Тарихы терең, жастары жалынды өлке және қазақ халқының қасиетті географиялық нысандарының бірі, аңызы мен ақиқаты астасқан киелі мекен — Тұркістан облысы Қазығұрт ауданы бүгінде тек тарихи жәдігерлерімен ғана емес, сонымен бірге жасампаз, білімді және белсенді жастарымен де ерекшеленеді. Халық арасында «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деген пәлсапалық тәмсіл тегін айтылмаған. Осынау ұлы тарихтың куәгері болған құтты мекенде бүгінде жаңа дәуірдің, Жаңа Қазақстанның жасампаз буыны өсіп келеді.
Қазіргі таңда Қазығұрт ауданында 117 мыңнан астам халық өмір сүрсе, соның 40 мыңнан астамын жастар құрайды. Бұл — аудан халқының шамамен үштен бірінен астамы қозғаушы күш, яғни жас буын деген сөз. Осы себепті де өңірде жастар саясатын дамыту, олардың әлеуетін арттыру, сапалы білім мен тәлімді тәрбие беру — мемлекеттік басқару мен қоғамдық дамудың ең басты, стратегиялық бағыттарының біріне айналып отыр. Бүгінгі «Jas media» бағдарламасы аясында біз Қазығұрт жастарының тыныс-тіршілігіне, олардың бағындырған биіктері мен қоғамға тигізіп жатқан оң әсеріне кеңінен тоқталатын боламыз.
Жастар ресурстық орталығы — даму мен инновацияның бас хабы деуімізге, аудандағы 40 мыңнан астам жастың басын біріктіріп, олардың идеяларына қанат бітіріп отырған негізгі қара шаңырақ — аудандық Жастар ресурстық орталығы. Бұл мекеме жай ғана статистикамен айналысатын ұйым емес, бұл — жастардың жан-жақты дамуына, интеллектуалдық және шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына бағытталған ірі жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыратын заманауи локомотив.
Орталықтың ұйытқы болуымен аудан көлемінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың ой-өрісін кеңейту мақсатында бірнеше ауқымды брендтік жобалар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мәселен, «Қазығұрт көшбасшылары» интеллектуалды ойыны жайында айтар болсақ, бұл жоба мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы ең зерек, көшбасшылық қасиеті жоғары жастарды анықтауға бағытталған. Ойын барысында жастар логикалық тапсырмаларды шешіп, сыни ойлау қабілеттерін шыңдайды.
Сонымен қатар, «Жастар – әлемді өзгертетін күш» жайдарман сайысы, жастардың тауып айтар тапқырлығын, әзіл арқылы қоғамдық мәселелерді жеткізе білу шеберлігін дамытатын бұл сайыс аудан мәдениетіндегі ең танымал шаралардың бірі. Жайдарман арқылы жастар сахна мәдениетін меңгеріп, өздеріне деген сенімділікті арттырады.
Ал, «IT Jas IQ» робототехника байқауы, заман ағымына сай, аудан жастарының ІТ-технологиялар мен инженерия саласына деген құштарлығын ояту мақсатында ұйымдастырылатын бірегей сайыс. Мұнда жас өнертапқыштар өздері құрастырған роботтар мен заманауи бағдарламалау өнімдерін таныстырады.
Сондай-ақ, дәстүрлі «AL-FARABI» интеллектуалды сайысы, Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын дәріптей отырып, жастардың ғылымға, тарихқа, философия мен жалпы білім деңгейіне терең бойлауын қамтамасыз ететін, деңгейі жоғары зияткерлік дода.
Қазығұрт жастарының бойындағы отансүйгіштік сезім мен спортқа деген махаббат ерекше атап өтуге лайықты. Бұған дәлел — мемлекеттік маңызы бар мерекелер мен республикалық спорттық ареналардағы белсенділік танытқан игі істері жайында сөз қозғамауға болмайды. Неге десеңіз, асқақ рухтың көрінісі — Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында ауданның белсенді де қайсар жастары ұлыстың ұйытқысы болған Қазығұрт тауының ең биік шыңына жаяу шеру жасады. Олар 1768 метр биіктікке көтеріліп, тау шыңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын желбіретті. Көк аспанмен астасқан бұл сәтте орындалған Мемлекеттік Гимн әрбір жастың жүрегіндегі патриоттық сезімді лаулатып, Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті паш етті.
