Қазақстанның саяси жүйесі жаңғырудың жаңа кезеңінде. Елдегі конституциялық реформалар мен саяси реформалар аясында өткізіліп жатқан сайлау науқандары мемлекеттің демократиялық дамуының негізгі индикаторы болып табылады. Сайлаудың әділдігі, ашықтығы және заңдылығы ең алдымен жергілікті жердегі сайлау комиссияларының мүшелеріне, олардың заңнаманы білуіне және кәсіби даярлығына тікелей байланысты. Осы орайда, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Сайрам ауданында өткен учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқу-семинар ерекше маңызға ие болды.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес және Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 29 мамырдағы №2 хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында өткізілген бұл іс-шара — жай ғана оқу емес, бұл сайлау жүйесінің кәсібилігін шыңдау процесі болды.
Семинардың басты мақсаты — сайлау комиссиялары мүшелерінің заңнамалық базаны қолданудағы бірізділігін қамтамасыз ету, сайлау процесін ұйымдастырудағы келеңсіздіктердің алдын алу және тәжірибе алмасу арқылы бірыңғай стандарттарды қалыптастыру. Сайлау комиссиясының мүшесі — мемлекеттің сайлау заңнамасының тікелей орындаушысы, сол себепті олардың білім деңгейі сайлау науқанының сәтті өтуінің кепілі.
Жиынға облыстық аумақтық сайлау комиссиясының басшылығы қатысты. Төраға Аңсар Жаңабайұлы Өсербаев, төраға орынбасары Бақытбек Сембекұлы Хасанов, комиссия мүшелері Қайратбек Рахыманбердіұлы Мырзакелдиев пен Бахтияр Темірболатұлы Өскенбаев оқу-семинардың мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне мұрындық болды.
Бұл семинардың ерекшелігі — оған тек Сайрам ауданының ғана емес, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Арыс қаласының аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері қатысуында болды. Бұл — аймақтық деңгейдегі өзара тәжірибе алмасудың кеңейтілген алаңына айналды. Түрлі аудандардан келген мамандар өздерінің жұмысындағы жағымды жағдайлармен бөлісіп, алдағы саяси науқандарда бірдей стандартты ұстануға уағдаласты. Семинардың мазмұны өте бай әрі кешенді болды. Онда сайлау комиссиялары қызметінің барлық кезеңі егжей-тегжейлі талқыланды. Тарқатып айтқанда, тренерлер пулын қалыптастыру және оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру — алдағы сайлау науқандарында жергілікті деңгейде кадрларды даярлау үшін маңызды қадам болмақ. Жаман айтпай жақсы жоқ, демекші жанжалды жағдайлар туындаған жағдайда, яғни сайлау күні болатын кез келген даулы мәселені, заң бұзушылықтарды немесе байқаушылармен арадағы түсінбеушіліктерді заң аясында шешу жолдары нақты мысалдармен көрсетілңп, жіті түсіндірілді.
Сонымен қатар, дауыс беру рәсімі бағытында басымдыққа ие дауыс беру процесінің басталуынан бастап, бюллетеньдерді қабылдау, учаскенің жабылуы, дауыстарды санау және нәтижелерді рәсімдеу — бұл әрбір комиссия мүшесі мүлт кетпей орындауы тиіс процедураның маңыздылығының орасандылығы айтылды. Сондай-ақ, сайлаушылармен жұмыс барысында, сайлаушыларды ақпараттандыру, тізімдерді нақтылау және азаматтардың сайлау құқығын қорғау мәселелері басты назарда болу керектігі пысықталды. Жалпы алғанда комиссиялардың үйлесімділігі міндетті түрде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының арасындағы ақпараттық және құқықтық байланыстың маңызды рөл атқаратыны ескертілді.
Семинар соңында қатысушылардың білім деңгейін тексеру мақсатында арнайы тест тапсырмалары өткізілді. Бұл жай ғана тексеру емес, әрбір комиссия мүшесінің сайлау заңнамасын қаншалықты терең меңгергенін анықтаудың әдісі болды. Тест нәтижелері бойынша қатысушылардың осал тұстары анықталып, оларды түзету бойынша нақты ұсынымдар берілді.
Практикалық тәжірибемен бөлісу барысында комиссия мүшелері өздерінің бұған дейінгі сайлауларда кездескен қиындықтарын ортаға салып, басшылықтан білікті кеңес алды. Бұл — оқудың ең тиімді түрі, себебі шынайы өмірдегі жағдаяттар теориялық оқулықтардан да маңыздырақ. Түйіндей келе айтпағымыз, сайлау жүйесі — мемлекеттің басты тірегі мен құндылығы десек артық айтұандығымыз емес. Осы жүйенің ашықтығы, әділдігі мен заңдылығын қамтамасыз ететін негізгі тұлғалар — учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері. Оларды оқыту, кәсіби шеберлігін шыңдау — мемлекеттік деңгейдегі маңызды іс.
Сайрам ауданында өткен бұл оқу-семинар Түркістан облысындағы сайлау жүйесінің сапалы дамып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай оқыту іс-шараларының жүйелі түрде жалғасуы, комиссия мүшелерінің жауапкершілігін күшейтіп, еліміздегі сайлау науқандарының жоғары халықаралық стандарттарға сай өтуіне мүмкіндік береді.
Неге десеңіз, біздің ортақ мақсатымыз — азаматтардың сайлауға деген сенімін арттыру және демократиялық институттарды нығайту. Бұл жолда әрбір комиссия мүшесінің кәсібилігі — ең үлкен қазына. Алдағы сайлау науқандарында Түркістан облысының сайлау комиссиялары өздерінің жоғары дайындығын көрсететініне сенім мол.

