Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөйлеген сөздерінде инфрақұрылымдық жобалардың сапасына және мемлекеттік нысандардың ұзақмерзімдік қызметіне баса назар аудару керектігін үнемі еске салып келеді. Президенттің пайымы бойынша, елімізде салынып жатқан әрбір мектеп, жол немесе аурухана – бюджет қаражатының тиімді игерілуінің ғана емес, болашақ ұрпаққа деген қамқорлықтың индикаторы. «Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру» – бұл тек жаңа нысандарды тұрғызу емес, бұл ең алдымен сапасыздыққа мүлдем жол бермей, әрбір тиынның халық игілігіне қызмет етуін қатаң қадағалау болып табылады. Осы қағидатты негізге алған Мақтаарал ауданының әкімдігі бүгінде аумақтағы білім беру ошақтарының жағдайын басты назарда ұстап, құрылыс жұмыстарының әр кезеңін жіті мониторингтен өткізуде.
Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков Мырзакент кентіндегі №1 «Мырзакент» мектеп-гимназиясында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысу барысында мердігер мекемелерге қатаң талап қойды. Жұмыс кездесуі барысында Бижан Шералыұлы құрылыс алаңын толық аралап, нысанның әр бұрышын тексеріп, атқарылған жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін бағамдады.
«Білім беру нысандарының сапалы әрі қауіпсіз болуы – біздің басты міндетіміз. Мұнда білім алатын әрбір баланың қауіпсіздігі мен педагогтердің еңбек ету жағдайы мемлекеттің бақылауында. Жөндеу жұмыстарының әр кезеңі құрылыс талаптары мен заманауи стандарттарға толық сай орындалуы тиіс. Жұмысты созбалаңға салуға, сапаны төмендетуге жол жоқ. Белгіленген мерзімде мектептің есігін ашып, оқушыларға қолайлы жағдай жасауымыз керек», – деді аудан әкімінің орынбасары мердігер «Construction Group SAMRUK» ЖШС өкілдеріне.
№1 «Мырзакент» мектеп-гимназиясы – аудандағы білім саласындағы іргелі нысандардың бірі. 1985 жылы пайдалануға берілген бұл білім ордасы 1176 оқушыға арналған. Қырық жылға жуық уақыт бойы сан мыңдаған түлектерге білім берген ғимарат әбден тозып, заман талабына сай жаңғыртуды қажет етті. Осы орайда, былтырдан бастап қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстары – мектептің тарихындағы үлкен бетбұрыс. Тараптар арасындағы №31 келісімшартқа сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыз – жұмысты толық аяқтаудың соңғы мерзімі. Жобаның кешенділігі соншалық, 2025 жылы нысанның ішкі бөлігіндегі жұмыстар түгелдей жаңартылып, аудиториялар, спорт залы мен асхана заманауи үлгіде жасақталды. Ал, 2026 жылдың 1 маусымынан бастап сыртқы қасбетті жаңарту кезеңі ерекше қарқын алды.
Қазіргі таңда мектеп-гимназияның сыртқы келбеті мүлде өзгеріп барады. Нысанның сыртқы қабырғаларын заманауи әрі төзімді металлосайдингпен қаптау жұмыстары 35 пайыздық көрсеткішке жетті. Шатырды толықтай жаңарту мақсатында ағаш қаңқасы – стропильдік жүйесі орнатылып, оның қауіпсіздік талаптарына сай бекітілуі басты назарда болып отырғаны да жауаптылықтың басымдығында. Неге десеңіз, табиғаттың тосыннан болатын түрлі алай-дүлей боранды, желді кезеңдерінде кейбір аумақтарда жөндеуден шыққан немесе жаңадан салынған ғимараттың шатырлары ұшып, түрлі апатты жағдайлар орын алып жатқаны жасырын емес. Сондықтан да, шатырдың сапалылығына жергілікті әкімдік аса жауаптылық танытуда.