Спорт саласында да Қазығұрттың қырандары облыс пен республика деңгейінде танылып келеді. Жақында ғана өткен беделді республикалық «JASTAR CUP III» шағын футбол турнирінде Қазығұрт ауданының жас спортшылары бүкіл Түркістан облысының намысын абыроймен қорғады. Олар өздерінің шеберліктері мен жеңіске деген мықты жігерін көрсетіп, өңірде бұқаралық спорттың, оның ішінде футболдың жоғары деңгейде дамып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Білім беру мен экологиялық жауапкершіліктегі жастар саясатының тағы бір маңызды діңгегі — жастарға бағыт-бағдар беру және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру. Ауыл жастарының сапалы жоғары білім алуына және кадр тапшылығы бар аймақтарда маман атануына жағдай жасайтын «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы Қазығұртта белсенді насихатталуда. Осы мақсатта ауданның түкпір-түкпірінде, мектептер мен ауылдық округтерде жас түлектермен және ата-аналармен тұрақты түрде түсіндіру кездесулері өткізіліп келеді. Бұл кездесулер жастардың мамандық таңдауда қателеспей, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына зор септігін тигізуде.
Мұнан бөлек, Қазығұрттық жастар туған өлкенің табиғатын аялауда да алдыңғы шепте жүр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған экологиялық реформалар аясында аудан жастары келесідей маңызды акцияларға тұрақты әрі жаппай қатысып келеді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы — ауылдар мен көшелерді, тарихи ескерткіштер маңын қоқыстан тазарту, тазалық мәдениетін қалыптастыруға жетелеуде.
«Жасыл болашақ» жобасы аясында аудан аумағын көгалдандыру, тал егу, жасыл желектерді көбейту арқылы экологиялық тепе-теңдікті сақтау мәртебесі асқақтауда. «Мөлдір бұлақ» бастамасы — өңірдегі су көздерін, өзендер мен бұлақтардың көзін ашып, оларды ластанудан қорғауға мұрындық болуда. Сондықтан да, бұл шаралар жастарды тек еңбекке баулып қана қоймай, қоршаған ортаға деген азаматтық жауапкершілікті арттырудың бірегей үлгісі саналады.
Еріктілер қозғалысының нәтижесінде, ізгілік пен қайырымдылық мекеніне айналған Қазығұрт ауданы жастарының ерекше мақтанышы — олардың үлкен жүрегі мен жанқиярлық көмекке дайын тұратын еріктілік қасиеті. Бүгінгі таңда ауданда ресми түрде тіркеліп, жүйелі жұмыс істейтін 5 ірі еріктілер ұйымы бар. Бұл ұйымдардың қатарында 180-ге жуық жас қызмет етеді.
Осы бес волонтерлік ұйым аудандағы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты түрде демеу болып келеді. Олар қайырымдылық марафондарын ұйымдастырады, мұқтаж жандардың үй шаруасына қолғабыс етеді және қоғамдық маңызы бар барлық мәдени, спорттық шаралардың жоғары деңгейде өтуіне техникалық әрі ұйымдастырушылық тұрғыдан үлкен үлес қосады. Қазығұрттық еріктілер — қоғамның айнасы, ізгіліктің нақты көрінісі.
Қорыта айтқанда, Қазығұрт — тек тарихы терең, табиғаты көркем өлке ғана емес, бұл аймақ — бүгінде жасампаздық пен белсенділіктің қайнаған орталығы. 40 мыңнан астам жастың күш-жігері, білімі мен талпынысы ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына тікелей ықпал етіп отыр. Интеллектуалды ойындарда топ жарып, ІТ-саласын меңгерген, 1768 метр биіктікте Көк Туды желбіретіп, экология мен қайырымдылықта алдына жан салмаған Қазығұрттың білімді, бастамашыл жастары — тек өз ауданының ғана емес, бүкіл еліміздің де жарқын болашағының берік кепілі. «Jas media» бағдарламасы арқылы киелі де қасиетті Қазығұрт топырағынан бүкіл Қазақстан жастарына жалынды сәлем жолдап, болашақты бірге құрамыз, жас дарындар дейміз.

