Қоғамның болашағы, оның интеллектуалдық және адамгершілік әлеуеті тікелей бүгінгі өскелең ұрпақтың, яғни жастардың бойындағы құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілік деңгейімен өлшенеді. Сондықтан да жастық шақ — адам баласының өмірлік құндылықтары қалыптасатын, жақсы мен жаманды, заңды мен заңсызды ажырататын ең маңызды кезең. Осы ретте, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, оларды кез келген зорлық-зомбылық көріністерінен қорғау және саналы азамат ретінде тәрбиелеу — мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» тұжырымдамаларын алға тарта отырып, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін орнатуды, әсіресе әйелдер мен балаларға, жастарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы тұруға бейімдеу қажет. Себебі, қауіпсіз қоғам құру — бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, білім беру ошақтары мен әлеуметтік мекемелердің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осы сындарлы бағыт аясында, Арыс қаласында жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған №17 колледж студенттерімен «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында тағылымды да мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Білім ордасында өткен бұл ауқымды басқосудың арнасы, жастардың заңдық білімін тереңдетумен қатар, олардың қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, жастар арасында тұрмыстық және әлеуметтік зорлық-зомбылықтың алдын алу мен құқықтық сауаттылығын күшейту және қауіпсіз қоғам құру бағытында кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Жасыратыны жоқ, колледж студенттері жасөспірімдік шақтан ересек өмірге қадам басқан бозбалалар мен бойжеткендер — психологиялық тұрғыдан өте сезімтал аудитория. Бұл кезеңде олардың мінез-құлқында максимализм, эмоцияға тез берілу және құрдастарының ықпалына ергіштік қасиеттері басым болады.
Дәл осы өтпелі кезеңде жастарға зорлық-зомбылықтың түрлерін, оның адам тағдырына тигізетін зардаптарын кәсіби тұрғыдан түсіндіру өте маңызды. Жиынға Отбасын қолдау орталығының психологы Төлебаева Клара мен Арыс аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Сасаев Қанат арнайы қатысып, студенттермен ашық, сенімді диалог орнатып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамға және адам психологиясына тигізетін кері әсері туралы сөз қозғады.
Психолог өз сөзінде зорлық-зомбылықтың тек ұрып-соғу түрімен ғана шектелмейтінін, оның ең қауіпті әрі жасырын түрі — психологиялық және эмоционалдық қысым екенін атап өтті. Колледж жасындағы жастар арасында кездесетін буллинг, кибербуллинг, бірін-бірі кемсіту, қорқыту немесе отбасындағы ұрыс-керістер баланың психикасына өшпес жарақат салатынын атап өтіп, мұндай жағдай студенттің оқу үлгерімінің төмендеуіне, қоғамнан оқшаулануына, ал ауыр жағдайларда суицидтік мінез-құлыққа алып келуі әбден мүмкін деген маман жастарға ішкі күйзелісті жеңудің жолдарын үйретіп, өмірде қажетті пайдалы кеңестер айтты. Студенттерді кез келген қиындықта жалғыз қалмай, орталықтың сенім телефонына шұғыл жүгінуге шақырды.
Арыс аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Сасаев Қанат Қазақстан Республикасының заңнамасына, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға қатысты енгізілген соңғы қатаң өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескерте отырып, кез келген бұзақылық, физикалық күш көрсету немесе өзге азаматтардың жеке басына нұқсан келтіру әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің тиісті баптары қолданылатынын жеткізді. Инспектор студенттерге құқық бұзушылықтың куәсі болған жағдайда үнсіз қалмай, полицияның «102» жедел арнасына немесе «111» мемлекеттік бірыңғай сенім телефонына хабарласудың құқықтық алгоритмін түсіндіріп берді.
Мұнан кейін студенттер мен мамандар арасында еркін сұрақ-жауап жүріп, өздерін мазалап жүрген, қоғамда жиі кездесетін өзекті мәселелер бойынша спикерлерге тікелей сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптармен қанықты. Мамандар жастарға жанжалдарды төбелеспен немесе агрессиямен емес, мәдениетті түрде, өзара ақылдасу арқылы шешудің маңыздылығын түсіндірді.
Айта кетсек, мектептер мен колледждер — тек білім берумен емес, сонымен бірге тұлға тәрбиелейтін қасиетті орда. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер жас буынның құқықтық мәдениетін арттырып, қоғамдағы өзара сыйластық пен бірлікті нығайтуға ықпал етері сөзсіз. Шара соңында студенттерге отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған арнайы бейнероликтер көрсетіліп, Отбасын қолдау орталығының қызметтері жазылған ақпараттық кітапшалар мен буклеттер таратылды.

