Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыты — мұқтаж жандарға тек көмек беріп қана қоймай, олардың қиын жағдайға түсуінің алдын алу. Осы орайда, Сайрам ауданы әкімінің 2026 жылға арналған стратегиялық тапсырмасына сәйкес, Қарабұлақ ауылдық округінде маңызды әрі кеңейтілген отырыс өтті. Бұл жиынның маңыздылығы нақты адам тағдырына араша түсетін «Мобильді топтардың» жұмысын үйлестіруге арналды. Себебі, қоғамның әрбір мүшесінің жағдайына үңілу — бүгінгі күннің басты талабы.
Қарабұлақ ауылдық округінде құрылған мобильді топтың құрамына тек әкімдік қызметкерлері ғана емес, қоғамның барлық маңызды салаларының өкілдері енді. Жиынға білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласының мамандары қатысты. Мобильді топтың негізгі мақсаты — үй-үйді аралап, тұрмыстық тауқымет тартқан, бірақ көмек сұрауға қымсынатын немесе қайда барарын білмейтін отбасыларды ерте кезеңде анықтау. Бұл «белсенді әлеуметтік саясаттың» көрінісі: мемлекет көмек сұрап келгенді күтпейді, керісінше, көмекке мұқтаж жанды өзі іздеп тауып, қолдау көрсетеді.
Жиында Сайрам аудандық полиция басқармасының Тұрмыстық зорлық-зомбылық қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Ш.Мирзаметов және «Отбасын қолдау орталығының» мамандары сөз сөйледі. Мұғалімдер баланың киіміне, мінез-құлқына және сабақ үлгеріміне қарап, отбасындағы қолайсыздықты алғашқы болып сезеді. Ал, дәрігерлер мен мейірбикелер патронаж кезінде отбасының тұрмыстық жағдайын, балалардың денсаулығын бағамдайды. Тәртіп сақшылары отбасындағы агрессияның алдын алып, құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді. Отбасын қолдау орталығының рөлі, анықталған мәселені заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан шешуге көмектеседі. Сондықтан Ш.Мирзаметов атап өткендей, полиция мен әлеуметтік мамандардың бірлескен рейді тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берері сөзсіз. Кездесуде мобильді топ мүшелеріне бекітілген жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс істеу міндеттелді. Тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар, жаңа заңдар мен қолдау тетіктері туралы ақпарат берумен қатар, кешенді көмек беру мәселесі талқыға салынды. Тек қана азық-түлік беріп қана қоймай, жұмыссыз мүшелерді жұмысқа орналастыру, құжаттарын реттеу және медициналық көмекке мұқтаждарды тіркеу және тұрмыстық жағдайы төмен үйлердегі өрт қауіпсіздігін, газ жүйелерін тексеру тапсырмалары жүктелді. Ауылдық округ әкімдігі аппаратының мамандарына рейдтік жұмыстарды тек күндіз емес, қажет болған жағдайда кешкі уақытта да жүргізу тапсырылды. Себебі, тұрмыстық жанжалдар мен қиындықтар көбіне кешкі уақытта айқындалады. Бүгінгі жиынның түйіні — немқұрайлылыққа жол бермеу болғандықтан, әрбір маман өз саласында жауапкершілікті сезінуі тиіс екені ескертілді. Егер мұғалім мектепке келмей қалған балаға, дәрігер екпе алмаған сәбиге, ал көршісі қабырғаның арғы жағындағы айқайға бей-жай қараса, әлеуметтік мәселелер асқына беретіні де тақырыптан тыс қалмады.
Қарабұлақ ауылдық округінде өткен кеңейтілген отырыс — мамандардың басын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыруды көздеді. «Біздің міндетіміз — әрбір азаматтың жағдайына немқұрайлы қарамай, дер кезінде қолдау көрсету», — деді жиынды қорытындылаған басшылар. Өйткені, Қарабұлақ ауылдық округі — Сайрам ауданындағы ең ірі елді мекендердің бірі. Сондықтан мұнда әлеуметтік мәселелердің жүгі де ауыр. Алайда, мобильді топтардың осындай жүйелі жұмысы кез келген қиындықты еңсеруге мүмкіндік береді. Олар бірлесе отырып, ешбір отбасыны қиындықта қалдырмайтынын, әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінетін қоғам құратынын және Қарабұлақта басталған бұл игі істер алдағы уақытта да тұрақты жалғасын тауып, ауылдың берекесі мен бірлігін нығайта берері сөзсіз.

