Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық Жолдауларында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» қағидатын енгізуді және заң талаптарын қатаңдатуды басты бағыт ретінде айқындап берді. «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» тұжырымдамаларының негізгі мақсаты — әрбір азаматтың өз үйінде, өз отбасында қауіпсіз әрі лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету. Осы стратегиялық міндеттерді орындау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, Отырар ауданында маңызы жоғары әрі кешенді бақылау шаралары жүзеге асырылды. «Отбасын қолдау орталығының» білікті мамандары және Отырар аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау топтарының (ӘЗЗҚТ) инспекторы, полиция лейтенанты Н.Сейілбекпен бірлесе отырып, қорғаулық нұсқамада тұрған отбасыларға қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізді.
Ауданында бірлесіп жүргізідген рейдтің негізгі бағыты — қорғаулық нұсқаманың талаптарын орындаудан жалтарып жүрген немесе қайтадан құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғаларды бақылау, сонымен қатар зардап шеккен отбасы мүшелеріне кешенді әлеуметтік-құқықтық көмек ұсыну болып табылады. Құқықтық тұрғыдан алғанда, қорғаулық нұсқама — бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған немесе соған оқтауталған тұлғаға қатысты ішкі істер органдары тарапынан шығарылатын ресми тыйым салу құжаты.
Қорғаулық нұсқама талаптарына сай, жәбірленушінің еркінен тыс оның соңына түсуге, телефон соғуға немесе өзге де байланыс құралдары арқылы мазалауға тыйым салынады және отбасы мүшелеріне қайтадан физикалық немесе психологиялық қысым көрсетуге үзілді-кесілді жол берілмейді. Рейдтік шараның көздегені, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуына жол бермеу және қорғаулық нұсқаманың талаптарының сақталуын қадағалау болса, құрылған жұмысшы топ әрбір мекенжай бойынша барып, заңның орындалу барысын тікелей сүзгілеп шықты. Мамандар аталған отбасылардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, олардың әлеуметтік жағдайына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тәжірибе көрсеткендей, отбасындағы кикілжіңдер мен агрессияның туындауына көбіне әлеуметтік-экономикалық факторлар — жұмыссыздық, қаржылық тапшылық, ішімдікке салыну немесе тұрмыстық жағдайдың төмендігі тікелей әсер етеді.
Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік мамандары әрбір шаңырақтың материалдық жағдайын, балалардың өмір сүру ортасын, олардың тамақтану және киім-кешекпен қамтамасыз етілу деңгейін егжей-тегжейлі зерделеді. Зерделеу қорытындысы бойынша, дағдарыстық жағдайда отырған отбасылардың мүшелеріне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектер алу, жұмыссыз тұлғаларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрақты еңбекке орналастыру және кәсіптік қайта даярлау курстарына бағыттау бойынша әлеуметтік қолдау шаралары белгіленді.
Полиция лейтенанты Н.Сейілбек заң бұзушыларға және қорғаулық нұсқама есебінде тұрған тұлғаларға заңнаманың соңғы өзгерістерін нақты мысалдармен жеткізді. Қазіргі уақытта қорғаулық нұсқама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік қамауға алу шаралары мен айыппұлдар көлемі айтарлықтай қатаңдатылған. Тәртіп сақшысы егер құқық бұзушылық әрекеттері қайталанатын болса, бұл істің қылмыстық жауапкершілікке ұласатынын қатаң ескертті. Сонымен қатар, жәбірленуші тарапқа да өз құқықтарын қорғаудың заңды тетіктері, қауіп төнген сәтте полицияның «102» арнасына немесе «111» жедел желісіне шұғыл хабарласу алгоритмі егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Орталық мамандары ерлі-зайыптылар арасында тиімді диалог жүргізіп, ашу-ызаны басқару әдістемелерін жүргізді. Шара барысында отбасындағы жанжалдардың ең үлкен зардабын балалар шегетіні баса айтылды. Үнемі ұрыс-керісті көріп өскен баланың психикасы зақымданып, оның қоғамға бейімделуі қиындайды. Психологтар ата-аналарға баланың қауіпсіздігі тек физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге эмоционалдық жылылық арқылы да қамтамасыз етілуі тиіс екенін ескертті. Отбасы мүшелеріне өзара кешірімді болу, отбасылық құндылықтарды қадірлеу туралы арнайы әдістемелік нұсқаулықтар мен буклеттер үлестірілді.
Мұндай кешенді тәсіл отбасылық дағдарыстардың ерте кезеңде алдын алуға және заң бұзушыларды қайта тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Рейд барысында әрбір отбасы бойынша арнайы бақылау карталары толтырылып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітілді. Аймақтағы әлеуметтік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған өте маңызды әрі нәтижелі рейдтік шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Мекеме басшылығы мен полиция бөлімі бұл бағыттағы бақылау жұмыстарын жалғастыра бермек.

