Тұрақтылық пен бейбітшілік — кез келген мемлекеттің мызғымас іргетасы, өркендеп дамуының басты кепілі. Бүгінде Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықта жүзден астам этнос пен түрлі дін өкілдерінің басын бір шаңырақ астына біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыра білген бірегей мемлекет ретінде танымал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтауды, елде «Заң мен Тәртіп» мәдениетін орнықтыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде үнемі алға тартып келеді. Осы асқақ мұраттар мен мызғымас құндылықтар аясында, бірлік пен татулықтың жарқын мерекесі саналатын «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне» орай Мақтаарал ауданында «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» ұранымен ауқымды мәдени және идеологиялық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мырзакент кентінің орталық саябағында өткен мерекелік кешке аудан тұрғындары мен қонақтары өте көп жиналып, ерекше көтеріңкі көңіл-күйде демалды. Бұл тағылымды басқосу жай ғана концерттік бағдарлама шеңберінде қалмай, аудандағы сан түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген шынайы құрметі мен ауызбіршілігін паш еткен үлкен достық мекеніне айналды.
Мақтаарал ауданы — өзінің еңбекқор халқымен, мол өнімімен және көпұлтты құрамымен танымал өңір. Сондықтан бұл аймақта өтетін әрбір бірлік күні мерекесінің салмағы мен маңызы ерекше. Биылғы шараның «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген ұранмен өтуінің де терең мағынасы бар. Бұл ұран — ел аумағындағы барлық азаматтардың өткен тарихы ортақ, бүгінгі тіршілігі бір және жарқын болашаққа деген мақсат-мүддесі жалғыз екенін білдіреді. Аудан аумағындағы түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен татулығын бекемдеу, достық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру, әр этностың салт-дәстүрі мен өнерін ортақ құндылыққа айналдырып, бір шаңырақ астындағы бірліктің айқын үлгісі ретінде көпшілікке, әсіресе өскелең ұрпаққа көрсету, мемлекеттік рәміздерге, ана тілімізге, ұлттық болмысымызға деген құрметті арттыра отырып, тұрғындар арасында «Адал азамат» концепциясын орнықтыру және тұрғындардың отбасымен бірге сапалы әрі мәдени демалуына жағдай жасау, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты бекітуде шараның маңыздылығы орасан.
Аталған мерекелік шараға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Мақтаарал аудандық филиалы арнайы қатысып, ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында болды. Бұл мекеме күнделікті өмірде де аудандағы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстарға өз үлесін үздіксіз қосып келгендіктен, бүгінгі іс-шара аясында аудандағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен, Ақсақалдар және Аналар кеңесінің мүшелерімен бірлесе отырып, көрмелер мен павильондардың мазмұнды болуын қамтамасыз етті. Мекеме басшылығы атап өткендей, Мақтааралдағы этносаралық татулық — кездейсоқ құбылыс емес, ол мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, жергілікті ақсақалдардың күнделікті жүйелі атқарып отырған ағартушылық, тәрбиелік жұмыстарының тікелей жемісі. 1 мамыр мерекесі — осы атқарылған ауқымды еңбектердің жылдық қорытындысы іспетті салтанатты сәт.
Саябақ аумағында қатар тігілген ұлттық киіз үйлер мен этномәдени көрмелер көпшіліктің ерекше қызығушылығын арттырды. Әрбір киіз үй мен арнайы жасақталған павильондар елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлттардың мәдениетінен сыр шертті. Көрме барысында қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендірілген тұскиіздері мен зергерлік бұйымдары, өзбек, тәжік, татар, орыс және өзге де этностардың ағаштан, қыштан жасалған бірегей қолөнер туындылары қойылды. Әр этностың тарихы мен болмысын айшықтайтын, түрлі-түсті жібекпен, алтын жіппен зерленген ұлттық киімдерін киген жастар көпшіліктің көз қуанышына айналды. Қонақжайлықтың белгісі ретінде әр ұлттың дәстүрлі тағамдарынан көрме ұйымдастырылып, жиналған қауымға бауырсақ, палау, шелпек сияқты дәмдер ұсынылды.
Кеш барысында аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары ән мен биден шашу шашып, көрермендерге ұмытылмас рухани азық сыйлады. Қазақтың асқақ патриоттық әндері шырқалып, Отанды, туған жерді мадақтайтын шығармалар орындалды. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің өнерпаз жастары өз ұлттарының дәстүрлі билерін мың бұрала билеп, Орталық саябақты достық пен қуаныштың мекеніне айналдырды. Түрлі ұлт өкілдерінің бірлесе орындаған хорлары, достық композициялары залда отырған мыңдаған көрермендердің ду қол шапалағына ие болды. Мырзакент аспанында шырқалған әуезді әндер халықтың рухын көтеріп, бірлік сезімін асқақтата түсті.
Мақтаарал ауданында 39-дан астам этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруі — еліміздің ең үлкен мақтанышы.

