Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының ең басты, стратегиялық басымдықтарының бірі – ауылдық жерлердегі халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, олардың тұрақты табыс табуына жағдай жасау және жеке кәсіпкерлік бастамаларын жан-жақты қолдау болып табылады. Мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында қолға алынған ең ауқымды да нәтижелі жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл бағдарлама ауылдағы ағайынның кәсібін ашуға, өзін-өзі жұмыспен қамтуға және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға зор мүмкіндік береді.
Түркістан облысының аграрлық әлеуеті мен іскерлік белсенділігі жоғары аймақтарының бірі – Түлкібас ауданында халықтың табысын арттыру, әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды кәсіпкерлікке тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Бақдәуір Тынысбекұлының төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелеріне арналған маңызды да ауқымды жиын өтті. Жиын барысында күн тәртібіне қойылған ең негізгі мәселелердің бірі – «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі бойынша Д (төменгі әл-ауқат деңгейі) және Е (кризистік деңгей) санатына жатқызылған отбасылардың экономикалық белсенділігін арттыру болды.
Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген 2,5 пайыздық шағын несие алуға ниет білдірген, кепілдікке қоятын сәйкес мүлкі бар және өзге де қаржы институттарында қолданыстағы мерзімі өткен несиелік берешегі жоқ Д және Е санатындағы азаматтарды ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелігіне енгізу жұмыстары кеңінен қарастырылды. Бұл бастаманың басты мақсаттары мен артықшылықтары — азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Тұрақты жұмысы немесе тұрақты табысы жоқ азаматтарға мемлекеттік жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беру арқылы олардың жеке ісін (мал шаруашылығы, құс өсіру, жылыжай, бағбаншылық немесе шағын өңдеу цехтарын) ашуына жол ашу.
Сонымен қатар, тұрақты табыс көзін қалыптастыруды күшейтіп, уақытша жәрдемақыға қарап отырмай, өз еңбегімен отбасылық бизнесін дамытып, ай сайынғы тұрақты қаржы ағынын қалыптастыру мен отбасылардың жан басына шаққандағы табысын арттыру арқылы оларды әлеуметтік әлсіз топтар категориясынан, яғни Д және Е санатынан орташа және жоғары әл-ауқат деңгейіне (А, Б, В санаттарына) сапалы түрде өткізу мәселелері қамтылды.
Жиын барысында бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру, әрбір ауылдық округтегі мүмкіндіктерді толық пайдалану мақсатында ауылшаруашылық кооперативтерінің төрағаларының қатысуымен арнайы түсіндіру және ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Бақдәуір Тынысбекұлы кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтар үшін кооперативтердің атқаратын рөлі зор екенін атап өтті. Жалғыз шаруашылық жүргізгеннен қарағанда, бірігіп кооператив құру немесе қолданыстағы кооперативтерге мүше болу өнім өндіруде, жем-шөп дайындауда, техникаларды ортақ пайдалануда және дайын өнімді өткізуде үлкен жеңілдіктер беретінін айтты.
Сондай-ақ, кооператив төрағаларына «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі талаптары, 2,5 пайыздық несиенің жеңілдіктері, құжаттарды рәсімдеу тәртібі мен кепіл мүлкін бағалау тетіктері кеңінен түсіндірілді. Кооператив жетекшілеріне Д және Е санатындағы ынталы азаматтарды өз қатарларына тартып, оларға ұйымдастырушылық және консультациялық қолдау көрсету тапсырылды. Неге десеңіз, «Ауыл аманаты» бағдарламасының басты бағыттары мен тиімділігі аймақтағы тұрғындар үшін оңтайлы. Мұнан бөлек, жоба аясында бөлінетін 2,5 пайыздық микрокредиттер ауылдағы бизнестің бірнеше бағытын қамтиды. Бұл Түлкібас ауданының климаттық, географиялық және экономикалық ерекшеліктеріне өте сай келеді. Сондықтан да, ет және сүт бағытындағы төрт түлік мал санын көбейту, асылдандыру және сүт жинау бекеттерін ашу және аула іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, қарқынды бау-бақша орындарын салу, заманауи шағын жылыжайлар тұрғызу ыңғайлы. Ал, ет, сүт, жеміс-жидектерді қайта өңдейтін, шұжық, ірімшік, тосап, шырын шығаратын шағын цехтар ашу мен наубайханалар, тігін цехтары, техникалық қызмет көрсету орындарын ашу арқылы ауыл инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік мол болмақ.
Аудан әкімінің орынбасары Бақдәуір Тынысбекұлы жиынды қорытындылай келе, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы тек қағаз жүзіндегі есептермен бағаланбайтынын, оның басты индикаторы – жұмыспен қамтылған нақты азаматтар саны мен Д-Е санатынан шыққан отбасылардың көрсеткіші болатынын айтты.
Алдағы уақытта да Түлкібас ауданында тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, олардың экономикалық белсенділігін арттыру, заманауи білімдер мен дағдыларға үйрету және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар кешенді әрі жүйелі түрде өзінің жалғасын табатын болады. Жергілікті билік тарапынан несие алуға ниетті азаматтарға құжат жинаудан бастап, кәсіпті іске қосқанға дейінгі аралықта толық консалтингтік қолдау көрсетіледі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілетін жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие, кооперациялық бірігу және жеке кәсіпкерлікті дамыту арқылы Түлкібас ауданының жүздеген отбасы өзінің тұрақты табыс көзін тауып, әл-ауқатын жаңа деңгейге көтеретініне сенім мол. Еңбек пен қолдау ұштасқан жерде ауылдың болашағы жарқын, даму жолы әрқашан даңғыл болмақ.

