Заманауи әлемді интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз және жоғары технологиялық гаджеттерсіз елестету мүмкін емес. Цифрлық кеңістік адамзат баласына шексіз білім мен ақпараттық мүмкіндіктер сыйлағанымен, өзінің ішкі даму, есею кезеңін бастан өткеріп жатқан жасөспірімдер үшін үлкен психологиялық және әлеуметтік сын-қатерлер алаңына айналды. Бүгінгі таңда виртуалды әлемдегі кибербуллинг, лудомания, әлеуметтік желіге байлану, жат ағымдардың ықпалы мен құқық бұзушылық мәселелері мемлекеттік органдар мен педагогикалық қоғамдастықтан пәрменді әрі кешенді іс-қимылдарды талап етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды заң мен тәртіпке бағынатын «Адал азамат» етіп тәрбиелеу — мемлекеттің басты басымдығы екенін үнемі алға тартып келеді. Осы жауапты мақсат аясында, 2026 жылғы 22 сәуір күні Созақ ауданы білім бөлімінің басшысы А.Өтебаевтың тікелей қолдауымен, Мәншүк Мәметова және Кемелұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің базасында «Қауіпсіз балалық шақ» республикалық-аймақтық жобасы аясында ерекше маңызды, кең ауқымды көшпелі семинар-тренинг болып өтті.
Бұл көшпелі семинар-тренингтің негізгі концепциясы — балалар арасындағы келеңсіз құбылыстардың алдын алу жүйесін ғылыми және практикалық деңгейде жетілдіру болып табылады. Қазіргі таңда жасөспірімді мектептегі физикалық қауіптерден ғана емес, оның қалтасындағы смартфоны арқылы кіретін виртуалды әлемнің қауіптерінен де қорғау кезек күттірмейтін міндет.
Семинардың алдына қойған негізгі мақсаттарының қатарына әлеуметтік желілердегі қудалау мен виртуалды әлемге психологиялық тұрғыдан байланып қалудың алдын алу тетіктерін қалыптастыру кіреді. Сонымен қатар, онлайн құмар ойындар мен ставкалардың жасөспірімнің өміріне, болашағына тигізетін қауіпті зардаптарын заң және медицина тұрғысынан түсіндіруге баса назар аударылды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық деңгейін төмендету, қыз балалардың репродуктивті денсаулығы мен рухани тазалығын сақтау, ерте жүктіліктің алдын алу да басты назарда болды. Оқушылар мен педагогтер, сондай-ақ ата-аналар арасындағы эмоционалдық байланысты жаңа деңгейге көтеру, ішкі шекараларды қоя білуді үйрету шараның маңызды міндеті ретінде айқындалды.
Семинардың бірінші кезеңі ақпараттық-теориялық және концептуалды бағытта өрбіді. Мұнда 8–11 сынып оқушылары мен мектеп педагогтері үшін еліміздің жетекші мамандары мен заң қорғаушылары мазмұнды баяндамалар жасап, презентациялар ұсынды. Түркістан облыстық психологиялық қолдау орталығының Созақ ауданы бойынша координаторы, білім бөлімииің әдістемелік кабинетінің психолог-әдіскері Ерденова Жансая «Цифрлық дәуір әлеміндегі жасөспірімдердің денсаулығы» тақырыбында ауқымды таныстырылым жұмыстарын жүргізді. Ол гаджеттердің адам ағзасына, соның ішінде жүйке жүйесіне, көру қабілетіне және ұйқы режиміне тигізетін зиянын ғылыми деректермен дәлелдеді. Сонымен қатар, цифрлық детокс (интернеттен уақытша бас тарту) мәдениетін енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Келесі кезекте «Отбасын қолдау орталығының» бөлімше басшысы Біржан Саржанов «Отбасылық құндылықтар – ұлттық тәрбие негізі» тақырыбында терең мағыналы түсіндіру жұмыстарын өткізді. Біржан Рысбайұлы кез келген виртуалды қауіпке қарсы тұра алатын ең басты иммунитет — отбасындағы дұрыс тәрбие, әке мен ананың үлгісі, ұлттық салт-дәстүрлер екенін баса айтты. Шаңырағында жылулық пен сыйластықты сезінген бала ешқашан сырттан, интернеттен жалған жұбаныш іздемейтінін жеткізді.
Құқықтық бағытта Созақ аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ә.Уәлиева «Цифрлы әлем: қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында құқықтық бағыттағы ақпараттармен бөлісті. Полиция капитаны интернет кеңістігіндегі қылмыстар, соның ішінде алаяқтық, есірткі заттарын желі арқылы насихаттау, яғни синтетикалық есірткі курьерлігі, педофилия қаупі және осы әрекеттер үшін көзделген Қылмыстық кодекстегі жаза түрлерін ескертті. «Заң мен Тәртіп» ережелерін сақтау — әрбір жасөспірімнің басты міндеті екені айтылды.
Жұмыс барысында Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектептің педагог-психологы Еркінай Құрбанова 7-сынып оқушыларымен «Лайк пен жылулықтың арасы» тақырыбында қыз бала мен ата-ана арасындағы эмоционалдық байланыс бойынша тренинг өткізді. Ол виртуалды әлемдегі «лайктар» мен мақтаулар шынайы аналық мейірім мен отбасылық жылулықты алмастыра алмайтынын көрсетті. Тренинг барысында қыздар мен ата-ана арасындағы сенімділікті арттырудың, ішкі сырды сыртқа дұрыс шығарудың жолдары талқыланды.

