Анығын айтқанда, «Мемлекеттік қызмет — бұл лауазым емес, бұл — Отанға, халыққа шексіз адалдықпен қызмет ету және елдің сенімін ақтау жолындағы қасиетті міндет!». Кез келген егемен мемлекеттің басқару жүйесінің беріктігі мен тұрақтылығы оның мемлекеттік аппаратының кәсібилігіне, тазалығына және жауапкершілігіне тікелей байланысты. Мемлекет пен бұқара халықтың арасындағы алтын көпір іспетті қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің еңбегі — елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудың басты тетігі. Осы орайда, Тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік реформалары аясында мемлекеттік қызметтің беделін көтеру мен оның қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз ету бағытында Төлеби ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Маусым айының бел ортасынан ауа беретін бұл айтулы күн — ел дамуының даңғыл жолында жүрген азаматтардың кәсіби мерекесі ретінде мемлекеттік деңгейде кеңінен атап өтілуде. Бүгін Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, мемлекеттік қызмет саласында жемісті, мінсіз еңбек етіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдық-саяси қызметтегі рөлін ерекше атап өтті.
Салтанатты іс-шараның шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, мәжіліс залында ерекше рухты атмосфера қалыптасты. Жиынның беташар сөзін алған аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов мемлекеттік қызметтің қоғамдағы айрықша рөлі мен заманауи талаптарына тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде әрбір маманның мемлекетшілдік санасы мен халыққа жақын болу қағидатын басты орынға қойды.
— «Мемлекеттік қызметшінің бойынан ұлы Абай бейнелеген «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» секілді асыл қасиеттердің көрініс табуы — кәсіби біліктілікпен қатар, тұлғалық кемелділіктің де маңызды көрсеткіші. Бұл құндылықтар мемлекеттік қызметшінің өз міндетін адал атқаруына, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне және азаматтармен тиімді, ашық байланыс орнатуына берік негіз болады», — деп атап өтті аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы.
Аудан басшысы атап өткендей, қазіргі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу стилі түбегейлі өзгерді. Бүгінгі мемлекеттік қызметші — тек қағаз жүзінде шешім қабылдайтын шенеунік емес, ол — әрбір тұрғынның мұң-мұқтажын тыңдай алатын, мәселені заң шеңберінде жедел әрі сапалы шешуге қабілетті, мәдениетті әрі жауапты маман болуы шарт. Ел мүддесіне адал қызмет ету, халық сенімін ақтау және мемлекеттің тұрақты дамуына үлес қосу — Төлеби ауданы әкімдігі ұжымының негізгі темірқазығы болып табылады.
Мерекелік жиынның ең салтанатты да толқынысты сәті — мемлекеттік қызметте ерекше көзге түскен, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандарды марапаттау рәсімі болды. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов сахна төрінде бірқатар үздік қызметшілерге өзінің атынан арнайы Алғыс хатын табыс етті.
Мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан, өздерінің соңынан ерген жас мамандарға үлгі-өнеге бола білген ардагер мемлекеттік қызметшілерге ерекше құрмет көрсетілді. Оларға ауданның дамуына қосқан тарихи үлестері үшін алғыс айтылып, бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Бұл — мемлекеттік қызметтегі үлкен тәжірибе мен жастықтың сабақтастығын көрсететін терең рухани сәт болды.
Мемлекеттік қызметші тек кеңсе жұмысымен шектеліп қалмай, салауатты өмір салтын да ту етіп ұстауы тиіс. Жақында ғана Түркістан қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиадада Төлеби ауданының намысын абыроймен қорғаған құрама команда ерекше мақтауға ие болды. Командалық есепте облыс бойынша жүлделі ІІ орынды иеленіп, аудан абыройын асқақтатқан спортшы-қызметшілер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Бұл жеңіс — Төлебилік қызметшілердің ұйымшылдығы мен жоғары дайындығының айқын дәлелі.
