Қоғамның ішкі тұрақтылығы, әлеуметтік тепе-теңдік және әрбір азаматтың өмір сүру сапасы тікелей отбасы институтының беріктігімен өлшенеді. Егер әрбір шаңырақта тыныштық, береке және өзара түсіністік салтанат құрса, тұтас мемлекеттің де қауіпсіздігі мен даму қарқыны мығым болмақ. Алайда, заманауи нарықтық кезеңде түрлі әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп, тұрмыстық тауқымет тартқан отбасылардың ішкі климаты жиі зақымданып жатады. Мемлекет басшысының Жолдауында «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» тұжырымдамалары аясында әлеуметтік көмек көрсету жүйесін реформалауды, әсіресе отбасылық құндылықтарды қорғау мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды басты міндет ретінде жүктеді. Бұл ретте, мәселенің салдарымен емес, оның туындау себептерімен, яғни алдын алу шараларымен күресу ең тиімді тәсіл болып табылады. Осы сындарлы бағыт шеңберінде, «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен тұрмысы төмен отбасыларға жан-жақты әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету мақсатында кезекті ауқымды әрі игі шара жүзеге асырылды.
Орталық мамандары қаланың белсенді кәсіпкерлік нысандарымен бірлесе отырып, нақты практикалық қадамдар жасады. Шара аясында екі негізгі бағыт бойынша жұмыстар жүргізілді. Анығын айтқанда, қаладағы танымал «Інкәр» сән салонымен бірлесе отырып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін 10 отбасының аналары мен қыз балаларына арнайы тегін сұлулық қызметтері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, отбасындағы ер балалардың ұқыптылығы мен гигиеналық мәдениетін қалыптастыру мақсатында 40 тегін шаш қию жолдамасы табыс етілді.
Психологиялық және әлеуметтік талдаулар көрсеткендей, отбасындағы ұзаққа созылған қаржылық жетіспеушілік ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-жанжалды жиілетіп, ашуға басымдық береді. Әрине, мұндай жағдайда отбасы мүшелері өздерінің ішкі реніштері мен агрессиясын сыртқа дұрыс шығара алмай, бір-біріне қысым көрсетуді бастайды. Бұл өз кезегінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуіне түрткі болады. Одан да қауіптісі — отбасының отағасы немесе есейіп келе жатқан жасөспірімдер өздерінің материалдық мәселелерін тез арада шешудің жалған жолы ретінде онлайн құмар ойындарға, лудоманияға бет бұрады. Лудомания — бүгінгі таңда мыңдаған шаңырақтың ортасына түсіп, ажырасуға, қылмысқа және қарыз батпағына батуға әкеп соқтырып отырған жаһандық әлеуметтік қауіп. Сондықтан «Отбасын қолдау орталығының» басты мақсаты – осындай қауіптердің алдын алу, отбасыларға ерте кезеңде қол ұшын созып, олардың деструктивті жолдарға түсіп кетпеуін қамтамасыз ету болып табылады.
Сондықтан да, «Інкәр» сән салонының білікті шеберлері мен стилистері 10 отбасынан келген аналар мен қыздарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Салон мамандары әрбір қатысушының таңдауы мен жеке ерекшеліктеріне қарай шаш үлгілерін жасау, шаш күтімі, маникюр және өзге де эстетикалық қызметтерді жоғары кәсіби деңгейде көрсетті.
Бұл сұлулық терапиясы аналар мен қыздарға керемет эмоционалдық серпіліс сыйлады. Күнделікті ауыр тұрмыс, бала күтімі және үй шаруасынан қолы босамайтын, өздеріне уақыт бөлуге қаржылық мүмкіндігі шектеулі аналар сән салонында өздерін нағыз әйел бақытының деңгейінде сезінді. Ал бойжетіп келе жатқан жас қыздар үшін бұл шара эстетикалық талғамды қалыптастыруға, өзінің сұлулығын тануға үлкен септігін тигізді. Сән салонынан шыққан аналардың жүзіндегі күлкі, көздеріндегі бақыт ұшқыны бұл шараның маңыздылығын сөзсіз дәлелдеді. Бұл қадам — ананың эмоционалдық денсаулығын жақсарту арқылы тұтас отбасындағы мейірімділік деңгейін көтерудің бірегей мысалы.
Аналар мен қыздармен қатар, отбасындағы ер балалар да назардан тыс қалған жоқ. Шара аясында орталық тарапынан 40 ер балаға тегін шаш қию жолдамалары табыс етілді. Бұл сертификаттар балалардың қаланың заманауи шаш алу шеберханаларында, яғни барбершоптар мен сұлулық салондарында сапалы қызмет алуына жағдай жасады.
Мұндай бастаманың да өзіндік әлеуметтік-педагогикалық мәні терең. Мектеп жасындағы немесе жасөспірім шақтағы ер балалар үшін олардың сыртқы келбеті, шаш қойылымы құрдастарының ортасында өзін тең және сенімді сезінуіне қатты әсер етеді. Материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар кейде ұқыпсыз сыртқы келбеті үшін мектеп қабырғасында қатарластарының арасында қысымға (буллингке) ұшырап жатады. Орталық берген бұл жолдамалар балалардың таза, ұқыпты және заманауи үлгіде шаш қидырып, өздерін қоғамның толыққанды, лайықты мүшесі ретінде сезінуіне үлкен мүмкіндік берумен қатар, ұқыптылық мәдениеті — баланы ерте жастан тәртіпке, тазалыққа және «Адал азамат» ережелерін сақтауға баулудың кішігірім, бірақ өте маңызды баспалдағы.

