Дені сау, рухы асқақ, тән сұлулығы мен жан сұлулығын қатар ұштастырған ұрпақ қана кез келген мемлекеттің мызғымас тірегі бола алады. Халқымыз ежелден «Бірінші байлық — денсаулық» деп, тән тәрбиесі мен физикалық белсенділікке ерекше мән берген. Бүгінгі таңда, жасөспірімдердің уақытын гаджеттер мен виртуалды әлем алдында көп өткізетін заманында, балалар арасында спортты, бұқаралық дене шынықтыруды және салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызы күн санап артып келеді. Спорт — тек физикалық күш-қуатты арттырып қана қоймайды, ол баланың мінезін шыңдайды, қиындыққа мойымайтын төзімділікті, мақсатқа ұмтылуды және ең бастысы — командада жұмыс істей білу, яғни ауызбіршілікті үйретеді.
Жазғы демалыс маусымы — оқушылардың мектептегі интеллектуалды жүктемеден соң бой сергітіп, денсаулықтарын нығайтатын ең қолайлы кезең. Осы орайда, балалардың бос уақытын спортпен сабақтастыра отырып, мазмұнды ұйымдастыруда жазғы сауықтыру лагерьлерінің атқаратын рөлі зор. Түркістан облысының ең көрікті аймақтарының бірі, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының табиғаты ғажайып төсінде орналасқан «Үркер» жазғы сауықтыру лагері бүгінде балалардың шығармашылық, рухани және спорттық әлеуетін ашатын нағыз орталыққа айналған.
Жақында ғана осы «Үркер» жазғы сауықтыру лагерінде демалушы топтар арасында ерекше қарқынмен, жоғары деңгейде спорттық жарыс ұйымдастырылды. Шараға Арыс қаласынан келген белсенді оқушылар ерекше дайындықпен қатысып, өздерінің жоғары спорттық шеберліктерін, ептіліктері мен жеңіске деген шынайы жігерлерін көрсетті. Бұл дода лагерь өміріне ерекше спорттық рух сыйлап, балалардың бірлігі мен достығын бекіте түскен айтулы оқиға болды.
Спорттық доданың ашылу салтанаты лагерьдің кең де заманауи жабдықталған стадионында өтті. Жарыс басталмас бұрын барлық топтар өз жасақтарының атауын, ұрандарын айтып, саптық жүріспен алаңға шықты. Әсіресе, Арыс қаласынан келген оқушылардың бір келкі спорттық киімдері, ширақ қимылдары мен жалынды ұрандары олардың бұл жарысқа үлкен үмітпен әрі тас-түйін дайындықпен келгенін бірден аңғартты.
Жарыс барысында балалар ептілік, жылдамдық және командалық ұйымшылдықтарын танытып, қызықты әрі тартысты ойын өрнегін көрсетті. Бағдарлама бірнеше спорттық бағыттарды қамтыды, бұл әр баланың өзіне тән мықты тұстарын көрсетуге мүмкіндік берді. Әсіресе, кедергілер арасымен жүгіру, допты жылдамдыққа алып өту, қаппен секіру сияқты қызықты элементтер жарыстың көркін қыздырды. Арыстық оқушылар әр секунд үшін аянып қалмай, уақытты тиімді пайдаланудың, қимылдардың үйлесімділігінің озық үлгісін көрсетті. Команда мүшелерінің бір-бірін сөзбен де, іспен де демеп, уақытылы эстафета таяқшасын берісуі олардың арасындағы өзара сенімнің жоғары екенін дәлелдеді.
Сонымен қатар, лагерьдің жасыл алаңында өткен футбол матчы нағыз кәсіби стадиондардағыдай тартысқа толы болды. Әр топ жеңіске деген жігерімен ерекшеленіп, бір-біріне қолдау білдірді. Арыс қаласының жас футболшылары тактикалық сауаттылықтарымен, шабуылды ұйымдастыру және қорғаныста сыни сәттерде бірлесіп әрекет ету шеберліктерімен көзге түсті. Жанкүйерлердің, тәрбиешілер мен лагерь жетекшілерінің қолдауы алаңдағы ойыншыларға ерекше дем беріп, әрбір соғылған гол мен сәтті қорғалған қақпа сәті ду қол шапалақпен қарсы алынып отырды.
Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Салауатты сана» ұлттық жобасы аясында жастардың тәрбиесі мен денсаулығына кешенді түрде көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, өңірімізде іске асырылып жатқан «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» концепциясы да балалардың қауіпсіз, дені сау және бақытты ортада өсуін басты міндет етіп қояды.
«Үркер» лагерінде ұйымдастырылған осы спорттық бәсеке жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалармен тікелей астарласып жатыр. Спортпен айналысқан баланың санасы да сергек, ойы анық болады. Жарыс алаңында шыңдалған бала жат қылықтардан, ұялы телефонға тәуелділіктен, лудоманиядан және басқа да зиянды әдеттерден қашық жүреді. Өйткені оның бойында спорттық мәдениет, өзін-өзі басқару және нағыз «Адал азаматқа» тән әділ бәсекелестік сезімі ұялайды. Жеңіске жету жолында тек өз күшіне, адал еңбегіне арқа сүйеу керектігін түсінген жасөспірім өмірде де дұрыс жолды таңдайтыны анық.
Арыс қаласынан келген оқушылар өздерінің жоғары спорттық дайындықтарын көрсетіп қана қоймай, өзге топтармен тез тіл табысып, жарыс барысында нағыз достық қарым-қатынастың үлгісін паш етті. Ойын аяқталған сәтте балалар бір-бірін құшақтап, жеңістерімен құттықтап, «Ең бастысы — достығымыздың жеңісі» деген ұранды биік ұстады. Бұл процесс балаларды кеңпейілділікке, спорттық этиканы сақтауға және өмірде кездесетін уақытша сәтсіздіктерді сабырмен жеңе білуге тәрбиелейтіні сөзсіз.
Жарыс соңында барлық қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен, жағымды әсермен тарқасты. Жеңімпаздар өз марапаттарын мақтанышпен алса, өзге қатысушылар алдағы уақытта бұдан да биік шыңдарды бағындыруға серт берді. «Үркер» жазғы сауықтыру лагерінде өткен бұл спорттық шара өз мақсатына толық қол жеткізді. Ол балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін оятып, олардың денсаулығын нығайтуға және өңірлік жастар арасындағы алтын көпір — достықты бекемдеуге зор үлес қосты.

