Қоғамның тұрақтылығы мен әрбір азаматтың жайлылығы — мемлекеттің басты басымдығы. Алайда, қауіпсіз орта тек заңдардың жиынтығымен ғана емес, сол заңды қастерлейтін, құқықтық сауаты жоғары қоғаммен ғана құрылады. Осы мақсатта Түркістан қаласының «Шауғар» тұрғын алқабында өткен «Құқықбұзушылықтың алдын алу – қоғам қауіпсіздігінің кепілі» атты кездесу өңірдегі құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
Түркістан қаласының әрбір секторы мен тұрғын алқабының өзіндік даму ерекшелігі бар. «Шауғар» аумағында ұйымдастырылған бұл кездесу халық пен билік, халық пен маман арасындағы алтын көпірге айналды. Шараның негізгі мақсаты — құқықбұзушылықтың алдын алу ғана емес, азаматтардың бойында «заңға бағыну — азаматтық борыш» деген түсінікті қалыптастыру болғандықтан, кездесуге келген тұрғындар құқық пен психологияның тоғысқан тұсындағы маңызды ақпараттарға қанықты. Іс-шара барысында тек құрғақ заң баптары айтылып қана қоймай, әрбір азаматтың өмірлік жағдайына қатысты нақты кеңестер берілді. Бұл — мемлекеттің әрбір тұрғынның қауіпсіздігіне бей-жай қарамайтынының айқын айғағы. «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деген қағида бар. Дегенмен, заңды білу — адамды көптеген қателіктерден сақтандырады. «Шауғар» тұрғын алқабындағы кездесуде құқықбұзушылықтың салдары мен заң талаптары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Мамандар тұрғындарға көшедегі тәртіп, көршілермен қарым-қатынас және қоғамдық мүлікті қорғау — бұл әрбір адамның қауіпсіз ортада өмір сүруінің алғышарты мен кез келген кішігірім құқықбұзушылыққа (қоқыс тастау, бейәдеп сөйлеу, т.б.) бей-жай қарамау мәдениеті түсіндірілді. Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың айырмашылығы мен олардың адамның болашағына (жұмысқа орналасу, бедел, т.б.) тигізетін зардаптары баяндалды. Тұрғындар құқықтық сауаттылықтың тек заңгерлерге ғана емес, қарапайым халыққа да өз құқықтарын қорғау үшін қажет екенін терең ұғынды.
Кездесудің ең өзекті бөлігі — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі болды. Отбасы — мемлекеттің кішігірім моделі. Егер отбасында тыныштық пен қауіпсіздік болмаса, қоғамда да тұрақтылық болмайды. Кездесуде отбасындағы қауіпсіздік, әйел мен баланың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тек физикалық емес, сонымен қатар психологиялық, экономикалық және жыныстық түрлері болатынын ескертті. Көп жағдайда құрбандар өз құқықтарын білмегендіктен немесе «ел не дейді?» деген қорқынышпен үнсіз қалады. Кездесуде мұндай жағдайда қайда жүгіну керектігі, отбасын қолдау орталықтарының көмегі мен заң аясындағы қорғау шаралары туралы нақты нұсқаулықтар берілді.
Айта кетерлігі, құқықбұзушылықтың алдын алуда психологиялық факторлар шешуші рөл атқарады. Осы орайда, орталықтың білікті психологтары Гүлмира Исаева мен Әбу Нұрболған тұрғындармен мазмұнды сұхбат жүргізді. Психологтар кез келген құқықбұзушылықтың төркіні адамның ішкі агрессиясынан, күйзелісінен немесе тәрбиедегі олқылықтардан басталатынын атап өтті және «Шауғар» тұрғындарына психологиялық көмек алудың қолжетімділігін және оның маңыздылығын түсіндірді. Әрбір қойылған сауалға нақты, ғылыми әрі тәжірибелік негізде жауап берілді. Бұл — халықтың мамандарға деген сенімін арттырып, іштегі қорқыныш пен күдікті сейілтуге көмектесті. Тұрғындар өздерін мазалаған мәселелерді ортаға салып, көршілер арасындағы дау-дамайды шешу, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алу, әлеуметтік көмек алу жолдары жайында қойылған сұрақтардың ауқымы да кең болды. Сондықтан да мамандар мен психологтар әрбір сұраққа толыққанды жауап берді. Бұл жерде тек ақпарат беру ғана емес, адамның мәселесін шешуге деген ниет байқалды. Құқықтық және психологиялық кеңестер тұрғындардың күнделікті өмірінде кездесетін түйткілдерді заң аясында шешуге бағыт-бағдар берді. Халық мамандардың кәсібилігіне тәнті болып, мұндай кездесулердің жиі өткізілуін қалайтындықтарын білдірді.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласының «Шауғар» тұрғын алқабында өткен кездесу қоғам қауіпсіздігінің кепілі ретінде құқықтық және психологиялық алдын алу жұмыстарының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Психологтар Гүлмира Исаева мен Әбу Нұрболғанның және басқа да мамандардың қажырлы еңбегі тұрғындардың санасына сәуле шашып, дұрыс бағыт сілтеді.

