Адам баласы үшін дүниедегі ең қасиетті мекен – өз үйі, жылы ұясы. Қазақ халқы үшін «Отан отбасынан басталады» деген тәмсіл жай ғана сөз емес, бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік пәлсапа. Бүгінгі жаһандану дәуірінде отбасы институтын сақтап қалу, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты нығайту және ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастықты үзбеу – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Осы орайда, Түркістан қаласында психолог мамандардың қатысуымен өткен «Отбасыдағы түсіністік – бақыттың кілті» атты ауқымды тренинг қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы маңызды белес болды.
Шаһарда өткен бұл шарада тұрғындар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, кикілжіңдердің алдын алу және сауатты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру айқындалды. Тренинг барысында психологтар қатысушылармен бірге бақытты отбасының үш тағанын талқылады, яғни сенім, құрмет және дұрыс қарым-қатынас. Бұл құндылықтар біріккен жерде ғана шаңырақтың шайқалмайтыны, балалардың салауатты ортада өсетіні баса айтылды.
Кез келген құрылыстың беріктігі оның іргетасына байланысты болса, отбасының іргетасы – сенім. Психологтардың айтуынша, сенім жоғалған жерде күдік пен сезіктену басталады, бұл өз кезегінде ұрыс-керіске жол ашады. Тренингке қатысушы тұрғындарға сенімді қалай қалыптастыру және оны қалай сақтау керектігі туралы практикалық кеңестер берілді. Мысалы, сенімнің құрамдас бөліктері ерлі-зайыптылар арасында жасырын сырдың болмауы, берілген уәденің орындалуы, қиын сәтте бір-біріне сүйеу бола білу. Көптеген отбасылық мәселелердің төркіні – дұрыс сөйлесе алмауда жатыр. «Айтылмаған сөз – іштегі дерт» демекші, психологтар тұрғындарға «Тыңдай білу» және «Ести білу» техникаларын үйретті. Көбіне біз қарсы тарапты түсіну үшін емес, жауап беру үшін тыңдаймыз. Бұл – қарым-қатынастағы ең үлкен қателік.
Отбасы – бала үшін алғашқы әлеуметтік орта. Әке мен ананың өзара қарым-қатынасы – баланың болашақ өмірінің үлгісі. Тренингте бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі мен ананың мейірімі туралы терең толғамдар айтумен қатар, отбасылық дәстүрлерді (бірге ас ішу, кешкі серуен, кітап оқу) жаңғыртудың маңызын түсіндірді және ер адам мен әйел адамның отбасындағы рөлі, бір-бірінің еңбегін бағалаудың маңыздылығы сөз болды. Бұл дәстүрлер отбасы мүшелерін бір-біріне жақындатып, ортақ құндылықтарды қалыптастырады.
Тиісті әлеуметтік бөлімдерінің қолдауымен өткен бұл шара жүйелі жұмыстың бір бөлшегі болғандықтан, отбасын қолдау орталықтары тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаумен қатар, қиын жағдайға тап болған жандарға құқықтық және психологиялық көмек дер кезінде берілуде.
Сөз соңын сараптай келе, тренингке қатысқан жас отбасылар да, көп балалы аналар да, ата-аналар да өздеріне қажетті жауаптарды тапты. Мамандар әрбір қатысушының сұрағына жеке тоқталып, нақты жағдайлар бойынша кеңес берді. Себебі, кең ауқымда өткен психологиялық тренинг – қоғамның тамырына қан жүгірткендей әсер етті. Отбасыдағы түсіністік орнаған жерде қоғам да тұрақты, мемлекет те қуатты болады. Сенім мен құрметке негізделген, дұрыс қарым-қатынас орнаған шаңырақта өскен ұрпақ – еліміздің нағыз мақтанышы болмақ. Өйткені, бақыттың кілті – біздің қолымызда. Ол – кешірімді бола білуде, жақыныңды қолдауда және күнделікті «сені жақсы көремін», «саған сенемін» деген жылы сөздерде. Түркістан төрінде басталған бұл игі бастамалар әрбір үйге бақыт пен береке орнауына септігін тигізе берері сөзсіз. Әрбір түркістандық, әрбір қазақстандық отбасы бақытты болуға лайық. Сондай-ақ, сол бақытты сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз.

