Қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуы – әрбір азаматтың өзін қоғамның толыққанды, белсенді әрі қажетті мүшесі ретінде сезінуіне тікелей байланысты. Өмірдің түрлі кезеңдерінде сан алуан қиындыққа тап болып, қайтадан еңсе тіктеуге, қоғамдағы өз орнын табуға ұмтылған азаматтар үшін тұрақты жұмыс табу – жаңа өмірге қадам басудың ең маңызды, ең шешуші кезеңі. Осы орайда, 2026 жылғы 25 маусым күні Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мекемесінің Мақтаарал аудандық мансап орталығы филиалы ұйымдастырған ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – тек қана кадр іздеу алаңы емес, бұл әлеуметтік жауапкершіліктің, адамгершілік қолдаудың және азаматтарды қайта оңалтудың маңызды институты деуге саяды.
Аталған іс-шараның іргелі мақсаты – қоғамның әлеуметтік осал топтарына жататын, белгілі бір себептермен еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігі төмендеген немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды тұрақты, лайықты еңбекпен қамту. Бұл топқа кіретін азаматтардың әлеуметтік статусы әртүрлі болғанымен, олардың мұқтаждығы ортақ. Нақтырақ айтсақ, алалардың құқығын қорғау және өздерінің ата-аналық міндеттемелерін заң аясында орындау үшін тұрақты табыс көзіне өте зәру азаматтар. Олардың жұмыспен қамтылуы – бала мүддесінің қорғалуына кепілдік береді.
Сонымен қатар, пробация есебіндегі және бас бостандығынан айыру орындарынан оралған азаматтар үшін олардың қоғамға қайта бейімделуі – құқық бұзушылықтың қайталануын болдырмаудың, қылмыстық ортадан түпкілікті қол үзудің ең тиімді, ең ізгілікті жолы. Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтар — еңбек етуге деген құлшынысы мен ерік-жігері мол, өздерінің мүмкіндіктерін іске асырып, қоғамға өз үлестерін қосқысы келетін азаматтар. Жәрмеңкенің негізгі түйсігіне үңілсек – әрбір азаматтың өткеніне, оның қателіктеріне немесе тағдыр жазған сынына қарамай, оның ертеңгі жарқын болашағына басымдық беру. Еңбек – бұл адамға тек қаржылай табыс әкеліп қана қоймай, оның өзіне деген сенімін оятып, қоғамдағы мәртебесін қалыпқа келтірудің ең қуатты құралы.
Жәрмеңке аясында 5-ке жуық ірілі-ұсақты жергілікті жұмыс берушілер өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыс іздеушілермен бетпе-бет сұхбат жүргізді. Барлығы 15-тен астам бос жұмыс орны ұсынылып, жұмыс іздеушілер өздерінің кәсіби дағдыларына, физикалық мүмкіндіктеріне және қызығушылықтарына қарай лайықты бағыттарды таңдау мүмкіндігіне ие болды.
Бұл шараның ең маңызды ерекшелігі – жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігі. Әлеуметтік осал топтардан келген азаматтарды жұмысқа қабылдау – бизнес өкілдері үшін үлкен ерлік пен парасаттылықтың көрінісі. Олар еңбек ресурстарын толықтырып қана қоймай, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына да өз үлестерін қоса отырып, қоғамның дамуына серпін береді.
Алимент төлеушілерді жұмыспен қамту – балалардың құқығын қорғауға бағытталған ең пәрменді шаралардың бірі. Статистикалық талдау көрсеткендей, көптеген алимент төлеушілердің қарызды уақытылы өтемеуінің басты себебі – тұрақты табыс көзінің жоқтығы. Жәрмеңке арқылы оларды тұрақты еңбекпен қамту – баланың қалыпты өсіп-дамуына, тамақтануына, білім алуына және рухани дамуына кепілдік береді. Бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың ең тікелей, ең маңызды әлеуметтік нәтижесі.
Қоғамға бейімделудің психологиялық аспектілері жайында сөз қозғар болсақ, бас бостандығынан айыру орындарынан оралған азаматтар үшін қоғамға қайта сіңісу – психологиялық тұрғыдан өте күрделі процесс. Олардың көбі жұмыс табуда «қоғам мені қабылдамайды» деген психологиялық кедергіге тап болады. Жәрмеңке бұл кедергілерді жоятын маңызды көпір іспетті. Мұнда олар өздерін түсіністікпен қабылдайтын ортамен бетпе-бет келеді, кәсіби бағыт-бағдар алады. Тұрақты еңбекпен қамтылған азамат – ешқашан қылмыстық ортаға қайтып оралмайды, керісінше, адал еңбегімен отбасын асырап, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын толыққанды азаматқа айналады.
Ал, мүгедектігі бар тұрғындар үшін жұмыс табу – олардың тәуелсіздігі мен өзін-өзі бағалауының басты факторы. Жәрмеңкеде жұмыс берушілер олардың физикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, жеңілдетілген режимдегі немесе арнайы жабдықталған жұмыс орындарын ұсынды. Бұл бағыт – инклюзивті қоғам қалыптастырудың жарқын көрінісі. Еңбек нарығындағы тең мүмкіндіктер мен құрмет – демократиялық қоғамның басты белгісі. Мұндай шаралар тек бір күндік іс-шара болып қалмауы тиіс. Жұмыспен қамту орталықтары мен бөлім мамандары жұмысқа орналасқан әрбір азаматтың кейінгі еңбек жолын, оның ұжымға бейімделуін үнемі назарда ұстайды. Егер қандай да бір қиындықтар туындаса, оларды оқыту, қайта даярлау немесе психологиялық қолдау көрсету жағы әрқашан қарастырылады.
Тақырыпты тарқата келе түйіндесек, жәрмеңкенің нәтижесі – сандармен ғана емес, адамдардың көзіндегі сеніммен, олардың ертеңгі күнге деген үмітімен өлшенеді. Әрбір жаңа жұмыс орны – бұл бір отбасының асыралуы, бір баланың қуанышы, бір азаматтың өзіне деген сенімінің қайта оралуы. Мақтаарал ауданындағы бұл бастама – әлеуметтік әділеттілік пен адам құндылығын жоғары қоятын қоғамның жарқын үлгісі.
Неге десеңіз, әрбір азаматтың тағдыры – біздің ортақ құндылығымыз. Жұмыс іздеушілерге, қиындықты еңсеруге бел буған жандарға мемлекет әрқашан қолдау көрсетеді. Жұмыс жәрмеңкелері – кәсібилік пен мейірімділіктің түйіскен нүктесі. Еңбек етемін деген әрбір азамат үшін есік айқара ашық, ал оны тиімді пайдалану – әркімнің өз қолында. Біз бірлесе отырып, әрбір азаматтың қоғамдағы өз орнын табуына жағдай жасай береміз, өйткені халықтың еңбегі – елдің дамуының негізгі қозғаушы күш екені айқын.

