Мемлекеттің іргетасы — отбасы. Ал сол іргетастың беріктігі материалдық игілікпен ғана емес, ең алдымен, отбасы мүшелерінің арасындағы өзара құрметпен, қауіпсіздікпен және заңға деген бағыныштылықпен өлшенеді. Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасы институтын нығайту. Осы орайда, Түркістан қаласының «Ясы» секторында өткен «Заң және тәртіп: Отбасындағы қауіпсіздік және өзара құрмет» атты профилактикалық кездесу өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Түркістан — руханияттың бесігі, ежелден отбасылық құндылықтар мен үлкенге құрмет, кішіге ізет салты берік сақталған киелі мекен. Алайда, заман ағымына қарай отбасылық қарым-қатынастар да түрлі сынақтарға тап болуда. «Ясы» тұрғын алқабында ұйымдастырылған бұл шара халық пен мамандар арасындағы ашық әрі сенімді диалог алаңына айналды.
Іс-шараның басты мақсаты — тек ақпарат беру ғана емес, әрбір тұрғынның санасына «Менің үйім — менің қауіпсіз мекенім» деген ұғымды ұялату. Кездесу барысында құқық қорғау органдары мен психологиялық қызмет мамандары бірлесе отырып, отбасылық бақыттың құқықтық және рухани формуласын ұсынды. Өйткені, отбасындағы қауіпсіздік — бұл заңмен қорғалатын құндылық болғандықтан, тренингке арнайы қатысқан Түркістан ҚПБ ҚҚБ ОТЗЗҚКБ аға инспекторы, полиция майоры Қайырбекова Айсулу Ерғалиқызы отбасындағы құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызына тоқталды.
Айсулу Ерғалиқызы сөз кезегінде тұрғындарға «Заң — бәріне ортақ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық — бұл тек отбасының ішкі мәселесі емес, бұл — мемлекеттік деңгейдегі құқықбұзушылық»,- дей келе тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға қолданылатын әкімшілік және қылмыстық жазалардың қатайтылғаны туралы түсіндірді. Жәбірленушіні қорғаудың заңды тетіктері, агрессорға қойылатын шектеулер мен оның орындалуын қадағалау тәртібі баяндалды. Сонымен қатар, отбасындағы әлімжеттікке, бала құқығының бұзылуына бей-жай қарамаудың қажеттілігіне тоқталды. Маманның бұл ақпараттары тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң алдындағы жауапкершілікті тереңірек сезінуге мүмкіндік берді. Заң үстемдік еткен жерде ғана зорлық-зомбылыққа орын жоқ екенін санаға сіңірді.
Жасыратыны жоқ, отбасындағы жанжалдардың көпшілігі психологиялық түсініспеушіліктен басталады. Осы орайда, отбасын қолдау орталығының білікті психологтары Әбу Нұрболған Әзизқызы мен Исаева Гүлмира Маралбекқызы тұрғындармен мазмұнды жұмыс жүргізді. Олар, өзара құрмет пен сенім, эмоциялық интеллект, түсіністік мәдениеті туралы айтып, «Тыңдай білу» мен «Ести білудің» айырмашылығын түсіндіріп, отбасы мүшелері арасындағы диалогтың сапасын арттыру бойынша кеңестер берді. Гүлмира Исаева мен Нұрболған Әбудің айтуынша, психологиялық саулық — отбасылық бақыттың іргетасы. Егер адам өз ішкі әлемінде тыныштық орната алса, ол отбасында да үйлесімділік қалыптастыра алады. «Ясы» секторындағы кездесуде тек теориялық ақпарат қана емес, нақты өмірлік жағдайлар талқыланды. Психологтар мен полиция маманы бірлесе отырып, тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алудың практикалық алгоритмін ұсынып, қиын жағдайда қайда хабарласу керек? 150 (Сенім телефоны), 102 немесе Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы туралы мәліметтер таратылды. Сонымен қатар, жанжалды сотқа дейін немесе полициясыз-ақ, өзара келісіммен шешудің жолдары айтылды. Үй шаруасы мен бала тәрбиесіндегі міндеттерді тең бөлудің отбасылық ахуалға тигізетін оң әсері баяндалды. Бұл кеңестер тұрғындарға күнделікті өмірде кездесетін түйткілдерді агрессиясыз, заң және психология шеңберінде шешуге бағыт-бағдар берді.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. «Ясы» тұрғындары мұндай профилактикалық шаралардың өте қажет екенін, әсіресе жас отбасылар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Бұл өткен «Заң және тәртіп: Отбасындағы қауіпсіздік және өзара құрмет» атты шара — Әділетті Қазақстанның басты байлығы — адам мен оның отбасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Полиция майоры Айсулу Қайырбекованың заңдылықты ту еткен ұстанымы мен психологтар Гүлмира Исаева мен Нұрболған Әбудің жан саулығына бағытталған еңбегі ұштасып, «Ясы» тұрғындарына үлкен үміт сыйлады. Себебі, біз бірлесе отырып қана зорлық-зомбылықтан ада, сыйластық пен махаббатқа толы қоғам құра аламыз. Әрбір шаңырақтың берекесі — елдің берекесі. Түркістан төрінде басталған бұл игі істер әрбір үйге бақыт пен тыныштық әкелсін.

