Қазіргі өркениетті әлемнің ең басты құндылығы — адам және оның шексіз мүмкіндіктері. Әсіресе, дене мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың қоғамнан оқшауланбай, спорт, мәдениет және ғылым салаларында өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруына жағдай жасау — Әділетті Қазақстанның әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөздерінде елімізде инклюзивті ортаны дамыту, тең мүмкіндіктер қоғамын құру және салауатты өмір салтын бұқаралық деңгейде насихаттау қажеттігін үнемі алға тартып келеді. Спорт — тек физикалық белсенділік қана емес, ол — адамның рухын шыңдайтын, тағдырдың кез келген сынағына қарсы тұруға үйрететін ұлы күш. Осы маңызды мақсат жолында, Түркістан облысының Созақ ауданында ерекше тәрбиеленіп жатқан балалар мен олардың ата-аналары үшін рухани серпіліс сыйлаған, спорттық бейнероликтің тұсаукесері мен ауқымды насихат шарасы болып өтті.
Созақ аудандық “Отбасын қолдау орталығында” Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығының “Күндізгі қатынау және әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бөлімшесі” балалары мен олардың ата-аналарының қатысуымен өткен шарада паралимпиадалық спорт насихатталып, балалардың өмірге деген құштарлығын арттырудың жарқын үлгісіне айналды.
Айта кетерлігі, мұндай шаралардың өтуіне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК мекемесі. Аталмыш орталық еліміздегі ерекше қажеттіліктері бар спортшыларды кәсіби деңгейде дайындаумен, халықаралық паралимпиадалық және сурдлимпиадалық ойындарға жолдама алу жұмыстарымен жүйелі түрде айналысады.
Орталық мамандары еліміздегі спорттық инклюзияны дамытудың жаңа деңгейін көрсету мақсатында арнайы танымдық бейнеролиг әзірлеп, дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды паралимпиадалық спорт түрлерімен кеңінен таныстырып, оларды жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға белсенді түрде тарту, сондай-ақ қоғамда салауатты өмір салтын берік ұстауды ұсынды. Бейнематериалда тек спорттық ережелер ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренада Көк туымызды желбіретіп жүрген қазақстандық паралимпиадашылардың шынайы жеңіс жолдары, олардың қиындықтарды қалай еңсергені туралы мотивациялық сәттер шебер бейнеленген.
Астанада әзірленген бұл маңызды ақпараттық өнім аймақтардағы нақты нысаналы топтарға жетуі тиіс болатын. Созақ ауданында бұл міндетті «Отбасын қолдау орталығы» мен Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы жоғары деңгейде үйлестірді. Шараның басты қатысушылары — «Күндізгі қатынау және әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бөлімшесінің» тәрбиеленушілері болды.
Бұл бөлімше аудандағы ерекше балалардың күнделікті уақытын тиімді өткізуін, олардың психологиялық тұрғыдан оңалтылуын және әлеуметтік дағдыларды меңгеруін қамтамасыз ететін маңызды құрылым болып табылады. Бөлімше мамандары балалардың тек оқшауланған бөлмелерде ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі ретінде дамуына күш салады. Спорттық танымдық ролик дәл осы балалардың ішкі сенімділігін ояту, оларға үміт сыйлау үшін таптырмас құралға айналуда.
Созақ аудандық «Отбасын қолдау орталығының» акт залында өткен көрсетілім барысында, балалар мен ата-аналар экрандағы әрбір кадрды ерекше толқыныспен тамашалады. Экраннан өздері сияқты тағдырдың сынағына тап болған, бірақ соған қарамастан Әлем және Паралимпиада ойындарының тұғырына көтеріліп, алтын медаль тағынған отандастарымызды көргенде, созақтық балалардың көздерінде ерекше от ұшқыны пайда болды. Бейнеролик ерекше қажеттіліктері бар балаларға «мүмкіндігі шектеулі» деген ұғымның тек шартты нәрсе екенін, шынайы жігер бар жерде ешқандай шектеудің болмайтынын ұғындырды. Орталық мамандары мен психологтары ата-аналармен бірге «Ашық микрофон» аясында мазмұнды диалог жүргізді. Көптеген ата-аналар баласының физикалық жағдайына алаңдап, оны спортқа беруге қорқады. Мамандар кәсіби паралимпиадалық спортта қауіпсіздік техникасы мен медициналық бақылаудың ең жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын түсіндірді. Мамандар тарапынан баланың қандай спорт түріне бейім екенін байқау және оны дер кезінде қолдау жолдары айтылды. Сондай-ақ, спорт тек чемпион болу үшін емес, бірінші кезекте баланың денсаулығын жақсарту, бұлшықеттерін шыңдау және қан айналымын реттеу үшін өмірлік қажеттілік екені баса айтылды. Ата-аналар өз тарапынан ауданда ерекше балаларға арналған спорттық үйірмелердің қолжетімділігін арттыру, арнайы жаттықтырушылармен жұмыс істеу мәселелерін ортаға салды.

