Отбасы — адам баласының адамгершілік қасиеттерді меңгеретін алғашқы алтын бесігі, ал ата-ана тәрбиесі — тұлғалық қалыптасудың іргетасы. Бүгінгі жаһандану дәуірі мен ақпараттық ағымдардың күшеюі кезеңінде ұлттық тәрбие үлгілерін сақтап қалу, отбасы мүшелері арасындағы сыйластық пен қарым-қатынас мәдениетін арттыру қоғам алдындағы ең өзекті міндеттердің біріне айналды. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақалаларында ұлттық салт-дәстүрді, отбасы институтын қорғауды және өскелең ұрпақты имандылыққа, үлкенге құрмет көрсетуге баулуды басты идеологиялық бағыт ретінде айқындап берді. Мекемеде «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылған «Отбасылық құндылықтар және қарым-қатынас мәдениеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Қазіргі таңда отбасылық кикілжіңдердің, ажырасулардың және жастар арасындағы түсініспеушіліктердің басты себебі — қарым-қатынас мәдениетінің төмендігінен туындап отырғаны жасырын емес. Сондықтан бұл басқосу мәселенің ғылыми және практикалық шешімдерін ұлттық құндылықтармен сабақтастыра отырып қарастыруды көздеді.
Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Сапарбаев Бақытжан ағамыздың сөзі мен бағыт-бағдары ерекше салмаққа ие болды. Көп жылдар бойы білім және тәрбие саласында тер төккен, бүгінде ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген абыз ақсақал отбасы бірлігі мен тәрбиенің қоғамдағы орны жайлы тағылымды пікірлерін ортаға салды. Ол сөз кезегінде қоғамындағы «медиация», яғни бітімгершілік өнерінің тамыры тереңде, ежелгі билер мектебінде жатқанын атап өтті. Бұрынғы уақытта отбасында қандай да бір түсініспеушілік туындаса, оны сыртқа жаймай, ауылдың ақсақалдары мен дана қарттары бір ауыз сөзбен шешіп отырған. Ардагер ұстаз қазіргі жас отбасылардың сабырсыздығы, эмоционалдық ұстамсыздығы отбасылық беріктікке нұқсан келтіріп жатқанын айта келе, мекемелер мен орталықтарда қарым-қатынас мәдениетін оқытудың маңыздылығын алға тартты. Оның айтқан ғибратты әңгімелері мен педагогикалық кеңестері қатысушылар үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Қазақ отбасының жылуы мен берекесі, бала тәрбиесіндегі ұлттық дәстүрлердің сақталуы тікелей ақ жаулықты аналар мен дана әжелердің еңбегімен байланысты. Дөңгелек үстелге қатысқан ауданның ардақты аналары өздерінің терең мағыналы, тәрбиелік мәні зор баяндамаларымен жиынның мазмұнын байыта түсті.
Ең алдымен сөз алған аудандық әжелер алқасының төрайымы, қоғам қайраткері Тұрлыбек Мейрамкүл Полатқызы ұлттық тәрбиенің негізгі элементтеріне тоқталды. Өз сөзінде бесік жырынан бастау алатын ана тәрбиесінің бала болашағына тигізетін әсерін ғылыми және өмірлік мысалдармен дәлелдеп берді. Мейрамкүл Полатқызы әжелер алқасының ауданда атқарып жатқан жүйелі жұмыстарын, жас келіндерді отбасылық өмірге бейімдеу бағытындағы жобаларын таныстырды.
«Шуақты аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Байжұман Қалдан Ыспабекқызы сөз алып, ананың бала тәрбиесіндегі рөлі мен отбасы құндылықтарын сақтаудағы жауапкершілігі туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Қалдан Ыспабекқызы заманауи аналардың тек үй шаруасымен шектелмей, қоғамдық істерде де белсенді болуы, білімді әрі көреген болуы тұтас ұрпақтың сауатты болып өсуіне ықпал ететінін жеткізді.
Сондай-ақ, ардагер ұстаз, әжелер алқасы төрағасының орынбасары Белгібай Мария Имансарықызы мектеп пен отбасы арасындағы үшжақты байланыс, яғни ұстаз-ата-ана-бала мәселесін қозғады. Көп жылдық ұстаздық тәжірибесі бар Мария Имансарықызы баланың бойындағы адамгершілік қасиеттер отбасындағы қарым-қатынас мәдениетінің айнасы екенін, үйінде сыйластық көрген бала сыртта да әдепті болатынын баса айтты.
«Данагөй әжелер» тобының төрайымы, білім саласының үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы беделді медальдің иегері Арыстанова Ұлсерік апамыз Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеяларын негізге ала отырып, отбасылық оқу мәдениетін қалыптастыру, балаға кішкентай күнінен еңбекқорлық пен кішіпейілділікті үйрету туралы ғибратты ойларымен бөлісті. Бұл ақ жаулықты аналардың әрбір сөзі ұлттық тәрбиенің інжу-маржаны іспетті залдағы қатысушылардың жүрегіне жол тартты.
Дөңгелек үстел барысында тек дәстүрлі бағыттар ғана емес, заманауи отбасы психологиясы мен қарым-қатынас мәдениетінің заңдылықтары да кеңінен талқыланды. Қатысушылар отбасы ішіндегі эмоционалдық интеллект, ер мен әйел арасындағы психологиялық айырмашылықтар және ата-ана мен бала арасындағы тиімді диалог құрудың ережелерін қарастырды. Іс-шара соңында ел ағасы, ардагер ұстаз Бақытжан ағамыз орнынан тұрып, жиынға қатысушыларға, жас отбасылар мен тұтас ұлт болашағына арнап өзінің жүрекжарды ақ батасын берді.

