрақты түрде кездесулер өткізуде. Дәрігерлер мен мамандар вакцинацияның маңыздылығын, оның әртүрлі жұқпалы аурулардан қорғау тетігі екенін ғылыми деректермен жеткізуде. Медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған азаматтарды анықтау, оларды жүйеге тарту және сақтандырылған тұрғындар үлесін арттыру бағытындағы кешенді шаралар жалғасып жатыр. Бұл әрбір ауыл тұрғынына сапалы әрі жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Нұрсейітов таныстырды. Бағдарлама аясында қол жеткізілген басты нәтижелер мен жоспарларға тоқталсақ, ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және сату бағытында жаңа өндірістік кооперативтер құру жұмыстары ретке келтірілуде. Тұрғындарға жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік жасалып, ауылда мал шаруашылығын, құс өсіруді, жылыжай және шағын өндірісті дамытуға жағдай жасалуда. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту және тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін сапалы кезеңге көтеру болып табылады.
Ендігі кезекте сөз алған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар мен заңдылықтың сақталуы туралы аудан әкімінің кеңесшісі Б.Қалдарбек баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері бұл бағытта ауқымды әрі жүйелі іс-шаралар атқарылған. Мәселен, аудан көлемінде, Шардара қаласы мен ауылдық елді мекендерде тұрақты түрде бұқаралық сенбіліктер ұйымдастырылып, тонналаған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы полигондарға шығарылды. Саябақтар мен гүлзарлар абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар мен өтініштер арнайы ақпараттық платформа арқылы жедел тіркеліп, жауапты бөлімдер тарапынан уақытылы орындалуда. Тазалық талаптарын бұзып, белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған жеке және заңды тұлғаларға қатысты заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Сонымен қатар халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жазғы маусымда халық көп жиналатын Шардара су қоймасы жағалауындағы демалыс орындарының санитарлық тазалығы, су қауіпсіздігі мен тәртіптің сақталуы аудандық тиісті қызметтер тарапынан қатаң бақылауға алынған.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев барлық баяндамашылардың есептерін саралай келе, сала басшыларына нақты да сапалы тапсырмалар жүктеді. Арман Романұлы өз сөзінде: «Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын, күрделі және ағымдағы жөндеулерді, жылу жүйелерін дайындауды белгіленген мерзімде әрі жоғары сапада аяқтауды, вакцинация көрсеткіштерін арттыру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және МӘМС жүйесіне қамтылмаған азаматтармен жекелей жұмыс жүргізуді, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілген өтінімдерді созбалаңға салмай, тиімді әрі ашық түрде жүзеге асыруды, кооперативтерге жан-жақты қолдау көрсетуді және «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстарын саябырсытпай, су қоймасы жағалауындағы демалыс орындарында санитарлық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.
Аудан басшысы әрбір тапсырманың сапалы әрі жүйелі орындалуы – ең алдымен шардаралықтардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және өңірдің өркендеп, көркеюіне тікелей ықпал ететінін атап өтті. Шардара ауданында атқарылып жатқан бұл жүйелі жұмыстар еліміздің дамуына қосылған елеулі үлес болып қала беретіні сөзсіз.

