Жазғы каникул – әрбір оқушы үшін күткен, ерекше қуаныш пен еркіндік сыйлайтын кезең. Алайда, мұғалімдер мен ата-аналар үшін бұл уақыт – барынша жауапкершілікті талап ететін, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды қажет ететін, ең бастысы, олардың қауіпсіздігіне алаңдайтын маңызды кезең. Осы орайда, педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру және жазғы демалыс кезінде балалардың психологиялық, интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мінез-құлықтық тәуекелдердің алдын алу мақсатында Түркістан облысы Сайрам ауданында аудандық білім бөлімінің сала мамандарының қатысуымен семинар өткізілді.
Семинардың басты өзегі – баланың психологиялық қауіпсіздігі. Психологиялық қауіпсіздік дегеніміз – баланың өз ортасында өзін жайлы сезінуі, сенімді болуы және сыртқы ортаның келеңсіз ықпалдарына қарсы тұра алатын ішкі қорғаныс механизмінің болуы. Жасыратыны жоқ, бүгінгі танда балаларымыздың психикасына кері әсерін тигізетін айналамызда қаптаған түрлі ғаламтор кеңестігі, қоғамның қауіптілігі, тіпті жүйкесі жұқарған егде жастағы адмдардан да келіп жатқан кесірдің бары ащы болса да шындық. Сондықтан да, балаларымыздың қоршаған ортадағы өмірі қорқынышпен емес, қорғанышпен болғаны және емін-еркін өсуіне бар мүмкіндікті жасап, қамқорлық танытқанымыз орынды.
Бүгінгі семинарға қатысқан мамандар оқушылардың жазғы демалыстағы эмоционалдық жай-күйін саралай келе, мынадай түйінге келді, демалыс кезінде балалар мектептің қадағалауынан шығып, көп уақытын өз бетінше өткізеді. Бұл кезде олардың арасындағы дау-дамайлар, әлеуметтік ортадағы қарым-қатынас қиындықтары немесе отбасылық мәселелер ушығуы мүмкін. Психологтардың міндеті – балаларға демалыс кезінде де қажетті психологиялық қолдау көрсету жолдарын анықтау.
Қазіргі таңда балалардың өмірінің айтарлықтай бөлігі цифрлық дәуірдің сын-қатерлері интернет кеңістігінде өтеді. Жазғы демалыста бос уақыт көп болғандықтан, оқушылар әлеуметтік желілерде ұзақ отырады. Бұл жерде оларды қандай қауіптер күтіп тұр? Семинарда осы сұрақ кеңінен талқыланды. Мәселен, кибербуллинг (Интернеттегі қорқыту), балалардың интернетте бірін-бірі қорлауы, кемсітуі және жағымсыз пікірлер жазуы. Бұл баланың өзіне деген сенімін жойып, депрессияға әкелуі әбден мүмкін. Мұнан бөлек, груминг (Интернет арқылы жыныстық қудалау) және бейтаныс адамдардың интернет арқылы балалармен жақын қарым-қатынас орнатып, кейіннен оларды алдап-арбауы. Сондай-ақ, зиянды контент, яғни өзіне зиян тигізуге, қиянат келтіруге, агрессияға немесе басқа да деструктивті әрекеттерге итермелейтін ақпараттар. Ал, интернет-тәуелділік пен ойынқұмарлыққа салынып, шынайы өмірден алшақтаудың зардабы орасан екенін біреу білсе, біреу білмей жатқаны жасырын емес. Сондықтан да, педагог-психологтар ата-аналармен жұмысты күшейтуді ұсынды. Ата-аналар баласының компьютерде немен айналысып отырғанын бақылап қана қоймай, олармен интернеттегі қауіпсіздік туралы ашық әңгімелесуі керектігін ескеретін болды.
Семинар барысында тәуекел тобындағы оқушылармен жұмыс істеудің жаңа алгоритмдері ұсынылды. Кейбір балалардың мінез-құлқындағы ауытқулар (агрессия, тұйықтық, ережелерді елемеу) – олардың ішкі жан-дүниесіндегі дабыл белгілері болуы мүмкін екендігі айтылды.
Мамандар тәуекелдердің алдын алудың ең тиімді жолы ретінде әлеуметтенуді арттыру мақсатында, балаларды түрлі үйірмелерге, еріктілер қозғалысына немесе шығармашылық жобаларға тарту және бос уақыты жоқ баланың жат қылықтарға бой алдыру ықтималдығы төмен болатынын, эмоционалдық интеллектіні дамыту мен балаға өз сезімін басқаруды, басқалардың сезімін түсінуді үйрету. Сондай-ақ, сенімдік ортаның болмауынан мұғалім мен оқушы, ата-ана мен бала арасындағы ашық қарым-қатынас орнатудың көп нәтижеге қол жеткізетінін алға тартты.
Психологтардың кәсіби құралын жетілдіру барысында семинар тек теориямен шектелмей, практикалық тренингтерге ұласты. Педагог-психологтар арнайы тест-сауалнамаларды, психологиялық ойындарды қолдану арқылы балалардың жабық немесе агрессивті күйін қалай анықтауға болатынын үйренді.
Семинардың қорытындысында педагог-психологтар аудан бойынша «Жаз – қауіпсіз кезең» атты бірыңғай іс-шаралар жоспарын жасады. Бұл жоспар аясында, ата-аналарға арналған жадынамалар тарату, оқушылармен интернеттегі қауіпсіздік бойынша онлайн-кездесулер өткізу және тәуекел тобындағы балалармен жекеше психологиялық сүйемелдеу жүргізуді тапсырды.
Бүгінгі семинарды тарқата келе айтпағымыз, жазғы демалыс – балалар үшін бақытты шақ болуы тиіс. Ол бақытты шақты қамтамасыз ету – білім беру саласындағы мамандардың, психологтардың және ата-аналардың ортақ парызы. Оқушылардың психологиялық және цифрлық қауіпсіздігі – бүгінгі таңда ең өткір мәселелердің бірі. Сайрам ауданында өткен бұл семинар мамандардың білімін шыңдап қана қоймай, балалардың тыныштығын сақтау жолында жаңа күш-жігер берді.
Бала – біздің болашағымыз. Олардың санасы таза, мінезі жайдары, ал қоршаған ортасы қауіпсіз болғанда ғана еліміздің ертеңі жарқын болмақ. Біздің педагог-психологтар осы игі мақсат жолында өз кәсібиліктерін көрсете отырып, әрбір баланың жан дүниесіне қолдау көрсетуге дайын.
Абай атамыз «Адамның бір қызығы – бала деген». Әрбір бала – ата-ананың көз қуанышы. Баланың бойына адамгершілік, адалдық, еңбексүйгіштік қасиеттерді сіңіруіміз керек және еңбе етуге деген сүйіспеншілігі мен қабілетін арттыруымыз керек.