Төлеби ауданының жергілікті атқарушы органдары мен мемлекеттік құрылымдарының кадрлық құрамы жыл санап сапалық тұрғыдан өсіп келеді. Жиын барысында ауданның мемлекеттік қызмет саласындағы ағымдағы көрсеткіштері мен статистикалық деректері де тілге тиек етілді. Қазіргі таңда Төлеби ауданының жергілікті атқарушы органдарында 202 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Аудан қызметшілерінің 28 пайызын әйелдер құрайды. Олар мемлекеттік басқару ісінде, әлеуметтік салалар мен бөлімдерде басқарушылық және орындаушылық қызметтерді жоғары деңгейде атқарып, нәтижелі жұмыс көрсетуде. Бұл мамандар күн сайын аудан тұрғындарының ең өзекті мәселелерін, яғни инфрақұрылым, жол, су, жарық, әлеуметтік көмек т.б. шешуге, мемлекеттік маңызды бағдарламаларды сапалы іске асыруға және ауданның жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға өздерінің тікелей үлестерін қосып келеді.
Қазіргі уақытта қоғам алдында тұрған үлкен қатерлердің бірі — жастар мен ересектер арасындағы лудомания (құмар ойындарға тәуелділік), интернет-тәуелділік және жемқорлық секілді жат қылықтардың белең алуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Салауатты сана» қалыптастыру мен құмар ойындардың зардабымен күресуді ұлттық міндет ретінде қойды. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметшілердің рөлі мен олардың жеке басының үлгісі ерекше маңызға ие.
Мемлекеттік қызметшінің бойында Абай айтқан «нұрлы ақыл» мен «жылы жүрек» болғанда ғана, ол құмар ойындар мен жеңіл ақша табудың жетегінде кетпейді. Әдеп жөніндегі кеңестер мен мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі талаптары Төлеби ауданында өте қатаң сақталады. Ұжым ішінде лудомания, құмар ойындарға қатысу секілді келеңсіздіктерге мүлдем төзбеушілік (нөлдік төзімділік) қалыптасқан. Ауданның 202 мемлекеттік қызметшісі өздеріне бекітілген ауылдық округтер мен секторларда тұрғындар арасында, әсіресе жастар арасында лудоманияның, нашақорлықтың және интернет-тәуелділіктің зияны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Олар отбасылық құндылықтарды сақтау, жастарды спортқа, бұқаралық шараларға тарту арқылы салауатты қоғам құрудың алғышарттарын жасап келеді. Мемлекеттік қызметшінің өз ісіне адалдығы — қоғамдық сананың сауығуына тікелей әсер етеді.
Мәжіліс залында өткен ресми бөлімнен кейін, іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Сахна төрінен патриоттық әндер шырқалып, мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін асқақтататын күйлер күмбірледі. Жиналысқа қатысушылар кәсіби мереке қарсаңында үлкен рухани серпіліс алып, бір-бірлеріне жылы лебіздерін білдірді. Марапатқа ие болған қызметшілер мен сала ардагерлері аудан басшылығына көрсетілген жоғары құрмет пен қолдау үшін өздерінің шынайы ризашылықтарын жеткізді. Олар алдағы уақытта да Төлеби ауданының гүлденуі мен Тәуелсіз Қазақстанның қуатты мемлекетке айналуы жолында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.
Ия, 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын Төлеби ауданында жоғары идеологиялық және мәдени деңгейде өтті. Шара барысында марапатталған барлық мемлекеттік қызметшілерді, спорттық спартакиада жүлдегерлерін және ардагерлерді шын жүректен құттықтап, елге қызмет ету жолындағы жауапты да абыройлы еңбектеріңізге толайым табыстар, отбасыларыңызға бақ-береке тілеп, Мемлекетіміздің іргесі берік, Тәуелсіздігіміз мәңгілік, ал Төлеби топырағында халыққа адал қызмет ететін саналы азаматтардың қатары көп болғай деген ниеттеміз.