Жобаның тағы бір құрамдас бөлігі – аумақты абаттандыру. Мектеп ауласындағы инфрақұрылымды жақсарту, оқушылардың демалысына арналған аймақтарды жасақтау және сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жоспарға сай кезең-кезеңімен іске асырылуда. Нысанның архитектуралық келбеті аудан орталығының сәулеттік стилімен үйлесім тауып, гимназияның заманауи білім орталығына айналуына негіз қалануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бюджет қаражатын талан-таражға салуға қатаң тыйым салынады» деген талабын басшылыққа ала отырып, Мақтаарал ауданының әкімдігі жұмыс барысына жүйелі мониторинг жүргізуде. Әрбір құрылыс материалы, әрбір қолданылған техникалық шешім – арнайы мамандардың бақылауында. Мемлекеттік бақылау органдарының өкілдері құрылыс алаңындағы жұмыс сапасына жүйелі түрде сараптама жасап, стандарттан ауытқулардың алдын алуда. Бұл мониторингтің негізгі мақсаты – мектеп ғимаратының ондаған жылдар бойы тұрғындарға қызмет етуін қамтамасыз ету. Құрылыста үнемдеуге жол жоқ, себебі, балалардың білім алатын ортасы ең жоғары сапа стандартына жауап беруі тиіс. Бижан Анарбековтің мердігерге қойған талабы да осы, яғни жұмыс кестесін қатаң сақтау және әрбір кезеңнің сапасын тексеріп отыру.
Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін №1 «Мырзакент» мектеп-гимназиясы оқушылар үшін жайлы ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялармен жабдықталған білім ошағына айналады. Заманауи кабинеттер, сапалы жарықтандыру, жылыту жүйесі және мектеп ауласындағы спорттық кешендер – оқу процесінің сапасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де қауіпсіз әрі шабыт беретін ортаның қалыптасуы – білім сапасын арттырудың ең басты шарты.
Мектептерді күрделі жөндеуден өткізу – бұл аудандық деңгейдегі әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігі. Аудан әкімдігі барлық білім ошақтарының жағдайын алдын ала зерттеп, кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Бұл – ауылдық жерлердегі оқушылардың білім алу теңсіздігін жоюға септігін тигізеді. Қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты қысқарту – еліміздің стратегиялық мақсаты.
Жөндеу жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі, сейсмикалық төзімділік және санитарлық нормалардың қатаң сақталуы – мердігер мекеме үшін басты міндет. Мектептегі әрбір сымның, әрбір жабынның сертификаты тексеріліп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа заманауи дабыл жүйелері орнатылуда. Бұл – ата-аналардың да мектептің қауіпсіздігіне деген сенімін арттырады.
«Construction Group SAMRUK» мекемесі өз мойнына алған міндеттемелерді уақытында орындауға тиіс. Мердігер ұйым тек жұмысшылардың санын ғана емес, сонымен қатар жұмыс сапасын да бақылауда ұстауы қажет. Мақтаарал ауданының әкімдігі мердігермен тек келісімшарттық қарым-қатынаста емес, сонымен қатар халық алдындағы жауапкершілікті ортақ сезіну қағидатымен жұмыс істеуде.
Күрделі жөндеу аяқталған соң, «Мырзакент» мектеп-гимназиясы жаңа оқу жылында жаңарған кейпінде есігін айқара ашады. Бұл оқушылар үшін үлкен қуаныш. Ал біз үшін бұл – мектеп инфрақұрылымын жақсартудағы кезекті табыс. Аудан басшылығы алдағы уақытта да барлық әлеуметтік нысандардың сапалы әрі уақытылы салынуын қатаң бақылауда ұстай береді.
Қорытындылай келе тарқатарымыз, Мақтаарал ауданындағы бұл құрылыс – мемлекеттік саясаттың халық игілігіне бағытталған нақты нәтижесі. Аудан әкімдігінің бақылауындағы бұл нысан белгіленген мерзімде сапалы пайдалануға берілетініне сенім мол. Ал, оқушылар жаңа оқу жылын заман талабына сай мектеп-гимназияда бастап, өздерінің білімге деген құштарлықтарын арттыра түсетіні анық. Бұл – еліміздің болашағы – жас ұрпаққа жасалып жатқан үлкен қамқорлықтың бір көрінісі екендігі айқын.

