Бала – қоғамымыздың болашағы, ұлттың ертеңі және мемлекетіміздің басты байлығы. Сондықтан жас ұрпақтың физикалық және психологиялық тұрғыдан сау, толыққанды қауіпсіз ортада өсіп-жетілуін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі әрі маңызды стратегиялық міндеті. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Түркістан облысы Сайрам ауданының «Далабазар» жалпы білім беретін мектебінің базасында өткен ведомствоаралық семинар-кеңес өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау және оларды түрлі қауіп-қатерден сақтау мәселесін жаңа деңгейге көтерді.
Кешенді жоспар – іс-қимылдың темірқазығы іспеттес бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысымен бекітілген «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың» 25, 26-тармақтарын орындау мақсатында ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы 2 шілдедегі №419 және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 4 шілдедегі №170 бірлескен бұйрықтарын іске асыру – балалардың әл-ауқатын көтерудегі салааралық интеграцияның жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл құжаттардың барлығы бір арнаға тоғысып, балалармен жұмыс істейтін барлық құрылымдардың міндеттерін айқындап берді.
«Біріккен күш – нәтижелі жұмыстың кепілі»,- демекші семинар-кеңесті аудан әкімінің орынбасары, жұмысшы штабтың жетекшісі Сержан Дауылбайұлы Дүйсебаев модераторлық етіп, іс-шараның күн тәртібін бекітті. Ол өз сөзінде бала қауіпсіздігіне келгенде «мекемеаралық шекара» деген түсінікке мүлдем жол берілмейтінін баса айтты: – «Баланың қауіпсіздігі – білім беру саласының ғана емес, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары, әлеуметтік қызметтер және жергілікті биліктің ортақ жауапкершілігі. Ведомствоаралық іс-қимыл жүйелі болмаса, біз алдын алу шараларында осалдық танытамыз. Сондықтан әрбір қадам, әрбір ақпарат, әрбір дерек уақтылы алмасылуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу», – деп атап өтті Сержан Дауылбайұлы Дүйсебаев.
Жалпы, негізгі талқылаулар мен тәуекелдерді қалай азайтамыз деген сауалға жауап іздегенімізде, балаларымыздың қауіпсіздігі мен олардың бейбіт өмірде шат-шадман, ешқандай қайғы-мұңсыз өмір сүрулері үшін, жиі басқосулар мен талқылаулардың тоқтамайтынын ашық айтқанымыз жөн болар. Неге десеңіз, бала – болашағымыз, еліміздің ертеңгі өмір жалғасы болғандықтан, оларды аймалап, мәпелеп, бақыт шуағына бөлеумен қатар, өмір болған соң кездесіп жататын мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын қарастырудың ешқандай сөкеттігі жоқтығын, керісінше көңілден де, көзден де таса қылмауымыздың қажеттілігі орасан деп білгеніміз абзал.
Осы орайда бүгінгі семинар барысында бірнеше өзекті мәселелер бойынша арнайы алгоритмдер терең талқыланды. Мәселен, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша балалар арасындағы жағымсыз әрекеттерді ерте анықтау қажеттігі. Мұнда жағдайда білім беру мекемелері мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың өзара байланысы маңызды рөл атқарады. Ал, аутодеструктивті мінез-құлық пен суицидтік ойлар мен мінез-құлықтың алдын алу бойынша кешенді психологиялық қолдау көрсету жүйесінің атқарар рөлі орасан. Әсіресе, тәуекел тобындағы балаларды анықтап, оларға жекелеген бағдарлама бойынша көмек көрсету алгоритмі пысықталды. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған зорлық-зомбылыққа жол жоқ және отбасындағы және білім беру ортасындағы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік таныту мақсатында атқарар жұмыстар жүйеленді. Мұғалімдердің баланың психологиялық жағдайындағы ең кішкентай өзгерістерді уақытылы байқауының маңызы ерекше екені атап өтілді.
Қандай жағдай болғанда да, өз ісінің жауапты мамандарының тәжірибесі мен ұсыныстары назарға алынып, кездесуде басқосқан денсаулық сақтау саласының мамандары мен педагогтар нақты кейстер бойынша пікір алмасты. Әсіресе, ата-аналармен жұмыс істеу мәселесі көп талқыланды.
Біле жүргеніңіз де, білгеніңіз де қажет психологиялық-педагогикалық қолдау, тәуекел тобындағы балалармен жұмыс тек мектеп ішінде емес, отбасылық ортада жүргізілуі тиіс. Бұл ретте мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың жұмысын күшейту ұсынылды. Сонымен қатар, ата-аналардың жауапкершілігі мен баланың виртуалды әлемінде немен айналысып жүргенін, кімдермен сөйлесетінін білу — әрбір ата-ананың міндеті. «Кибербуллинг» мәселесі бүгінгі күннің басты қаупі ретінде аталып өтті.
Сондай-ақ, бірыңғай алгоритм бойынша әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шеңберіндегі ақпаратты ортақ базаға дер кезінде енгізуі тиіс. Бұл – болашақтағы және дәл қазіргі уақыттағы болғалы жатқан қауіпті болдырмауда алдын алудың ең сенімді жолы екені айтпаса да түсінікті. Болашаққа бағытталған қадамдар мен жүйелілік пен сабақтастық орнатқан семинар-кеңес нәтижесінде барлық қатысушы мекемелер үшін бірыңғай жұмыс алгоритмі бекітілді. Алдағы уақытта аудан көлемінде «Бала қауіпсіздігі» акциялары, ашық есік күндері және ата-аналармен сенімділік орнатуға бағытталған психологиялық тренингтер өткізу жоспарлануда.
Мұндай ведомствоаралық іс-шаралар балалардың құқығын қорғауды «қағаз жүзіндегі есеп» емес, «нақты нәтиже» бағытына ауыстыруды көздейді. Заң үстемдігі мен ашықтық қағидаттарын сақтай отырып, біз әрбір баланың бақытты әрі қауіпсіз ортада өсуіне толық мүмкіндік жасай аламыз. Қорыта айтқанда, бұл семинар мемлекеттік құрылымдардың бірлесе жұмыс істеуінің үлгісін көрсетті. Баланың қауіпсіздігі — бәріміздің ортақ ісіміз, ортақ міндетіміз және жарқын болашағымыз. Сондықтан да, балаңыздың болашағы бұлыңғыр, келешегі күрмеулі болмас үшін, ата-аналар тарапынан балаға деген бақылау мен махаббаттың шексіздігі артықтық етпесін әрбіріңіз жадыңызда сақтағаныңыз жөн. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз жас ұрпақты түрлі қауіп-қатерден сақтай аламыз және бақытты балалық шақ сыйлай аламыз.

