«Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын!» деген аталы сөз — қазақ қоғамының өткені мен бүгінін, болашақ бағдарын айқындайтын алтын қазық. Көпұлтты, мәдениеті сан алуан, бірақ мақсат-мұраты бір Қазақстан халқы үшін бейбітшілік пен келісімнен асқан қасиетті ұғым жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісімді сақтау, «Заң мен Тәртіп» мәдениетін орнықтыру және ұлттық бірегейлікті нығайту — қуатты мемлекет құрудың басты шарты екенін ұдайы атап келеді. Осы орайда, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің қарсаңында Сарыағаш ауданының рухани орталығында мазмұны терең, астарлы тағылымы мол мәдени-ағартушылық іс-шара болып өтті.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы — Сарыағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінде Сарыағаш аудандық Аналар кеңесінің мүшелері мен Достық үйі жанындағы аудандық Этномәдени орталық ұжымына арналған «Ынтымағы жарасқан тату Халық» тақырыбында салтанатты дәріс оқылып, арнайы танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл шара — аймақтағы бірлік пен достықтың, ынтымақ пен берекенің берік орныққанын паш ететін үлкен рухани кездесуге айналды.
Жалпы музей туралы тоқталсақ, тек қана өткен тарихтың жәдігерлерін сақтайтын орын емес, ол — ұрпақ тәрбиелейтін, ұлттық болмысты қалыптастыратын үлкен ғылыми-ағартушылық институт. Сарыағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі ұжымының ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараның негізгі мақсаты — ел ішіндегі ұлттар арасындағы татулық пен келісімнің маңызын кеңінен талқылау, бірлік пен достықтың мемлекеттік тұрақтылық үшін қаншалықты құнды екенін дәріптеу болды. Қатысушыларға Қазақстан халқы Ассамблеясының, Аналар кеңесінің және Этномәдени орталықтардың қоғамдық келісімді сақтаудағы тарихи рөлін ғылыми-тәрбиелік тұрғыдан жеткізді. Атап айтқанда, достық, татулық, мейірімділік, ынтымақ пен бірліктің — адамзаттық және ұлттық деңгейдегі ең негізгі қасиеттер екенін қоғам санасына ұялату. Сондай-ақ, музейлік экспозициялар мен сирек кездесетін жәдігерлер арқылы Сарыағаш өңірінде өмір сүрген түрлі этностардың бірлескен еңбегі мен тарихын көрсету.
Шараға Сарыағаш аудандық Аналар кеңесінің ақ жаулықты аналары мен аудандық Достық үйінің, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері белсене қатысты. Мұндай құрамдағы кездесу — қоғамдық келісімді нығайтудың нақты тетігі болып табылады.
Дәріс барысында Қазақстанның Тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолы, этносаралық қатынастарды реттеудегі мемлекеттік саясаттың тиімділігі сөз болды. Спикерлер өз сөздерінде Сарыағаш ауданының географиялық орналасу ерекшелігі мен мұнда көптеген этнос өкілдерінің (қазақтар, өзбектер, татарлар, тағы басқалар) ғасырлар бойы бір үйдің баласындай, бір атаның ұлындай тату-тәтті өмір сүріп жатқанын мақтанышпен атап өтті.
Жиында сөз алған Сарыағаш аудандық Аналар кеңесінің мүшелері мен Этномәдени орталық өкілдері заң мен тәртіптің, өзара сыйластықтың маңыздылығына тоқталды. Олар: «Достық пен татулық, мейірімділік пен ынтымақ қана біздің берік бірлігімізді сақтайды. Егер қоғамда әрбір азамат өзге ұлттың мәдениетіне, тіліне құрметпен қарап, мейірімділік танытса, ішкі тұрақтылығымыз мызғымайды», — деген ортақ тұжырымға келді. Дәріс барысында тарих қойнауынан сыр шертетін деректер келтіріліп, қиын-қыстау замандарда қазақ халқының өзге этностарды бауырына басқаны, бір үзім нанды бөліп жеген тектілігі тағы бір мәрте ұлықталды.
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін, қонақжайлылық дәстүрін сипаттайтын ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар мен үй жабдықтары. Бұл залда қазақтың «Ақ ішкен айыпты емес», «Қонақ келсе — құт келеді» деген сияқты достық пен мейірімділікке негізделген салттары түсіндірілді. Экскурсияның өте әсерлі өткені сондай, Аналар кеңесінің мүшелері мен Этномәдени орталық қызметкерлері кейбір тарихи деректерді тыңдағанда көздеріне жас алып, өздерінің ризашылықтарын білдірді. Музей жәдігерлері арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықтың қаншалықты қиындықпен келгені тағы бір мәрте дәлелденді.
Бұл шараның маңыздылығы — екі үлкен қоғамдық күштің, яғни Аналар кеңесі мен Этномәдени орталықтардың бір арнада бас қосуында жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды сақтау, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және мейірімділік мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыс істесе, Этномәдени орталықтар ұлттар арасындағы достық байланысты нығайтуды көздейді.
Шара барысында екі ұйым өкілдері дөңгелек үстел форматында еркін пікір алмасып, алдағы уақытта Сарыағаш ауданында бірлесіп атқаратын жұмыс жоспарларын талқылады.

