Кітап — адамзат баласының ақыл-ой қазынасы, білім мен ғылымның, руханияттың сарқылмас қайнар көзі. Ал сол қазынаны ұрпақ бойына сіңіруде ананың рөлі ерекше. «Ананың бір қолы бесікті тербетсе, екінші қолы әлемді тербетеді» дейді халық даналығы. Осы әлемді тербететін күштің бірі — білім мен кітапқа деген құштарлық. Жуырда Түркістан қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеу және ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Анамен бірге кітап оқимын» атты іс-шара осы игі мақсатты ту етті.
Қазіргі цифрлық технологиялар мен гаджеттер заманында кітап парақтау, оның мазмұнына үңілу сирек құбылысқа айналып бара жатқаны жасырын емес. Осы орайда, отбасын қолдау орталығының ұйытқы болуымен өткен шара қоғам назарын маңызды мәселеге аударды. Іс-шараның басты мақсаты — тек кітап оқу ғана емес, сол кітап арқылы ана мен баланың арасындағы эмоционалдық байланысты жақсарту, ортақ қызығушылық қалыптастыру.
Рухани астана Түркістанның төрінде өткен бұл тағылымды кеш аналар мен балалардың басын қосып, олардың білімге деген құштарлығын оятты. Орталықтан қызмет алушылар бұл бастамаға ерекше қызығушылық танытып, дайындықпен келгендерін көрсетті.
Шараның өткізілу форматы қатысушылардың еркін ой айтуына, ішкі дүниесін ашуға мүмкіндік берді. Қатысушылар арнайы билеттерді таңдау арқылы өздері оқыған шығармалар бойынша сұрақтарға жауап берді. Бұл әдіс аналар мен балалардың кітаптың мазмұнын қаншалықты терең түсінгенін ғана емес, оны өмірмен байланыстыра алу қабілетін де байқатты. Аналардың балаларымен бірге отырып, кітаптағы оқиғаларды қызу талқылауы, олардың көзқарастарының ұштасуы — нағыз рухани тәрбиенің көрінісі болды. Бұл жерде кітап тек ақпарат көзі емес, екі ұрпақтың тіл табысуына көмектесетін құрал ретінде көрінді.
Рухани шараның деңгейін көтеріп, қатысушылардың ынтасын арттыруда демеушілердің рөлі ерекше болды. Орталықтың тұрақты серіктестері мен қайырымды жандардың қолдауымен іс-шара соңында үздіктер анықталды. Бұл тек жарыс емес, бұл — білім мен оқуға деген құрметтің белгісі іспетті өткендіктен, ара қорытындысы бойынша ең белсенді, кітап мазмұнын жетік меңгерген және оны шешендікпен жеткізе білген қатысушылар І, ІІ және ІІІ орындармен марапатталды. Жүлдегерлерге арнайы ақшалай сыйлықтар мен марапаттар тапсырылды. Мұндай материалдық ынталандыру аналардың бала тәрбиесіне деген ынтасын арттырып, орталықтың жұмысына деген сенімін нығайта түсері сөзсіз. Жалпы, психологтардың пікірінше, бірлесе кітап оқу — баланың психикалық дамуына, сөздік қорының байуына және қиялының ұшталуына оң әсер етеді. Алайда, ең маңыздысы — баланың анасымен өткізген сапалы уақыты болғандықтан, бүгінгі «Анамен бірге кітап оқимын» жобасы дәл осы тапшылықтың орнын толтыруды көздейді. Себебі, бала анасының кітап оқып отырғанын көргенде, оның да оқуға деген құштарлығы оянады. Бұл — сөзбен емес, іспен көрсетілген тәрбие. Тренинг және іс-шара барысында аналарға баланың оқу дағдысын қалай қалыптастыру керектігі туралы да әдістемелік кеңестер берілді. Маңыздысы, ұйқы алдында немесе демалыс күндері бірлесе оқуды дәстүрге айналдыру. Тек оқып қоймай, кейіпкерлердің іс-әрекетіне және балаға қызықты жанрды таңдауға мүмкіндік беру қамтылды.
Мұндай мазмұнды шаралар Түркістан қалалық Отбасын қолдау орталығының жұмыс жоспарында маңызды орын алады. Орталықтың мақсаты — тек әлеуметтік көмек беру ғана емес, отбасының ішкі мәдениетін, рухани әлемін байыту. Кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттыру арқылы біз ертеңгі күннің сауатты, парасатты және ұлттық құндылықтарды қастерлейтін ұрпағын тәрбиелейміз. Іс-шараға қатысушы аналардың бірі: «Бұрын кітап оқуды тек мектептің міндеті деп ойлаушы едік. Бүгін баламмен бірге отырып, оның ойын тыңдап, бірге талқылағанда, біздің арамыздағы байланыстың бұрынғыдан да нығайғанын сезіндім. Бізге осындай мүмкіндік сыйлаған орталыққа алғысымыз шексіз», — деп өз ризашылығын білдірді.
«Анамен бірге кітап оқимын» атты тағылымды кеш — Түркістандағы рухани жаңғырудың бір көрінісі. Осындай жобалар арқылы біз қоғамда кітапқа деген құрметті қайтарамыз, отбасының бірлігін бекемдейміз. Сондай-ақ, марапатқа ие болған аналар мен балаларды құттықтай отырып, олардың білім жолындағы қадамдарына сәттілік тілейміз. Түркістан төрінде мейірім мен білім ұштасқан игі істер көп болсын!
Кітап оқыған ана — дана, кітап оқыған бала — дана. Болашақта бұл бастама бұдан да кең ауқымда жалғасын тауып, әрбір шаңырақтың төрінде кітап тұратын күнге жетеміз деген сенім мол. Отбасы тәрбиесі мен кітаптың бірлігі — ұлт саулығының, ел ертеңінің кепілі.

