Халқымызда «Ауылында ақсақалы бардың — айтар ақылы бар», «Төріңнен қарт кетпесін» деген аталы сөздер тегін айтылмаған. Ғасырлар бойы қазақ қоғамындағы кез келген күрделі түйткілдер, ел ішіндегі дау-дамайлар мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты іргелі мәселелер ақ халатты абыз ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерінің төрелігімен шешіліп отырған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен Тәртіп» мәдениетін қалыптастыруда, ұлттық бірегейлікті сақтап, жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді ұялатуда ардагерлер мен ақсақалдар институтының рөлі баға жетпес екенін үнемі алға тартады. Осы игі дәстүрдің заңды жалғасы ретінде, киелі Келес ауданында аймақтың рухани және әлеуметтік өміріне серпін беретін ауқымды халықтық басқосу болып өтті.
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының тікелей ұйымдастыруымен «Даналық көпірі» атты тағылымды отырыс жоғары деңгейде өткізілді. Бұл жиында аудандағы ауызбіршілікті нығайту, ұлттық құндылықтарды жаңғырту және жастар арасындағы келеңсіздіктердің алдын алу жолдары маңызға ие болды. «Даналық көпірі» атауының өзі өткен тарих пен жарқын болашақтың, аға буын мен өскелең ұрпақтың, заң үстемдігі мен халықтық дәстүрдің арасын жалғайтын алтын арқау екені шындық. Шараның басты бағыты қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтау, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеу, отбасы тәрбиесін нығайту және ел ішіндегі береке-бірлікті сақтаудағы ақсақалдардың рөлін арттыру болып табылады. Осы ретте ауданды мекендейтін түрлі этнос өкілдері мен тұрғындар арасындағы достық байланыстарды нығайту арқылы қазақстандық патриотизмді насихаттау, ауылдық жерлердегі ұсақ құқық бұзушылықтарды, отбасылық жанжалдар мен ажырасуларды ақсақалдардың сөзі арқылы бейбіт реттеу тетіктерін дамыту, жас ұрпақтың санасына жат ағымдар мен батыстық үрдістердің теріс ықпалын тигізбеу үшін ұлттық тәрбие жұмыстарын күшейту және ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген азаматтардың еңбегін елеп-ескеру қажеттігі туындайды.
Отырыста сөз алған Келес ауданының зиялы қауым өкілдері бүгінгі жаһандану дәуіріндегі ұлттық тәрбиенің ақсап тұрған тұстарын ашық айтып, өткір мәселелерді қозғады. Ақсақалдардың айтуынша, қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы бала тәрбиесіне үлкен өзгерістер әкелді. Осы ретте ата-ананың үйдегі тәрбиесімен қатар, ауыл үлкендерінің де сөзі өткір, ісі өнегелі болуы тиіс. Отбасы институтын сақтау және жастар арасындағы келеңсіздіктермен күрес, ажырасулардың көбеюі, тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары және жастар арасындағы лудомания, нашақорлық секілді зиянды әдеттер ақсақалдарды қатты мазалайтыны айтылып, мәселелерді шешуде тек заң тұрғысынан жазалау жеткіліксіз екенін, оған қоғамдық деңгейдегі рухани ем қажеттігін алға тартты.
Ауылдық жерлерде жас отбасылар арасында кикілжің туындағанда, сотқа жеткізбей, Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің бітімгершілік рөлін күшейту мен мектептерде «Аталар мектебі», «Әжелер өнегесі» сияқты тұрақты үйірмелер мен клубтардың жұмысын жандандырып, жасөспірімдерге ұлттық әдеп ережелерін үйрету және ауыл жастарын спортқа, өнерге, кітап оқуға баулу арқылы оларды виртуалды әлемнің зиянды қырларынан арашалап алу сияқты ұсыныстар айтылды. «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының басшылығы бұл ұсыныстардың барлығы хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта аудан көлеміндегі іс-шаралар жоспарына міндетті түрде қосылатынын жеткізді.
Мұндай басқосулардың қоғамдағы ынтымақ пен рухани құндылықтарды дәріптеудегі маңызы зор екені айтылды. Жиналған қауым Келес ауданының тұрғындары арасындағы ауызбіршіліктің жоғары екенін, алайда бұл бағыттағы жұмыстарды бір сәтке де тоқтатуға болмайтынын, себебі бейбітшілік пен тұрақтылық күнделікті күтімді қажет ететін ең басты байлығымыз екенін бірізді қолдады.
Мәні терең пікірталастар мен ұсыныстардан кейін, отырыстың ең салтанатты әрі қуанышты сәті басталды. Жиын соңында қоғам өміріне белсенді араласып, Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлкен үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапатталды.
«Береке басы — бірлікте» дейді дана халқымыз. Бүгінгі «Даналық көпірі» отырысы — өңірдегі тұрақтылық пен берекенің берік іргетасы қаланғанын тағы бір мәрте паш етіп қана қоймай, ақсақалдардың баталы сөзі, зиялы қауымның салмақты ойы мен мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы біріккенде ғана кез келген сын-қатерді еңсеруге болады. Келес ауданының бұл озық тәжірибесі өзге аймақтарға да үлгі болуға лайық.

