Мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты орнату, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру — қазіргі таңдағы жасампаз реформалардың басты діңгегі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық Жолдауларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға тарта отырып, әрбір өңірде, әрбір ауданда тұрғындардың мұң-мұқтажына дер кезінде назар аударуды, әлеуметтік қызметтерді проактивті әрі ашық форматқа көшіруді қатаң тапсырған болатын. «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» идеологиясының негізгі мақсаты — қоғамда заң мен тәртіпті орнату, әлеуметтік әлсіз топтарды, зардап шеккен немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды мемлекеттік қорғаумен толық қамту. Осы стратегиялық міндеттерді жергілікті деңгейде сапалы іске асыру және халықпен тікелей байланыс орнату мақсатында, Сауран өңірінде қоғамдық маңызы зор, ауқымды іс-шара жүзеге асырылды. Отбасын қолдау орталығында тұрғындармен кері байланысты нығайту және орталық қызметін кеңінен таныстыру мақсатында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Аудан тұрғындары мен жауапты сала мамандары бас қосқан бұл ашық алаң — азаматтардың құқықтық, әлеуметтік және психологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қиын жағдайда қалған талай шаңыраққа нақты көмек көрсетудің тиімді тетігіне айналды. Шындығында тұрғындардың көпшілігі өздерінің құқықтық немесе әлеуметтік мәселелері бойынша қай мекемеге, кімге жүгіну керек екенін біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ұйымдастырылған Ашық есік күні аясында азаматтардың өтініштері тікелей тыңдалып, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар егжей-тегжейлі айтылып, тұрғындарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмектер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, түрлі күрделі мәселелер бойынша кәсіби кеңестер берілді.
Кездесуге Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Нартай Тойсұлу Мұратқызы арнайы қатысып, тұрғындардың заңдық сипаттағы сұрақтарына жауап берді. Полиция аға лейтенанты орталыққа келген азаматтарға, әсіресе әйелдер мен аналарға тұрмыстық қысым, отбасындағы агрессия және құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда заң шеңберінде қандай шаралар қолданылатынын және Қазақстан Республикасының заңнамасында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында енгізілген соңғы қатаң өзгерістерді, қорғаулық нұсқаманың қолданылу тәртібін және заң бұзушылардың әкімшілік-қылмыстық жауапкершілігін егжей-тегжейлі талдап берді. Тәртіп сақшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған немесе соның қаупін сезінген әрбір азаматқа құпиялылық сақтала отырып, шұғыл заңдық көмек көрсетілетінін айтып, қажетті құқықтық бағыт-бағдар ұсынды.
Отбасындағы кикілжіңдер мен өмірлік қиындықтар адамның физикалық денсаулығына ғана емес, оның ішкі ментальді саулығына да үлкен нұқсан келтіреді. Осы тұрғыдан алғанда, тұрғындарға медициналық-психологиялық бағытта көмек көрсету мақсатында шараға Сауран аудандық емханасының психологы Мұсабекова Айнур Мәлікқызы қатысып, тұрғындарға соматикалық аурулардың (мысалы, жүрек, қан қысымы, жүйке жүйесінің бұзылуы) негізі көбіне отбасындағы созылмалы күйзелістер мен психологиялық қысымнан туындайтынын ғылыми тұрғыда түсіндірді. Сондай-ақ, ішкі мазасыздықты жеңу, депрессиядан шығу, стресске қарсы тұру және отбасы мүшелерінің денсаулығын сақтау бойынша медициналық-психологиялық кеңестер берді. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің психикалық дамуы, оларды мектептегі буллингтен және отбасылық жанжалдардың жанама әсерінен қорғау мәселелеріне ерекше тоқталып, ата-аналарға бағалы нұсқаулықтар ұсынды.
Орталықтың білікті психологы Раметова Саодат Хакрамқызы отбасы ішіндегі ер мен әйелдің қарым-қатынасы, ене мен келін арасындағы түсіністік және ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі сияқты өте нәзік әрі өзекті тақырыптар төңірегінде жеке қабылдаулар жүргізді. Ол тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, отбасындағы ұрыс-керістердің алдын алудың, отбасылық эмоционалдық интеллектті арттырудың практикалық әдістерін көрсетті. Орталық психологы өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларды тек бір реттік кеңеспен қалдырмай, оларды орталық базасында ұзақ мерзімді кешенді психологиялық сүйемелдеуге алудың маңыздылығын атап өтті.
Ашық есік күнінің басты бағыты — өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек пакеттерінің нақты таныстырылуымен және орталық мамандары келген азаматтарға келесі бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау алгоритмдерін түсіндіру басымдығына ие болды.

