Денсаулық — адам баласына берілген ең қымбат қазына, қайталанбас сый. Ал оны сақтау мен нығайту — әрбір азаматтың өзінің және қоғам алдындағы қасиетті борышы. Түркістан қалалық отбасын қолдау орталығында «Салауатты өмір салты» тақырыбында ауқымды Ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл шара — халықтың денсаулық мәдениетін көтеруге, аурудың алдын алуға және психологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірегей бастама болды.
Отбасын қолдау орталығында өткен Ашық есік күніне қала тұрғындары, көп балалы аналар, қариялар мен жастар белсене қатысты. Шараның мақсаты — тұрғындарға нақты медициналық және психологиялық көмек көрсету, салауатты өмір салтын қалыптастырудың жолдарын түсіндіру болғандықтан, орталық ғимараты бұл күні нағыз сауықтыру кешеніне айналды. Мұнда келушілер үшін «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі қызметтер ұсынылды. Дәрігерлердің кәсіби кеңесі, психологтардың тренингтері мен ақпараттық-танымдық алаңдар халықтың сұранысын толық қанағаттандырды.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналық — медицинаның алтын қағидасы. Ашық есік күні аясында білікті дәрігерлер қауымы тұрғындарды қабылдап, тегін кеңестер берді. Қатысушылар терапевт, педиатр және басқа да мамандардың көмегіне жүгінді.
Мамандар күнделікті астағы дәрумендердің маңызын, қант пен тұзды шектеудің пайдасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Әсіресе, балалар мен қарттардың мәзіріне ерекше назар аудару керектігі айтылып, келушілердің қан қысымы өлшеніп, созылмалы аурулардың алдын алу бойынша нұсқаулықтар берілді. Сондай-ақ, дене шынықтырудың жүрек-қантамыр жүйесіне тигізетін оң әсері туралы дәрістер оқылды. Күніне кем дегенде 10 мың қадам басудың адам өмірін ұзартатындығы ғылыми деректермен дәлелденді.
Дәрігерлердің кеңесі тұрғындарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үлкен серпін берді. Көптеген қатысушылар бұрын ескермеген денсаулық белгілеріне назар аударып, алдын алу шараларын бастауға ниет білдірді. Өйткені, салауатты өмір салты тек физикалық күймен шектелмейді. Осы орайда, отбасын қолдау орталығының психологтары Ашық есік күнінде ерекше белсенділік танытумен қатар, тағы бір маңызды бөлігі — ақпараттық сүйемелдеу болды. Қатысушыларға салауатты өмір салтының негіздері жазылған буклеттер, жадынамалар мен журналдар таратылды. Инфографикалық тақталарда зиянды әдеттердің (темекі, ішімдік, есірткі) ағзаға тигізетін жойқын әсері туралы нақты мәліметтер көрсетілді. Сондай-ақ, психологтар әрбір келген азаматпен жеке сөйлесіп, олардың ішкі уайымдарын тыңдады және психологиялық жеңілдеу әдістерін көрсетті. Жан тыныштығы болған жерде ғана адам өзін сергек сезінетінін қатысушылар терең ұғынды. Тіпті, шараға қатысқан аналардың бірі өз әсерімен бөлісті: «Бүгінгі күн біз үшін өте пайдалы болды. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, денсаулығымызға уақыт бөле бермейміз. Мұнда келіп, дәрігерге де қаралдық, психологтан да ақыл-кеңес алдық. Ең бастысы — дұрыс өмір сүрудің қарапайым ережелерін үйрендік».
Ия, отбасын қолдау орталығы — тек әлеуметтік көмек беруші орган емес, ол — қоғамдық сананы қалыптастырушы орталық. Ашық есік күнін ұйымдастыру арқылы орталық ұжымы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде іске асырып отыр. Әрбір тұрғынның денсаулығы — мемлекеттің басты капиталы. Сондықтан да, орталық мамандары алдағы уақытта да осындай шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Себебі, денсаулықты сақтау — бір күндік науқан емес, үздіксіз процесс. Дүниежүзілік денсаулық күні аясында өткен бұл шара Түркістан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға қосылған қомақты үлес болды. «Салауатты өмір салты» ашық есік күні қатысушыларға серпін беріп, жаңа бастамаларға жол ашты. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті болып, биік белестерді бағындырары сөзсіз. Әрине, әрқайсымыз өз денсаулығымызға бүгіннен бастап қамқорлық жасауымыз керек. Оның ішінде дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу, спортпен шұғылдану және психологиялық саулықты сақтау — бақытты өмірдің формуласы. Түркістан төрінде басталған бұл игі істер әрбір шаңыраққа денсаулық пен береке әкеліп қана қоймай, салауатты өмір — сапалы өмірдің кепілі, ал сапалы өмір — Әділетті Қазақстанның болашағы екенін танытты.

