Адамзат баласының даму тарихында қоғамның іргесін сөгіп, ұлттың болашағына балта шабатын небір қауіпті кеселдер болды. Соның ішінде XXI ғасырдың ең қатерлі, ең жойқын дерті — нашақорлық екені даусыз. Есірткіге тәуелділік — тек бір адамның қасіреті емес, тұтас отбасының ойраны, мемлекеттің генофондына төнген үлкен қауіп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қоғамды жегідей жеп жатқан бес кеселді атап өткенде, ең бірінші кезекте осы есірткі қаупі мен нашақорлықты атап көрсеткен болатын. Осы өзекті мәселемен күресу, жастар арасында заң мен тәртіп мәдениетін орнықтыру мақсатында киелі Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен «Салауатты сана» жобасы аясында «Нашақорлық – ғасыр дерті» атты ауқымды жастар диалог алаңы ұйымдастырылды.
Жиынның басты бағыты — жас буынның санасына қозғау салып, есірткі індетінің құрығынан сақтау, олардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау саласы, қоғамдық ұйымдар мен белсенді жастардың басын қосқан маңызды платформаға айналды. Тағылымды кездесудің негізгі мақсаты да, жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, синтетикалық және дәстүрлі есірткі заттарының алдын алу, олардың адам ағзасына, психологиясына және жалпы қоғамның әлеуметтік құрылымына тигізетін кері әсерін ғылыми, медициналық және заң тұрғысынан ашып көрсету болды.
Диалог алаңын Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы жүргізді. Гүлсара Төлебекқызы жиынның модераторы ретінде «Салауатты сана» жобасының негізгі міндеттерін айқындап берді. Ол өз сөзінде ұлттық тәрбие мен аналық мейірімнің бала болашағын сақтаудағы рөлін атап өтіп, жастарды интернеттегі, әлеуметтік желілердегі күмәнді жұмыстар мен «оңай олжадан» аулақ болуға, әрбір қадамын ақылмен басуға шақырды.
Алғашқы болып сөз алған Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жанғазиева Эльмира Ұласбекқызы қоғамдық келісім мен жастар тәрбиесіндегі маңызды бағыттарға тоқталды. Ол өз сөзінде былай деді: «Қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік — біздің ең басты байлығымыз. Ал сол тұрақтылықтың негізін қалайтын — біздің жастарымыз. Нашақорлық пен есірткі саудасы тек адамның денсаулығын ғана құртпайды, ол мемлекеттің ішкі бірлігіне, жастардың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Ассамблея жанындағы Аналар кеңесімен бірлесе отырып, біз өңірдегі әрбір жас азаматтың саналы, құқықтық сауатты және отансүйгіш болып қалыптасуына бар күшімізді саламыз».
Жиында есірткі қылмысына қарсы күрестің бүгінгі ахуалы туралы маңызды ақпараттар берілді. Бұл бағытта Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бимаханов Марат Асылханұлы баяндама жасап, жастарға есірткі заттарын сақтау, тасымалдау, дайындау және өткізу (әсіресе қазіргі таңда жиі кездесетін «закладка» — есірткіні жасырын орындарға қойып кету) әрекеттері үшін заңнамада қарастырылған қылмыстық жауапкершіліктің өте қатал екенін ескертті. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, есірткі бизнесімен айналысқандарға, соның ішінде кәмелетке толмағандарға да ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру, тіпті өмір бойына түрмеге жабу жазасы қолданылатынын нақты мысалдармен, сот үкімдерімен дәлелдеп берді. Ол жастардың бір сәттік нәпсі мен алдамшы ақшаның соңынан еріп, бүкіл өмірін қараңғылыққа айналдырмауы қажеттігін баса айтты.
Нашақорлықтың тек заңдық қана емес, адам айтқысыз медициналық зардаптары бар. Есірткінің адам ағзасына тигізетін тікелей зияны туралы Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» КММ дәрігері Шалапов Досхан Музаппарханұлы егжей-тегжейлі баяндап берді. Досхан Музаппарханұлы есірткіге салынған адамның емделуі өте ұзақ әрі қиын процесс екенін, сондықтан ең дұрыс жол — оған ешқашан жоламау екенін студенттер мен мектеп оқушыларының санасына сіңірді.
Қоғамдық кеселмен күресте тек мемлекеттік органдар ғана емес, жастардың өздері де белсенділік танытуы тиіс. Осы бағытта «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Хасантаев Нодиржон Акмалжанович сөз сөйлеп, замандастарын салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортпен шұғылдануға және пайдалы қоғамдық жұмыстармен айналысуға шақырды. Ол Ассамблея жастарының есірткіге қарсы түрлі флешмобтар, спорттық жарыстар мен ақпараттық акциялар ұйымдастырып жатқанын жеткізді.

