Қыз баланың тәрбиесі – бүкіл ұлттың тәрбиесі екені бесенеден белгілі. Сондықтан да бүгінгі күні жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелердің алдын алу, олардың бойына жауапкершілік сезімін қалыптастыру, саналы ұрпақ тәрбиелеу – қоғамның басты міндеттерінің бірі десек артық айтқандығымыз емес. Осы орайда, №17 колледжде «Ерте жүктіліктің және құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында өткен ауқымды кездесу жас буынның жарқын болашағына бағытталған стратегиялық шара болып өтті.
Аталған іс-шараға медицина, психология және құқық қорғау саласының ең білікті мамандары қатысып, студент қыздармен ашық әрі мазмұнды диалог құрды. Жиынның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан сарапшылар тобы колледж қыздарының өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, кейде айтуға қысылатын сұрақтарын мамандарға қойып, кәсіби жауаптар алып, түрлі қырынан өрбіген әңгіме барысында, денсаулықтың маңыздылығы жайында мағлұматтар берілді. Арыс аудандық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері С.Рахимбаева және колледж медбикесі Т.Омарбекова қыз баланың физиологиялық дамуы мен репродуктивті денсаулығы туралы кәсіби кеңестерімен бөлісті. Отбасын қолдау орталығының психологтары А.Сманова мен К.Төлегенова, ААОЕ психологтары Ы.Кулбекова мен П.Имашова, сондай-ақ колледж психологы А.Ерубаева студенттермен эмоционалдық тұрақтылық пен өзін-өзі бағалау тақырыбында жұмыс жүргізді. Ал, Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – полиция капитаны Қ.Сасаев пен полиция аға лейтенанты Е.Тұрдалы заң мен тәртіптің сақталуы, құқықбұзушылықтың зардаптары туралы баяндама жасады.
Кездесудің ең маңызды бөлігі – ерте жүктіліктің медициналық және әлеуметтік зардаптарына арналды. Акушер-гинеколог С.Рахимбаева жасөспірім шақтағы жүктіліктің ағзаға тигізетін ауыр зардаптарын медициналық деректермен негіздеп түсіндірді. Дәлірек айтқанда, жасөспірім ағзасының толық жетілмеуі салдарынан туындайтын қауіптер мен жеке гигиена ережелерін сақтау және созылмалы аурулардың алдын алу және ерте жастағы ана болудың баланың болашақ тағдырына, оқуына және әлеуметтік статусына тигізетін кесірі туралы мысалдар келтіре отырып жеткізді. Колледж медбикесі Т.Омарбекова қыздарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, әрбір қадамды ақылмен басуға шақырып, алғашқы медициналық көмек пен тұрақты тексерулердің маңыздылығын атап өтті.
Психологтар тобы студент қыздармен «дұрыс шешім қабылдау» өнері туралы әңгіме өрбітті. Жасөспірім шақта адам өзгелердің, әсіресе құрдастарының ықпалына тез жығылғыш келеді. Сол себепті кімге және қашан «жоқ» деп айту керектігін үйренуді, сезім мен ақылдың тепе-теңдігін сақтауды, қиын жағдайға тап болғанда мамандардан көмек сұраудан ұялмау керектігін ескертті. Психолог мамандар А.Сманова мен К.Төлегенова отбасындағы тәрбие мен ата-анамен ашық қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталып, олардың пікірінше, бала мен ата-ана арасында сенім болған жерде жағымсыз жағдайлар орын алмайтынын айтты.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері Қ.Сасаев пен Е.Тұрдалы құқықтық сауаттылық мәселесін көтерді. Қыз балалар арасындағы құқықбұзушылық тек төбелес немесе ұрлық емес, сонымен қатар киберқылмыс, әлеуметтік желідегі этиканың бұзылуы және түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруді де қамтитынын, ендеше заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта көшеде немесе көңіл көтеру орындарында жүрудің салдары жауапкершілікке жетелейтініне түсінік берді. Қоғам талқысынан тыс қалмаған буллинг және кибербуллинг, яғни өзге адамның намысына тию немесе жеке мәліметтерін тарату үшін заң алдында жауапкершіліктің бары баса айтылды. Сонымен қатар, кез келген құқықбұзушылықтың баланың болашақ карьерасына, мысалы мемлекеттік қызметке тұрарда тигізетін теріс әсері жайында әңгімеледі. Жалпы, тәртіп сақшылары студенттерге нақты кейстер мен оқиғаларды мысалға келтіре отырып, заңды білу — қорғаныс екенін жеткізді.
Колледж психологы А.Ерубаева іс-шара соңында студенттермен шағын тренинг өткізіп, кездесуден түйген ойларын қорытындылады. Қыздар өздерінің құқықтарын ғана емес, міндеттері мен жауапкершіліктерін де терең ұғынды. №17 колледж әкімшілігі мұндай тағылымды шаралардың тұрақты өткізілетінін атап өтті. Білім ордасы тек кәсіби маман даярлап қана қоймай, қоғамға пайдалы, салауатты тұлға қалыптастыруды көздейді.
«Қыздың жолы жіңішке» дейді дана халқымыз. Сол жолдың түзу әрі қауіпсіз болуы үшін осындай кешенді іс-шаралардың маңызы орасан. №17 колледжде өткен кездесу студент қыздардың саналы өмір салтын ұстануына, өз құқықтарын қорғай білуіне және болашаққа нық қадам басуына үлкен септігін тигізді.

