ХХІ ғасыр – ақпарат пен технологияның қарыштап дамыған заманы. Бүгінгі жасөспірімдер – цифрлық әлемнің төл перзенттері. Алайда, ғаламтордың шексіз мүмкіндіктерімен қатар, оның жас буынның психологиялық және физикалық саулығына төндірер қаупі де аз емес. Осы орайда, 2026 жылғы 22 сәуір күні Созақ ауданы білім бөлімінің басшысы А.Өтебаевтың қолдауымен Мәметова және Кемелұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында өткен көшпелі семинар-тренинг өңірдегі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы ең ауқымды шаралардың бірі болды.
«Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның негізгі өзегі – жасөспірімдерді қазіргі қоғамдағы келеңсіз құбылыстардан қорғау болды. Кибербуллинг, лудомания, ерте жүктілік, құқық бұзушылық және әлеуметтік желіге тәуелділік сияқты өзекті мәселелердің алдын алу үшін психологтар, полиция қызметкерлері мен әлеуметтік сала мамандары бір арнаға тоғысты. Мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында цифрлық мәдениет пен психологиялық тұрақтылықты қалыптастыру.
Семинардың алғашқы бөлімінде сала мамандары жасөспірімдер мен педагогтерге арналған стратегиялық маңызы бар таныстырылымдар жасады. Түркістан облыстық психологиялық қолдау орталығының Созақ ауданы бойынша координаторы, психолог-әдіскер Жансая Ерденова 8–11 сынып оқушыларымен «Цифрлық дәуір әлеміндегі жасөспірімдердің денсаулығы» тақырыбында кездесті. Маман экран алдында көп отырудың жүйке жүйесіне әсері, гаджеттерге тәуелділіктен арылу жолдары мен кибергигиена ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Отбасын қолдау орталығының» бөлімше басшысы Біржан Саржанов «Отбасылық құндылықтар – ұлттық тәрбие негізі» тақырыбында сөз қозғады. Оның айтуынша, ғаламтордағы қауіпке төтеп беретін ең мықты иммунитет – ата-ананың тәрбиесі мен отбасындағы берік құндылықтар. Ұлттық код пен салт-дәстүрді бойына сіңірген бала кез келген жат ағым мен келеңсіздікке қарсы тұра алады.
Құқықтық бағыт бойынша Созақ АПБ полиция капитаны Р.Ә. Уәлиева «Цифрлы әлем: қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында ақпарат берді. Полиция капитаны интернеттегі қылмыстардың түрлері, алаяқтық пен буллинг үшін қарастырылған заңдық жауапкершіліктер туралы ескертті. Бұл ақпараттар оқушылардың заң алдындағы жауапкершілігін сезінуге септігін тигізді.
Семинардың екінші кезеңі әртүрлі жас ерекшеліктеріне сай бөлінген интерактивті тренингтерге ұласты. Мұнда әрбір маман оқушылардың ішкі әлеміне үңіліп, олардың мәселелерін шешудің заманауи әдістерін қолданды. Макаренко атындағы мектептің педагог-психологы Еркінай Курбанова «Лайк пен жылулықтың арасы» тақырыбында қыз балалар мен ата-аналар арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтуға арналған тренинг өткізді. Қазіргі таңда виртуалды әлемдегі «лайк» шынайы өмірдегі ананың құшағы мен мейірімін алмастыра алмайтыны баса айтылды. «Созақ» мектеп-гимназиясының психологтары Арай Ысқақова мен Мадина Басарова «Комплимент» тренингін ұйымдастырды. Бұл жастағы жасөспірімдер үшін өзін-өзі бағалау мен қатарластары арасындағы қарым-қатынас өте маңызды. Бір-біріне жақсы сөз айту арқылы олар агрессияны бәсеңдетіп, позитивті орта қалыптастыруды үйренді.
«Суындық» мектебінің маманы Дина Қалиева МАК-мандала әдісін қолдана отырып, «Сезім» тақырыбында жұмыс жүргізді. «Ішкі әлем картасы» арқылы оқушылар өздерінің жасырын қорқыныштары мен мақсаттарын қағаз бетіне түсіріп, психологиялық жеңілдеу процесінен өтті. Бітіруші сыныптар үшін Гүлнара Аманбекова мен Рауан Шылмамбетов «Онлайн мен оффлайн арасындағы жүрек көпірі» тренингін өткізді. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жастарға виртуалды әлем мен шынайы өмірдің аражігін ажырата білу, нағыз достық пен шынайы қарым-қатынастың қадірін түсіндіру өте маңызды болды.
Шара барысында тек оқушылар ғана емес, мектеп ұстаздары да назардан тыс қалмады. Жансая Ерденова педагогтермен «Оқушылар психологиясында өзін қорғау және шекара қою» тақырыбында тәжірибелік жұмыс жүргізді. Мұғалімдер үшін қиын балалармен жұмыс істеу, олардың жеке кеңістігін құрметтей отырып, тәрбие берудің нәзік тұстары талқыланды. Бұл мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттырып, мектептегі психологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
Семинар соңында оқушылар мен мамандар арасында еркін пікір алмасу өтті. Қатысушылар өздерінің алған әсерлерімен бөлісіп, осындай шаралардың жиі өтіп тұруын сұрады. Көптеген оқушылар өздерін мазалап жүрген кибербуллинг немесе әлеуметтік желіге тәуелділік мәселелері бойынша нақты жауаптар алғанын жеткізді.

